- Біздің сұхбат
- 25 Ақпан, 2024
Христо КЮЧУКОВ, педагогика ғылымының докторы, профессор, лингвист: Балабақша тілі – ертеңіміздің үні
Христо Кючуков – педагогика ғылымының докторы, профессор, лингвист. Балалардың қостілділігі, мәдениетаралық білім беру, әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік педагогика саласындағы маман. Силезия университетінің жалпы тіл білімі (сыған және түрік тілдеріне баса назар аударатын психолингвистика) және мәдениетаралық білім беру профессоры. Силезия университеті жанындағы сығандарды зерттеу орталығының директоры (Катовице, Польша). Роман ғалымдарының Еуропалық желісінің президенті (ERSN, Берлин, Германия). Халықаралық Сығандар одағының сыған тілі, мәдениеті және білімі жөніндегі комиссиясының Жоғарғы комиссары (IRU, Скопье, Солтүстік Македония). Қазіргі ғылыми-зерттеу жұмысы орыс-неміс, түрік-неміс және қазақ-орыс қостілділігін зерттеуге бағытталған.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Психолингвистика» секциясының кеңесшісі. Христо Кючуковтың өзінен зерттеу жұмыстары туралы сұрап білдік.
– Ең алдымен, қазіргі зерттеу жұмысыңыздың мақсат-міндеттері туралы айтып өтсеңіз?
– Еуропадағы, жалпы әлемдегі балалардың сөйлеу тілін дамыту мәселелерімен айналысамын. Бір жыл бұрын Өзбекстанда, Башқұртстанда, Татарстанда зерттеу жүргіздім. Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік, сызу, оқу жұмысын жүргізу ісі – тіл дамытудағы басты негіз. Қазақстанда жүргізген зерттеу – 3-6 жас аралығындағы балалармен жүргізілген алғашқы психолингвистикалық зерттеу болды. Психолингвистикалық зерттеулердің озық әдістерін қолдандық. Зерттеу жұмысымның басты мақсаты – ана тілінде сөйлеген қазақ балаларының санасы мен тілінің арасындағы байланысты байқау. Осы зерттеудің нәтижелерін, талдауын Еуропа мен Америка төңірегінде шығатын халықаралық басылымдарда, газет-журналдарда жариялағымыз келеді. Қазақстандағы қазақ тілінің балалар арасында даму өрісін анықтағымыз келді. Қазақ балаларының ана тілін қалай дамытатыны туралы бірде-бір шетелдік мәлімет жоқ.
– Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту мәселесі жоспарда деп естіп қаламыз...
– Оксфорд университетінде қазақ тілінің оқытылуы – дүниежүзінің қазақ тіліне, Қазақстанға деген қызығуының бір көрінісі. Бұл Қазақстан дамуындағы, қазақ тілін, қазақ мәдениетін әлемге танытудағы өте маңызды қадам. Әлеуметтік лингвистика және психолингвистика тұрғысынан да маңызды ғылыми жаңалық деп есептеймін. Өйткені, соңғы 30–35 жылда қазақ тілінің даму өрісі туралы ақпарат дүниежүзілік деңгейде көп айтылған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Оксфорд университетінде қазақ тілінің оқытылуы қолға алынса, ол өте маңызды қадам болары анық.
– Зерттеуіңіздің нәтижесі қандай болады деп ойлайсыз?
– 3-4, 4-5 және 5-6 жастағы балалар арасында зерттеу жүргіздік. Бірінші және екінші топтағы балалар тестілеуді жақсы орындамады, бірақ 5-6 жас аралығындағы балалар барлық тест бойынша сұрақтарға «өте жақсы» деген бағаға жауап берді. Суреттері бар үш сынақ және қазақша баяндалған суреттер сериясы бар тағы екі сынақ парақшасы болды. Бұл зерттеулер, өздеріңіз байқағандай, балабақшада қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесінің қажетін көрсетеді. 3-4 және 4-5 жастағы балалардың қазақ тілін жақсы меңгеруі үшін оқыту жүйесіне өзгерту енгізу керек. Зерттеуді әрі қарай жалғастырамыз. Ендігіде зерттеуге 50 мың немесе 100 мың адам тұратын ауыл, шағын қаладағы балалар мен ірі мегаполистағы (Алматы, Астана, Қарағанды т.б) қала балаларының өзінен қазақ тілінің деңгейін анықтағымыз келеді.
– Білуімізше, 8 тілді жетік меңгергенсіз. Көп тілді меңгеру арқылы олардың қандай да бір өзара ұқсастықтарын байқай алдыңыз ба?
– Иә, әрине. Барлық тілдің түбірі бір деп айтуға толық негіз бар. Мәселен, үнді-еуропалық тілдер тармағы Еуразиядағы ең үлкен тіл отбасыларының бірі саналады. Сондықтан да болар, үнді-еуропалық тілдердің барлығы бір-біріне өте ұқсас. Әрине, славян тілдерінде де ортақ дүние көп. Түркі тілдерінің де сол сияқты ортақ тұстары жетерлік.
Адамдар әртүрлі тілде сөйлегенімен бізді біріктіретін бір дүние бар, ол – махаббат тілі. Ым-ишара арқылы адамдар бір-бірін түсіне беретіні сияқты, тілдердің өзара байланысы бар. Айырмашылықтары лексика мен семантика негіздеріне байланысты.
– Ана тілдің орнын өзге тіл баса алмайтыны анық қой?
– Баланың дүниетанымына ана тілінің маңызы өте зор. Адамның шыққан тегі, өскен ортасы, тілі, ділі міндетті түрде оның өлеріне дейін жадынан шықпайды. Көлеңке сияқты артынан қалмайды. Бала өмірлік жолда өзін табуы үшін де оған ана тілін бесікте жатқанынан-ақ сіңірудің маңызы терең. «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деп Қадыр Мырза Әли айтқандай, бала жеке тұлға болып қалыптасуы үшін алдымен ана тілін, отбасы тілін, қазақ тілін жетік білуі керек. Ана тілі адамның және оның ішінде баланың танымдық дамуына негіз береді, өйткені бала дүниені ана тілі негізінде қабылдайды. Баланың шыр етіп дүние есігін ашқанда көргені, естігені, иіскегені, сезінгені ана тілі арқылы жүзеге асады. Ана тілінің баланың тұлға болып қалыптасу жолында маңызы өте зор, әрине.
– Жоғарыда айтқанымыздай, сізді ғалым ғана емес, полиглот ретінде де білеміз. Әртүрлі тілдерді үйрену үшін қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Отбасым бала кезімнен түрік, сыған, болгар тілдерінде сөйлейтін. Сегіз жасымда Болгариядағы орыс мектебіне бардым. Сол жерде университет бітірдім, содан кейін әлем университеттеріне назарымды аудара бастадым. 3 айдан 6 айға дейінгі уақытта бір жаңа тілді үйрену қиын емес. Себебі, бала кезімнен 3 тілді бірдей жетік меңгеріп өстім.
Сіз қандай да бір тілді үйренсеңіз, бірақ сол тілде сөйлейтін адамдармен байланыс орнатпасаңыз, жаттықпасаңыз, әдетте ол тіл ұмытылып, бірте-бірте жадыңыздан өше бастайды.
Тіл үйренудегі басты қағида – тәжірибе. Тәжірибе – сөйлеу, жазу, оқу, сол тілдегі ақпараттарды тұтыну. Әр адам жаңа тілді үйренудің және дамудың өзіндік әдісін таба алады.
– Технологиясы қарыштап дамыған заманда ғылым адамы қандай болуы керек?
– Ғалымдар, ең алдымен, әдепті, білімді, тәрбиелі, сыпайы болғаны жөн. Көп ғалым өзін тек ғылыми жаңалық шығарушымын деп ойлап, гуманизмді шетке ысырып тастауы мүмкін. Бұл – барып тұрған сорақылық.
– Ғалым ретінде қалыптасуыңызға кім әсер етті?
– Ұстаз – қадірлі есім. Болгарияда, 28-29 жасымда ғажап ұстазға жолықтым. Ғылым жолына жетелеуші ұстазым ол кезде 72 жаста еді. Маған алғаш рет диссертация жазу қолымнан келетінін айтып, сенім ұялатқан жанның бірі де осы ұстазым еді. Ұстазыммен достығымыз шамамен 6 жылға жалғасты. Қазір сол марқұм ұстазымның шәкірті болған, 85 жастағы профессормен араласып, тәжірибе алмасып тұрамын. Сондықтан бұл екі тұлға – маған ғылым жолындағы шырақ іспетті.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Бағдат Сұлтанқызы
4703 рет
көрсетілді0
пікір