Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 24 Қыркүйек, 2019

ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАСАҒАН ЖӨН

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған алғашқы Жолдауында республиканың өңірлерін дамытуды баса айтты. Шынында өңірлер қуатты болса еліміздің экономикасы мен әлеуметтік әл-ауқаты айтарлықтай артатыны анық. Мемлекет басшысы бұл үшін жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс екенін айтты. Билік халықпен біте қайнасып жұмыс істегенде ғана нәтижесі жақсы болатынын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығымен айналысушыларға барынша қолдау көрсетіп, олардың өнімдерін әлемдік нарыққа шығарғанда ғана табыстары молайып, жағдайлары жақсара түсетінін жеткізді.

Соңғы уақытта Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен басқа өңірлерде еңбек адамдары жұмыс берушілерге әлеуметтік әділеттілікке байланысты өздерінің талаптарын қоя бастады. Бірақ еңбек адамдарының барлығы бірдей еңбек жағдайына байланысты өздерінің құқықтары мен мұмкіндіктерін жеткілікті біле ме? Осындай сауал қойылса, көбінің тосылып қалатыны жасырын емес. Олар еңбек құқықтарын жете білгенде ғана еңбек даулары мен кикілжіңдері туындамайды. Сонымен бірге дамыған елдердің еңбек жағдайын жақсартуға байланысты тәжірибелерін де білген артық болмайды.

Кәсіподақтар федерациясының ынтымақтастықты нығайту бойынша қызметінің маңызды бағыттарының бірі - халықаралық әріптестік. Осы ұйымның өкілдері соңғы екі жылдың өзінде 50 халықаралық іс-шараға, соның ішінде еңбек саласы бойынша үш маңызды халықаралық шараға қатысты. Ол - Халықаралық Еңбек Ұйымының Женева қаласында өткен 107, 108 сессиялары және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Копенгагенде өткен төртінші дүниежүзілік конгресі.

Кәсіподақтар федерациясының алаңында халықаралық кәсіподақ ұйымдарымен 21 кездесу өткен. Түркияның (MEMUR-SEN), Армения мен Малайзияның кәсіподақтар конфедерациясыларымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған. Жапонияның JILAF халықаралық еңбек қорымен және Түркияның кәсіподақ орталықтарымен (MEMUR-SEN, HAK-IS) кәсіподақ көшбасшыларын оқыту және біліктіліктерін арттыру бойынша ұзақмерзімді сындарлы байланыс орнатылып отыр.

Осы орайда 2019 жылғы наурызда Алматы қаласында Халықаралық Еңбек Ұйымының жүз жылдығына арналып өткізілген «Кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы рөлі. Шығыс пен Батыстың диалогы» тақырыбындағы халықаралық конференцияны ерекше атап өтуге болады. Бұл конференцияға Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан),

сондай-ақ, Жапония, Әзірбайжан, Беларус, Малайзия, Моңғолия және Түркияның кәсіподақ өкілдері қатысты.

Қазақстан кәсіподақтары тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отырған Халықаралық Еңбек Ұйымына бір ғасыр толып отыр. Біздің ел 1993 жылдан бері осы Ұйымның мүшесі.

Халықаралық Еңбек Ұйымының конвенцияларын Қазақстанда ратификациялау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 189 конвенцияның 24-іне ратификация жасалды.

Халықаралық Еңбек Ұйымы 2019 жылы кем дегенде халықаралық еңбек нормативтері құжаттарының біреуін ратификация жасау жөнінде әлем мемлекеттерінің Үкіметтеріне үндеу жолдаған болатын.

Ал осы жылдың наурыз айында Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасының Үкіметіне Халықаралық еңбек ұйымының бес конвенциясын ратификациялау мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл конвенциялардан қарапайым еңбек адамдарының да хабардар болғаны жөн. Сонымен ол қандай конвенциялар?

Бірінші - «Әлеуметтік қамтамасыз етудің төменгі нормалары туралы» 102 конвенция». Бұл конвенцияда әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесімен қамтылуы тиіс күнделікті қауіптердің он түрі көрсетілген. Онда медициналық қамсыздандыру, сырқаттану, жұмыссыздық, кәрілік бойынша қамтамасыз ету, өндірісте жазатайым жағдайға душар болғанда және кәсіби ауру-сырқауға ұшырағанда отбасын қамтамасыз ету, бала туу себепті және мүгедектік бойынша, асыраушыдан айырылып қалған жағдайда қамсыздандыру қарастырылған. №102 конвенция қағидалар және белгілер жиынын негізге алатын өзекті халықаралық құжат. Ұлттық әлеуметтік қамтамасыз етудің кешенді жүйелері осы қағидалар мен белгілер негізінде қарастырылып, қызмет етуі және дамуы тиіс.

Екінші - «Дамыған елдерді ескере отырып төменгі еңбекақыны бекіту туралы» 131 конвенция». Бұл конвенцияда ең төменгі жалақы бір жағынан жұмысшылардың, сондай-ақ, олардың отбасыларының мүддесі, ал екінші жағынан экономикалық даму мүддесі ескеріле отырып, белгіленуі тиіс екендігі көрсетілген. Еңбеккерлердің негізгі өмірлік қажеттіліктерінің ең төменгі деңгейін анықтау мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ақуалына байланысты болады. «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы» 1966 жылғы халықаралық пакет әркімнің және оның отбасы үшін лайықты өмір сүру деңгейіне, яғни, жеткілікті тамақтану, киім және тұрғын үйге ие болу мен өмір сүру шарттарын үздіксіз жақсартуға құқығын бекітеді.

Үшінші - «Ұжымдық келіссөздер арқылы ықпал ету туралы» 154 конвенция». Конвенция талаптары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес келеді. Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік серіктестік тараптарына ұжымдық келіссөздер өткізу барысында Кодекс нормаларын пайдалануға мүмкіндік береді.

Кодексте «Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік туралы» тарау бар. Онда әлеуметтік әріптестік тараптарының өзара қарым-қатынас қағидалары, әлеуметтік әріптестік деңгейлері, оның түрлері мен тараптардың жауапкершілігі бойынша негізгі түсініктер мен іс-шаралар кешені анықталған. Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік тараптары жұмысшылар мен жұмыс берушілер атынан белгіленген тәртіпте өкілетті өкілдер болып табылады. Кодекс ұжымдық келіссөздерді өткізу тәртібін де қарастырады.

Төртінші - «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы» 175 конвенция». Бұл конвенция жұмыспен қамтудың қосымша мүмкіндіктерін қарастырады. Толық емес жұмыс уақыты кезінде еңбеккерлердің қорғанысын қамтамасыз ету қажеттілігін ескеру үшін қабылданған.

Толық емес жұмыс уақыты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 70-бабында бар. Осы бапқа сәйкес толық емес жұмыс уақыты жағдайында жұмысшылардың еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, еңбек өтілінің есептелуі және еңбек саласындағы басқа да құқықтары сақталады.

Жұмыс уақыты толық емес еңбеккер үшін ұжымдық келіссөз жүргізу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасы, жыл сайынғы ақылы демалыс немесе мереке күндерінде жұмыс істесе ақы төлеу және басқа да құқықтары қарастырылған.

Бесінші - «Ауыл шаруашылығындағы еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы туралы» 184 конвенция. Бұл конвенция ауыл шаруашылығында өндірістік жарақаттанудың, жұмыс жағдайында ауру-сырқау мен өлім-жітімнің алдын-алу мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасын тұрақты жетілдіруге жәрдемдесу үшін қарастырылған.

Халықаралық Еңбек Ұйымының осы конвенцияларын ратификациялау елімізде барлық деңгейдегі жұмысшылардың құқы мен кепілдіктерін қорғауды арттыруға, еңбек саласында халықаралық стандарттарға сәйкес еңбек және әлеуметтік заңдылықтарды жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Еңбек Ұйымы арасындағы тиімді ынтымақтастық біздің елдегі ұлттық заңнаманы еңбек саласындағы халықаралық нормаларға сай сәйкестендіреді.

Ғалым ОМАРХАН

1123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз