Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 13 Ақпан, 2024

Алматыдағы тегін мұз айдындары

Алматыда соңғы уақыттары күн жылынып кетті. Кеше жауған қар  желтоқсан айында ашылған тегін мұз айындарын қайта жандандырды, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

Біз қаладағы М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры, Орталық стадион, Республика Сарайы және Абай атындағы ҚазҰОБТ алдындағы мұз айдындарын қарап шықтық. Қазір Алматыда  қала тұрғындары мен қонақтарына арналған он екі мұз айдыны жұмыс істейді екен.


Күн райының жылынуына байланысты мұз айдындары мұздың дайын болғанына қарай ашылады. Біз бірінші барған М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры алдындағы мұз айдынында тұрғындар коньки теуіп жүрді. Бізді мұзға жауап беруші маман Қазыбек Артықов қарсы алды. Оның айтуынша, соңғы уақыттары күн жылынып кеткендіктен мұз айындары ішінара жабылып қалыпты. «Ал бүгін қайта қызып жатыр» деді ол. Әңгіме арасында ол мұнда студенттер мен оқушылар жиі келетін екенін айтты.

Негізінен мұз айдында адамдар жұмыс күндері түстен кейін, ал демалыс күндері таңннан бастап келеді екен.

Мұз айдындарына кіру тегін. Конькиді сол жерден жалға алуға болады. Жалға алу құны – 1000 (2 сағат) теңге. Өзіңіздің конькиіңізбен сырғанау толықтай тегін. Жалға беру пункттері жұмыс күндері 10:00-ден 22:00-ге дейін және демалыс күндері 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұз айдындары тәулік бойы ашық.

«Мұзға аяқ киіммен шығуға болмайды. Өйткені аяқ киімде тұз жиналады, ол мұзды ерітіп жібереді. Конькидің бауын қатты байлау керек. Бізде жаттықтырушылар да бар, жарты сағаты 2500 теңге. Сеанс 2 сағатқа созылады, соңында барлығын шығарып жіберіп жарты сағат тазалық жұмыстарын жүргіземіз», - дейді мұз айдынының әкімшілік қызметкері Дінмұхаммед Салимов.

Жолай Орталық стадиондағы мұз айдынына соқтық. Мұнда сырғанап жүрген қала тұрғыны Аида Айдарқызын әңгімеге тартқан едік.

«Тұрғындардың қызығушылығы өте жоғары. Коньки тебу балалардың денсаулығына өте пайдалы. Қыстың өз қызығы бар. Қалалықтардың алысқа шығуға, сырғанаққа баруға уақыттары болмайды. Мұнда қала ішінде, орталықта тегін алаң ұйымдастырылған. Бұл өте ыңғайлы. Балаларымызбен бірге келеміз. Апта сайын алып келемін. Сенбі-жексенбі міндетті түрде осы жерден табыламыз. Мұнда 3 жасар баладан 70-тен асқан ата-әжені де көрдім. Қызығып сұрап едім, 20-30 жылдан бері коньки теуіп келе жатқан кісілер екен»,  - деп өз әсерімен бөлісті Аида Айдарқызы.

Орталық стадиондағы мұз айдынанан шетелдіктерді де кезіктірдік. Үндістанның Хайдарабад қаласынан келген Шриниваса Палури қазір Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Медицина және денсаулық сақтау факультетінде оқитынын айтты.  Шриниваса бүгін бірінші рет мұз айдынына келіпті. Мұндағы нұсқаушылардан бастап, тұрғындар да оған барынша мұзда жүруді үйретіп жүр. Үндістандық студент Алматыдағы осындай тегін мұз айындарына достарының да келіп тұратынын атап өтті.

Ал Республика сарайы алдындағы мұз айдыны уақытша жабық тұр. Бұл жердегі мұз айдынында тұрған Жаңа жылдық шыршаның жиналуына байланысты, техникалық жұмыстар жүріп жатыр. Сондықтан, 3-4 күнге мұз айдынында коньки тебу уақытша тоқталыпты. Мұны алаң тазалығын сақтап жүрген қызметкерлер растады.

Абай атындағы ҚазҰОБТ алдындағы мұз айдынына да барып көрдік. Мұнда жалғыз азамат коньки теуіп жүргенін көрдік. Ол осы жердің қызметкері екен. Оның айтуынша, жұмыс күндері көп адам келе бермейді екен. Дегенмен мұндағы атмосфера өзгеше әдемі. Театр мен Алматы қонақ үйінің шырақтары кешкілік әдемі көңіл-күй сыйлап тұрды. Ал Панфилов көшесінің бойымен Астана алаңына  дейінгі аралықта Жаңа жылдық рең әлі де байқалады. Тек Арбаттан бастап шыршалар жиналып жатыр. Мүмкін Алматы үшін биыл қаладағы ең ұзақ Жаңа жылдық шырша тұрған қыс мезгілі болған шығар?!

Коньки тебуге арналған тегін мұз айдындары:

Республика Сарайының алдында

28 панфиловшылар саябағы

Тұңғыш Президент саябағы

Орталық стадион

М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры

«Гүлдер» саябағы

№6 Оқушылар үйі

Шухов көшесіндегі саябақ

«Авиатор» стадионы

Наурызбай ауданы әкімдігінің аумағы

Абай атындағы ҚазҰОБТ

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Суреттерді түсірген автор 

 

4571 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз