Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 16 Ақпан, 2024

Ерлан Әшім, кәсіпкер: Намыс деген құндылық бар

Тәуелсіз өз еліңде жүрсең де, кітап дүкенінде қазақ тіліндегі кітап сүмірейіп бір бұрышта тұрады

Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарында, студент кезімізде Алматыдағы Абай даңғылы мен Фурманов (қазіргі Н.Назарбаев) көшелерінің қиылысында, қазақша жаңа басылған кітаптар сатылатын жалғыз дүкен бар болатын. Сол жерден атақты ақын-жазушыларды да жиі көретінбіз. Қазір Алматыда түрліше кітап дүкендері баршылық. Аталған көшедегі Кеңес одағының көзіндей күні бүгін бар, бірақ «Абай атындағы кітап дүкені» деген маңдайшасына дейін орысша жазылған аталған дүкеннен бастап, барлығында, өкініштісі тек Ресей баспаларының өнімдері қаптап тұр. Қазақша кітаптарды әрең табасыз. 
Тағы да сол студент шағымызда, атақты Джек Лондонның әңгімелерін кітапханадан оқып қайыл қалған едік. «Мартин Иден» атты романы да бар екенін білетінбіз. Қолымызға түспей жүрген. Бірде Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінен аталған романды көзіміз шалды. Дереу сатып алдық. Әдетімізбен қай баспа шығарғанына үңілдік. «Қасым баспа үйі» деп тұр. Осы баспадан шыққан кітаптардың біразын сатып алғанбыз. Себебі баспа өнімі алдымен тауар деп қарайтынын, сапалы шығарылатынын байқағанбыз. Бастысы – бүгінгі оқырманға керек кітаптарды шығаратыны ұнаған. Шыны керек, қазіргі баспалар мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейді. Ал «Қасым баспа үйі» мемлекеттен тапсырыс алмай-ақ, қарағандылық Ерлан Әшім есімді кәсіпкер өз ақшасына шығарады» дегенді естігенде тіпті таңғалдық. Қаптаған Ресей баспаларының өнімдерімен бәсекелесе алу үшін де осындай жолдар іздеу керек шығар. Осы ойдың жетегінде өзгелерге үлгі қылу үшін Ерлан Әшім бауырымызбен тілдесудің реті келді.

 

– Ұлтқа, тілге жанашыр адам көрсек, қай өңірде туғанын, қазақ әлде орыс мектебінде оқығанын сұрайтын әдетіміз бар.
– Меніңше, қай өңірде туғаның, қандай мектепте оқығаның аса маңызды емес. Бізге ең керемет үлгі Алаш зиялылары деп ойлаймын. Олар әр өңірден, әр рудан дегендей. Оңтүстік, солтүстік, орталық, шығыс, Батыс Қазақстаннан. Көбі орысша, өзге де тілдерде оқыды. Сонда да ұлтқа қызмет етудің ғажайып үлгісін көрсетті.  
– Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз, қай салалар бойынша, қандай кәсіптермен айналысып келесіз? Кәсіпкер болуға түрткі болған немесе қолдау көрсеткен адамдар болды ма? 
– 1992–1993 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналыстым. Сол кезге дейінгі қалыптасқан кеңестік жүйе түгелдей қирай бастаған кез. Тірлік жасау керек болды. Зарлап, өмір қиындап кетті деп жылап-сықтап отыру табиғатымда жоқ. Бойында қайраты, ақылы бар адамға ол сылтау емес. Тәуекел деп тас жұтып, базарға шықтым. Не сатпадық. Сағыз, кеспе, байпақ, балбауырсақ дейсіз бе, неше түрлі тауар саудаладық. Содан сауда-саттықтың қыр-сырын үйрене келе, қалада дүкеннің бір бұрышын жалдадым. Нан, тоқаш пісірдік. 
Аса қолдау көрсеткен ешкім болған жоқ. Қолынан келетіндер кәсіпті енді бастаған кез. Ақылшым да, тіпті тұтынушыларым да өзімнің етжақын туыстарым болды, бірге жұмыс істедік, солардың еңбегін, қамқорлығын атап өткім келеді. Оларға деген ризашылығымды ылғи айтып жүремін.
– Қазақстанда кәсіпкерліктің қай саласы тиімді? Мемлекеттен қолдау көрдіңіз бе? 
– Қазақстанда кез келген салада кәсіп ашуға болады. Қазір бұл саладағы ақпарат ашық әрі жеткілікті. Кей адамдар айтып жатады, «дүкен ашқым келеді, менің таңдауым түскен көшені қарасам, отыз шақтысы бар екен» – деп. Ондай жағдайда менің берер кеңесім, егер шынымен дүкен ашқыңыз келіп тұрса, сол істі жүргізе аламын, қолымнан келеді, идеяларым бар, десеңіз онда сол жерге отыз бірінші қылып дүкеніңізді аша беріңіз. Бірақ ешқайсысына ұқсатпай, ерекше қылып, алдындағы отыздың тұтынушыларының тең жартысы сізге келетіндей жасаңыз. Оған әрине, тапқырлық та, білім де қажет. 
Мемлекеттен қолдау көрдіңіз бе, осы сауалды, жастар, жаңа бастап жүрген кәсіпкерлер жиі қояды. Қызық сұрақ. Кәсіпкер деген кім, кәсіпкер деген – тәуелсіз адам. Мемлекеттен, инвестордан қолдау дегенді іздеп жүретін адам емес. Ол біреулерге тәуелді болмауы керек. Ең бастысы – мемлекет оңтайлы заң қабылдаса, қыспақ жасамаса болды. Сол жеткілікті. Ал кәсіпкерлікке қыспақ жасау, тексеру деген дертке айналған үрдісті біздің мемлекет тоқтата алды. Әлі есімде, 1997–1999 жылдары бізге бөгет жасап келе жатқан кедергінің барлығын алып тастады. Ол кезде менің бес-алты жылдық тәжірибем бар. Мемлекет қолға алып еді, бір-екі жылда бәрі реттелді. Оған дейін не түрлі тексерулерді көрдік. Санитарлық-эпидемиологиялық станса, өрт қауіпсіздігі, қазіргі полиция ол кезде милиция, әкімдік бәрі тексеруге құмар еді. Содан бері заңсыз, қорқытып тексеру, қыспақ жасау дегенді көрген емеспін. Қазір кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары өте көп. Алды-артыңды бағамдап, ақылмен ондай жеңілдіктерді пайдаланам десең, әрине, өз еркің. Бірақ кәсіпкер адам ең бастысы рухы, ойы азат, тәуелсіз болуы керек. Сонда жетістікке жетуге негіз қаланады. Кәсіпкердің бойында тәуел­сіз сана үстем тұруы тиіс. Ал жалпы мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге арналған, пайызы төмен несиелер болады, әрине оларды біз де пайдаланамыз. Өсу-өркендеу үшін ол да қажет. Жалпы алғанда «мемлекет кәсіпкерлерге көмектесу керек» деп, ауыз ашып отыру дұрыс емес. Нағыз кәсіпкердің рухы басқа.
– Естуімше, мал өнімдерін өндірумен айналысасыз, нағыз қазақы кәсіп, қандай қиындықтар бар? Қалада да, далада да мал сойылғанын көрсек, терісін қоқысқа тастап жатады, бұл бағытта өзіңіз қандай шаруа істеп жатырсыз?
– Біздің жұмысымыз сәл басқашалау, ауылдардан, төрт-бес сиыры бар отбасыларынан, үлкен-үлкен фермалардан, күніне жетпіс, сексен тоннаға дейін сүт жинаймыз. Оны өңдеп, түрлі өнім шығарамыз. Йогурт, айран, кефир, қаймақ, яғни қазақша ағарған өндіреміз. Қазақ үшін ағарған киелі ас. 
Кәсіпке кіріскен адам, сүт түрлерін бе, кірпіш пе, не шығарса да, алдынан неше түрлі тауқымет күтіп тұруы мүмкін. Әжептәуір қиын жұмыс. Жиырма төрт сағат психологиялық шаршауға, шабуылдарға дайын болуың керек. Ол даңғыл жол емес. Кедергіден шығатын жол таба білу қажет. Ескі жобаң, бәсеке көбейіп кетіп жүрмей қалатындай болса, жаңа жобаға дайын болған жөн. Кәсіпкер деген кез келген қиындыққа төзіп, жол таба білетін, кезекті кедергілерді еңсере білетін адам. Оның жолы қым-қуыт. Себебі өмір солай, бірақ соның бәрін жеңгені үшін қаһарман деп қайыл қалуға да болмайды. Ол күнделікті жұмыс қана, бастысы сол жұмысты дұрыс ұйымдастырып, нәтижесін көруді көздейді.
– Енді кітап мәселесіне келсек, ауылшаруашылық саласымен айналысатын кәсіпкерді баспахана, баспа ашып, кітап шығаруға итермелеген қандай күш?
– Жаңа айттық, кәсіпкер деген қайратты, шешімтал, азат рухты, өзімен өзі болсам деген көзқарасы бар азамат. Қоғамда бұл салаға «ақша табу үшін, өзгелерден ерекшелену үшін» барады деген түсінік басым. Кәсіпкерлердің денінде сондай пиғыл. Бірақ барлығы ондай емес. Кейбір әжептәуір кәсіпкерлер ақша үшін емес, үдеріс (процесс) үшін жүреді. Өйткені бойын­да рух бар. Дәлірегі – жасампаздық, шығармашылық. Бойындағы сондай құндылықтар алға сүйрейді. Яғни тек ақша табуды мақсат қылмайтын кәсіпкерлер бар десем сенбеуіңіз де мүмкін. Атқарып жүрген ісі, оны өзінің ойлап тапқаны ұнайды. Аяғынан тұрғызып дамытқаны ұнайды. Ешқандай ертегі емес, осындай адамдар да болады. Бұл екінші тип кәсіпкерлер. Біріншісі, тек ақша, ақша деп қалғандар. Үшіншілері одан да биіктеу, «менің ісім қоғамға қандай пайда әкелуі мүмкін?» деп ойланатындар. Олар да баршылық. Әсіресе кәсіпкерліктің қиын-қыстау жолдарынан өтіп, әжептәуір жетістікке жеткен кәсіпкерлер осындай байламға келеді. Мені де кітап шығаруға сол ой жетелеп әкелді. Сонау тоқсан бесінші жылдары тиын санап жүрген кездерде де біраз әрекет жасағамыз. Мешітке, балалар үйіне көмектестік. Өмірдің негізгі мағынасы да – басқаларға, қолы қысқа адамдарға, қамқорлықты, қорғау­ды қажет ететін жетім-жесір, кембағал жандарға қолұшын созу шығар. 
Өз басым тек ақша тапсам деп жаныққан жоқпын, кәсіпкерлік қызықты көрінді, жұмыс ұнады. Дүкен ашсақ та, нан пісірсек те, сүт сатсақ та құштарлықпен жасадық. Отыздан асқанда сүт шығарудың жолдарын үйрендік. Екі мыңыншы жылдары өндіріс орнаттық. Сол үдеріс қызық көрінді. 
Жеке басыңа ғана емес, қоғамға пайда келтіру мәселесі аса маңызды деп ойлаймын. Ол мақсат жиырма бес, отыз жасымнан пайда болды. «Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын қазақ ұлт ретінде сапалық деңгейге көтерілу үшін не істеу керек?» – деген сауал төңірегінде толғандық. Жас күнінен бастап көп кітап оқыған адам ерекше болып көрінеді. Хакім Абайдың «боласың елден ерек» – дейтіні бар ғой. Сол сөздің астарын оқыған-тоқыған достарымызбен ойласа, келе, осы «Қасым» кітап жобасын аштық. Жобаның құрылтайшылар құрамында, редакция алқасында Арман Әлменбет, Болат Есқараұлы есімді азаматтар бар. 2019 жылдан кітаптардың алғашқы тобы оқырманға жол тартты. Осы күнге дейін жүзден астам кітап шығардық. 
Неге халқымыздың жасы, кәрісі, орта буыны өзіміздің көркем әдебиетті, әлем классикасын әдемі форматта өз тілінде оқымасқа? Джек Лондон, Лев Толстой, Антон Чехов, Онере де Бальзак бар, білесіз, көп. Туған әдебиетіміз өкілдері Абайдан, Шәкәрімнен бастап, дүкендердің төрінде неге жарқырап тұрмасқа? Намыс деген бір құндылық бар ғой алға жетелейтін. Тәуелсіз өз еліңде жүрсің, бірақ кітап дүкеніне барсаң, қазақ тіліндегі кітап сүмірейіп­­­ бір бұрышта тұрады. Дизайнынан, мұқабасынан көресің, мемлекеттік тапсырыспен жасалған, кездейсоқ бір фирмалар баса салған, бастысы – тілге, елге деген махаббатпен жасалмаған. Керек кітапты таңдау да жоқ. Осындай әрекеттер намысқа тиді. 
Жалпы қоғамдық ой кейде жұпыны келеді. «Билік өзгерсе, бүкілі өзгереді деген. Президент, Парламент жаңарса, жемқорлық жойылса, басқа адамдар келсе дұрыс болады» деген жаңсақ пікір. Ақиқатында халық өзі өзгермей, ештеңе өзгермейді. Бес жылда билік жүйесі маған десе бес рет жаңарсын, халық өзі ұмтылып жасампаз бола алмаса, еш нәтиже шықпайды.
– Осындай соны пікірді тіпті қоғамтанушылардан да ести алмай жатамыз.
– Демек, не істеу керек? Халықты өзгертетін бірден бір құдірет болса, ол – көркем әдебиет, яғни кітап деген тұжырымға келдік. Кәсібім – ағарғанды өндіру болса, кітаппен сананы ағарту да аса қажет деп көрдік. Жаңағы аталған достарыммен бірігіп, осы жобаны жасау­дамыз. Классикалық кітап ұлт сапасын өзгертеді деп сенеміз. Біз менеджмент, психология туралы қазіргі модада жүрген, «Жетістікке жет», «Өміріңді өзгерт» деген секілді кітаптарды баспаймыз. Біздіңше, ол кітаптар адамға ештеңе бермейді. Адам жас кезінен баяғыдан келе жатқан ілім-білімді бойына сіңіруі керек, сонда дұрыс бағытқа беттейді. Ұлт ретінде өзгереді. 
Ал біз шығарып жатқан кітаптардың әсері туралы айтсақ, қазір он сегіз, жиыр­ма бес жас аралығындағы жастар әйел психологиясы, жанұялық психология туралы кітаптарға құмартатыны бар. Мысалы, Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі әйелдің психологиясы емес пе? Жанұялық психология емес пе? «Махаббат, қызық мол жылдар» өте терең философиялық туынды емес, бірақ "қазақтың жігіті, қызы қандай болуы керек, араларында сезім пайда болғанда өздерін қалай ұстағаны жөн?" деген сұрақтарға жауап бере алады. «Менің атым Қожаны» білмейтін қазақ болмауы керек. Ең қызығы – болашақ кәсіпкерге көмектесетін бірден-бір кітап – «Менің атым Қожа». Кейіпкер Қожа кез келген адаммен тіл табыса алады. Жындыбас тентекпен де, мұғаліммен де, мектеп директорымен де, әкесімен құрдас адаммен де сөйлесе алады. Кітап оқитын бала. Соның барлығы болашақ кәсіпкерге үлгі.
 Ал өзімді өзгертемін деп ұмтылатын адамдарға Джек Лондонның «Мартин Иденін» ұсынар едік. Жиырма жастағы жігіт қалай еңбектенеді? Тренингке барып, салалық әдебиетті оқып қажет емес, Мартин Иденді өзіңе үлгі тұт. Тағы да осындай еңбекқорлық бойынша Стефан Цвейгтің біз шығарған «Бальзак» деген кітабы бар. Бальзак жиырмадан асқан кезінде алдына қандай ұлы мақсат қойғанын көресіз. «Мен адамдардың ой-санасын өзгерту жолында Наполеон боламын, ол мылтықпен жауласа, мен қаламмен дүниені жаулаймын» дейді. Сол мақсаттың жолында керемет еңбек еткен. Мінеки, үлгі деген осы.
– Кәсіпкер қажет болса әдебиеттанушы да, педагог та бола білуі керек дейсіз ғой. 
– Қазіргі кәсіпкерге қажет ең басты қасиет, Батыстың, Американың осы саладағы ғұламаларының пайымдауынша «адаммен қарым-қатынас, қоластындағыларға, тұтынушыларға қамқорлық» дейді. Адамды аяу, жақсы көру секілді қасиеттерді бойымызда қалай дамытамыз? Ол үшін «Сүйекші», «Дермене» (Дулат Исабеков) секілді туындыларды оқыған абзал. Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қарашы» адамның өзгеруі туралы «Мартин Иденнен» кем емес ақпарат береді. Яғни менің айтайын дегенім, адамды жақсы жағына өзгертетін тек көркем әдебиет. Санамызға, ойымызға орасан әсерін тигізеді. Жастарды өмірге дайындайды. 
Ал біздің бұл бағыттағы ең үлкен мақсатымыз: таңдап-талғап екі жүз елу кітап шығармақпыз. Он жас пен жиырманың арасындағы әр қазақ баласы жылына жиырма бес кітап, он жылдың ішінде екі жүз елу кітап оқыса деп армандаймыз. Сонда жиырмадағы азамат әлем ақыл-ойынан сусындаған, биік деңгейге көтеріледі. Бірнеше буын солай қалыптасып, қалғаны сол үрдісті жалғастырса, сапалы ұлт туралы әңгіме айтуға болады. Қазір білекпен емес, біліммен, ақылмен ғана алға оза аламыз. Әлем түгел бәсекелестікте өмір сүруде, сол бәсекеде біз шаң қауып қалмауымыз аса маңызды.
– Басқаға жасамасақ та кітапқа жарнама артықтық етпейді, өйткені оны да ұлт мәселесі деп қарауға негіз бар. Қай қалаларда, қандай кітап дүкендеріңіз бар? 
– Алты қалада: Қарағандыда, Астанада, Алматыда, Шымкентте, Таразда, Түркістанда  дүкендеріміз бар. Барлығы «Оқырман» деп аталады. Тек өзіміз шығарған, қазақша кітаптар сатылады. Ол дүкендерге кітапты қызықтайтын оқырмандар жиналып, талқылау өткізуге болады. Шай, кофе беріледі. Тіл оқыту курстары бар, қазақ тілін де оқытатын курс аша бастадық. Болашақта білім беру бойынша жоспарларымыз көп. Әзірге алты-жеті, келешекте бұйырт­са Қазақстан көлемінде қырық-елу дүкенге жеткізбекпіз. 
– Неге «Қасым баспа үйі»? Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, өзінен кейінгі поэзияға керемет әсер еткен Қасым Аманжолов, өзге де тұлғалар Орталық Қазақстанда туғанын білеміз, баспа Аманжоловтың құрметіне аталды ма?
– Иә, осы сұрақ ылғи қойылады. Менің ауылым да Қасым Аманжолов туған ауылдан алпыс-жетпіс шақырым жерде. Нығымет Нұрмақов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков секілді тұлғалар сол өңірден. Бәлкім жер, ауа бізге де әсер еткен шығар. Біздің жасымыздағы жігіт ағасы жасына жеткен азаматтар Алашордашылардың жасаған ісінің бір пайызын жасасақ, өзімізге риза болар едік, халық та бізден соны күтеді. Ол үдеден шыға алсақ. Қазақ тарихында  Қасым есімді мықтылар көп. Қасым хан, Қасым Қайсенов, Қасым Аманжолов. Әр қазақтың өз Қасымы бар, кім қайсы Қасымды елестетеді, сол Қасым деп көрсін, сондықтан «Қасым баспа үйі» атадық. 
– Кітап, ұлт туралы мұндай тұщымды ойларды тәрбиесі, тегі жақсы адам айтады. Еркімізден тыс шығармашылықпен айналысасыз ба, деп сұрауға тура келеді.
– Ән айтып, домбыра тартпаймын. Арасында отбасында қалжың үшін өлең шығаратыным бар. Кітап жазайын­­­ деген ой жоқ. Қолға алсам жаза алатын секілдімін. Бірақ әркім өзінің қолынан келетін шаруасын істеуі керек деп ойлаймын. Меніңше, кәсіпкерлік деген шығармашылық. Кәсіп істегенің сурет салғаныңмен, өлең жазғаныңмен бірдей. Оны тек ақша табу мен баюдың жолы деп қарамаған абзал. Ойыңдағы армандаған нәрселеріңді жасайсың. Кішкентай ма, орташа ма, үлкен бе, маңызды емес. 
Менің кәсібім қоғамға, ұлтыма қандай пайда тигізеді, деп ойланған адамды жақсы көремін. Солай ойлаған кәсіпкерлер Американың, Жапонияның, Германияның, Англияның тарихында жүз, жүз елу жыл бұрын көп болған, солардың арқасында елдері қазір де мықты. Оңтүстік Кореяда елуінші, Сингапурда алпысыншы жылдары сондай отаншыл рухты кәсіпкерлер пайда болған. Солар аталған елдерді гүлдендірді. Ондай кәсіпкерлер шығуы үшін бала кезінен бастап кітаптан жақсы нәрселерді алып, қиялдап, армандап, бойында керемет құндылықтар қалыптасуы шарт. Театр­ға барып, өнерді сүйгені абзал. Тарихшы, жазушы адамдармен сөйлесуге құмартуы қажет. Ол біздің дәстүрімізде бар, қазақ ауылдарында жұрт жыршы-жыраулардың, абыз ақсақалдардың аузына қараған. Қазір де сол ұғым ескірген жоқ. Ақын-жазушыларға, ғалымдарға, жалпы зиялы қауымға көпшілік құлақ қояды, тыңдайды. Әдебиетті, өнерді сүйетін жастан мықты кәсіпкер шығады. Мықты кәсіпкер деген ол ең қымбат көлікке міну емес. Өйтіп мақтанатындар ақша жасаушылар ғана.
– Мыңнан аса адамға жұмыс беріп отырған кәсіпкерсіз. Кәсібіңіз дами түсетініне сенеміз. Ілкіде айтылған сұрыпталып басылатын екі жүз елу түрлі кітапты мектептерге тегін таратпақсыздар ма?  
– Көптеген мектептерге тегін кітаптар сыйладық. Мақсатымыз – балалар кітаппен достасса дейміз. Ең бастысы, бұл бағытта пайда табу үшін еңбектеніп жатқан жоқпыз. Бестселлер деп шығарған, шығаратын кітаптарымызды қомпитпаймыз. Адамның ақыл-ойын, бойын тәрбиелейтін, қиялын дамытатын, мақсаткерлікке үйрететін кітаптар шығарамыз. Төрт-бес жігіт қандай кітаптар шығару мәселесін үнемі талқылап жүрміз. Болашақта жапон, түрік жазушыларынан кімдерді жария­лауды таңдаудамыз, асықпай, сапалы жұмыс жасамақпыз. Мемлекеттен еш көмек сұрамаймыз. 
– Елімізде аса ауқаттылар халықтың бір пайызына да жетпейді дегенімізбен, кәсіпкер біткен сіз секілді ойласа, менің кәсібім халқыма не береді, деп тебіренсе, сіз өзіңіз айтқандай сапалы ұлтқа айналар едік. Тағы да өзіңіз айтқандай, жоғарыдан көмек күтіп отырмай, әркім өзінше талпынса, жас шағынан жетелі әдебиетпен ауызданса, жасампаз ұлттардың санатынан көрінер едік. Сонда алпауыт көршіміз Қытайдай болмасақ та, Сингапурмен Оңтүстік Кореямен бәсекеге жарап қалар ма едік, деп армандаймыз, ұлт үшінгі керемет бастамаларыңызға табыс тілейміз.

Әңгімелескен 
Дағжан Белдеубай

4235 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз