Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 16 Қазан, 2019

«ҚҰРМАНҒАЗЫ ОРКЕСТРІ – 85»: 999,9 СЫНАМА

Күздің кеші жазға бергісіз шуақты. Көпшіліктің санасында ұзаққа сақталары сөзсіз бұл кештің. Алатау баурайын күй кернеді, Алматы көгінде ән қанат қақты. Келгендер қуанышқа кенелді. Келмегендер бар қызықтан құр қалды. Бұл не өзі? Жарнама жазбаның бірі деп ойлап отырған шығарсыз?!. Өзіңіз біліңіз. Ал мен алған әсерімнен айыға алмай отырмын. Көрермен куә. Мұндай жылдарға жалғасқан дәстүр сабақтастығы, әлемдік классика мен төл өнеріміздің қабысуы, бойыңды шымырлатар шоу, жарық пен дыбыстың тандемі, талғам мен таланттың тоғысқан сәті – бәрі-бәрі шығармашылық ұжымның қолынан келді. Таңғалдық. Толғандық. Тамсандық.Тебірендік.

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі  85 жылдық мерейтойын атап өтті. Саф өнерді сағынғандардың бірі де қалмады Музыка тойында не керектің бәрі бар: аста-төк ән-күй, әсерлі би, ақжарма тілектер.

Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова, Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, еліміздің ерке қызы Мақпал Жүнісова, дәстүрлі ән өнерінің үздігі Айгүл Қосанова, еліміздің мақтанышы Алтынбек Қоразбаев,  күллі қазақтың сүйіктісі болған Сәкен Майғазиевтің өнеріне қалың көрермен тоқтаусыз қол соқты.

Академик Ахмет Жұбанов іргетасын қалаған қазақ өнерінің қарашаңырағы атанған оркестрдің тамыры М.Төлебаев, Л.Хамиди, Ш.Қажығалиев, т.б. таутұлғалардың  талабы мен талантының арқасында тереңге тартқаны жұртшылықтың жадында. Санаулы минуттардың тізбегінде тарих тудырған тұлғаларды тағы бір рет еске алдық. Ескірген кадр естелігі жаңғырды жұрт санасында.

«Шаттық отаны» шығармасымен басталған музыка тойы «ЖЕҢІС»-пен аяқталды. Динамика, драйв, интерактив. Оны тек көру керек. Әсіресе тәуелсіздік құрдасы, бас дирижер Абылай Тілепбергеннің шеберлігіне сөз жоқ! Ол гауһартас секілді әр қырынан жарқырай түсті: домбыра шертті, би биледі, көрерменмен қосыла ән шырқады. Үш жүздің басын қосқан дана Абылай бабамыздың есімін иеленген дара Абылай дарындылығын дәлелдеді тағы да.  Деп ойлаймын.

Екі сағат екі минуттай өте шықты. Шымылдық жабылды.

Көрермен қошеметі. Үздіксіз. Ешкімнің кеткісі жоқ.

Шын мәнінде, жан азығымен жүрек жалғаған рухани кеш өтті. Ұзақ уақытқа ұмытылмайды-ау! Қазақтың інжу-маржаны...

БИС! БИС! БИС!

P.S.:  Республика сарайының бірінші қабаты. Жұрт ізгі әсерден айыға алмай, дабырласып тарап жатыр. Шеткіректе көз жасына ерік берген бір аруды көзіміз шалды. Таныдық. Бас дирижер Абылайдың жұбайы Ақтоты екен. Ол да бізді көріп, жалма-жан көзін сүртіп, күлімсіреген сыңай танытты, аптығын басы алмай тұр, әлденеге алаңдаулы. Қуаныштың көз жасына баладық. Бағы бар азамат қой, Абылай! Тотыдайын тірегі тұрғанда,  Абылай алмас асу  қалмас. Тіл-көзім тасқа!

ТАУБАЛДИЕВ МЕЙРАМБЕК ЕРЛАНҰЛЫ

1079 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз