Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 18 Мамыр, 2022

Брюссельде Орталық Азия-Еуроодақ қауіпсіздік диалогының отырысы өтті

Брюссельде «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саясат және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейлі диалогының тоғызыншы отырысы өтті. Онда күрделі геосаяси сын-қатерлер жағдайындағы саяси диалогты одан әрі ілгерілету және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстан делегациясын бастап барған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сапар шеңберінде еуропалық ресми тұлғалармен және Еуропалық парламент мүшелерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Диалогтағы ЕО делегациясын Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Энрике Мора бастады, өзге Орталық Азия елдері сыртқы істер министрінің орынбасарлары деңгейінде қатысты.

Іс-шараның ауқымды күн тәртібі өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің ағымдағы және жаңа сын-тегеуріндеріне шолу жасауды, оның ішінде Еуразия құрлығындағы күрделі әскери-саяси ахуал мен Ауғанстандағы ағымдағы үрдістер тұрғысынан тараптардың қауіпсіздік және азық-түлік тұрақтылығы саласындағы ынтымақтастығын нығайту бағытындағы мәселелерді қамтыды.

 

Р. Василенко диалог қатысушыларына күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын таныстырып, Еуроодақпен ынтымақтастық аясында өңірдегі тұрақтылық пен орнықты дамуды нығайту бойынша нақты ұсыныстар жасады.

Экономикалық қатерлердің ушығуын ескере отырып, Ресейге жасалған батыс елдері санкцияларының Орталық Азия мемлекеттерінің экономикаларына теріс салдарын болдырмау жөніндегі үйлестірілген шараларды қабылдау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Р. Василенко отырыс барысында «Біздің елдеріміз 30 жылдан бері тәуелсіз және егемен даму жолмен жүріп келеді, Еуропалық одақ пен оның мүше-мемлекеттері біздің ұлттық дамуына күш-жігерімізді саяси және экономикалық тұрғыдан белсенді қолдайды және тұрақты әрі қауіпсіз Орталық Азияны қамтамасыз ету үшін өңірдегі ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдеседі» деп атап өтті.

Қазақстандық дипломаттың айтуынша, бүгінде өңірдегі және халықаралық аренадағы сын-қатерлер Орталық Азия мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты бұрынғыдан да өзекті ете түсті және тараптардың неғұрлым тығыз ынтымақтастығын талап етеді.

 

Осы тұрғыда отырысқа қатысушылар ағымдағы жылы ОА мен ЕО арасындағы жоғары және аса жоғары деңгейдегі байланыстардың жандануын талқылады.

Диалогтың тоғызыншы отырысы шеңберінде Орталық Азия мен ЕО арасындағы өзара байланыс (connectivity) мәселелерін сараптамалық талқылау өтті. Арнайы сессияда еуропалық тарап «Global Gateway» стратегиясы шеңберінде ОА-мен цифрлық, тұрақты және көліктік өзара байланыстылық туралы өзінің көзқарасын ұсынды.

Тараптар ауған халқын гуманитарлық қолдауға ұлттық үлестерін егжей-тегжейлі талқылап, ЕО-ның 2021-2027 жылдарға арналған көпжылдық индикативтік бағдарламасы шеңберінде екіжақты және өңірлік бағдарламаларды бірлесіп іске асыру бойынша ұсыныстар енгізді.

Ауғанстандағы жағдайға арналған арнайы сессия барысында Диалогқа қатысушылар ауған халқын қолдаудың түрлі шараларын, соның ішінде гуманитарлық, сауда-экономикалық және білім беру құралдарын қарастырды. Диалог қатысушыларының назарын ЕО қаржыландыратын және БҰҰ Даму бағдарламасы іске асыратын, Қазақстан бастамашылық еткен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы ауған қыз балаларына арналған бірегей білім беру бағдарламасын одан әрі іске асырудың маңыздылығына аударды.

ҚР делегациясының басшысы Қазақстан осы бағыттағы міндеттемелерін орындауды жалғастыратынын айтып, ЕО мен халықаралық серіктестерді ауған халқына халықаралық гуманитарлық қолдауды тиімді іске асыру үшін Қазақстанның логистикалық және сауда-экономикалық инфрақұрылымын белсенді пайдалануға шақырды.

 

Тараптар 2022 жылғы мамыр айының соңында Алматыда жоспарланып отырған Ауғанстан бойынша Орталық Азия елдері мен ЕО арнайы өкілдерінің алдағы кездесуінде Ауғанстан бойынша өңіраралық өзара іс-қимылды егжей-тегжейлі талқылауға келісті.

Сапар барысында Р. Василенко Э. Морамен, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакаламен, Еуропалық парламенттің Сыртқы істер комитеті төрағасының бірінші орынбасары Витольд Ващиковскиймен және Еуропалық парламенттің Адам құқықтары жөніндегі кіші комитеті төрағасының орынбасары Кристиан Загарцпен екіжақты кездесулер өткізді.

Қатысушылар Қазақстандағы терең саяси жаңғырту үдерісіне және 2022 жылғы 5 маусымда ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша референдумға ерекше назар аударды. Р.Василенко Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған кең ауқымды демократиялық өзгерістер елдегі және өңірлік дамуға оң мультипликативтік әсер ететінін атап өтті.

Еуропалық институттардың өкілдері жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, олардың саяси жүйенің бәсекелестігі мен тұрақтылығын арттыруға, азаматтық қоғамды дамытуға және Қазақстандағы құқық қорғау тетіктерін нығайтуға алып келетінін атап өтті.

 

165 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *