Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 03 Наурыз, 2024

Нұрлан Сәрсенбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф: Талғардың қазақша мағынасы – Биік тау

Заман да, адам да қайта  жаңғырып жатқанда Талғардың  ежелгі тарихына тағы бір барлау жасап қойсақ артық болмас. Себебі тарихы тереңнен сыр шертетін  Талғар қаласына   қатысты қолымызға түскен кез келген анықтамалықты ашып қарасақ, Талғар қаласының бұрынғы аты Талхир (Талхиз) болғандығы және XIII  ғасырлық тарихы бар қала екендігі айтылады. Расында да солай ма? Өйткені,  VIII-IX ғасырлардың жазба деректерінде Талхир деген атпен белгілі бүгінгі Талғар қаласының маңайына жасалған археологиялық зерттеулер шаһардың өте көне мекен екенін дəлелдеп отыр.  Міне, осы сауалдардың анық-қанығын білу үшін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф Нұрлан Сәрсенбаев мырзаны әңгімеге тартқан едік.
–  Сіз  тарихи Отанға оралғаннан бері тарих-шежіре, тіл, салт-дәстүр, мәдениет туралы қыруар сүбелі зерттеу мақалаларын жариялап жүрсіз. Ал Талғар туралы да  бірден осы өңірдің өткеніне бас сұғып, тарихын зерттеп, қағаз бетіне түсіріп жатқан жайыңыз бар.  Жалпы, Талғар деген атау қалай қойылыпты, соны түсіндіріп берсеңіз?
– Ата-бабаларымыз «Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» деген сөзді бекер айтпаса керек. Аумалы-төкпелі заман кесірінен көп тарихымыздан көз жазып қалдық. Біз өткен тарихымызды толықтап қайта жазу үшін ескіден жеткен, сарғайып кеткен қолжазбалардан, хандық ордада сақталған жылнамалардан, тарихшылар мен ақын-жазушылардың шығармаларынан, ауызша айтылған аңыз-шежірелерден көптеген құнды деректерді кездестіреміз.
Тарихи деректерге негізделгенде, Ұлы Жібек Жолының бойына орналасқан Қазақстан жерінде ертеде көптеген әйгілі қала-қалашықтар болған. Мысалы, Тараз, Құлан, Аспара, Алматы, Талхир, Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық т.б. қалаларды атауға болады. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі қалалардың бірі – Талхир қаласы тоғыз жолдың торабына орналасқан, ортағасырлық ірі қала, кейде «Рүстем» қорғаны деп те аталған екен.
Жер жаннаты Жетісу өлкесінің Алатау бөктеріндегі Талғар ауданының тарихы тым алыста жатыр. Авторы белгісіз, парсы тілінде 982-983 жылдары жазылған «Худуд әл-Әлем» («Әлем шекаралары») атты кітапта түркілер мекен еткен Тонг және Талхир (Талғар) қалаларының аттары жазбаға түскен. Аталған шығармада бұл елді мекендер жікілер мен қарлұқтардың шекарасында болып, Ыстықкөлге жақын маңда орналасқаны айтылған. Бұл шығармада Орта Азия мен Қазақстан жайлы құнды деректер кездеседі. Көрнекті шығыстанушы, академик В.В.Бартольд: «Бұл шығарманың маңыздылығы сол, бізге жеткен араб тіліндегі географиялық шығармаларға қарағанда, мұнда түркілер қармағындағы жерлер туралы және жалпы Орта Азиядағы мұсылман емес елдер жайлы анағұрлым толық әрі егжей-тегжейлі анықталған» (К.Байпаков, «Қазақстанның ежелгі қалалары», Алматы, «Аруна Ltd.», 2005 жыл, 55-бет), – деп жазады.
Талғар Қазақстандағы тарихы ұзақ ежелгі қалалардың бірі. Талғар атауы туралы ғалымдар мен зерттеушілер әртүрлі көзқарастарын айтып келеді. 
Бірінші дерек, «Талхиз, Чжи – Муэрр – Жетісу өлкесіндегі ежелгі қала. Жазба деректерде X ғасырдан бастап «Талхиз» деген атпен белгілі. XIII ғасыр орта шенінде Іле ойпатында болған шетел саяхатшыларының жазбаларында биік шыңды таудың етегіндегі сұлу қала – «Чжимуэрр» деп жазылған. В.Рубруктің «Шығыс елдеріне саяхат» кітабында да осылай келтірілген» («Жетісу энциклопедиясы», «Арыс» баспасы, Алматы, 2004 жыл, 556-бет).
Екінші дерек, «Талхиз» деген атауды зерттеген ғалымдар бұл атау көне түркінің «донгар» сөзінен алынғанын, мағынасы «Жоғары мұзды тау» деген ұғымды білдіретіндігін анықтады» (Салтанат Жасбатырқызы, «Талхиз... Сосын Талғар», «Ана тілі» газеті, 3 мамыр, 2012 жыл).
Үшінші дерек, «Назарымызды Талхир (Талхиз) атауы бірден өзіне тартар еді. Бәрінен бұрын оның дыбыстық құрамы бізге жақсы таныс. Талғар сөзімен үндес, ұқсас. Талхир (Талхиз). Бұл атау қаншама ғасырды басып өтіп, бізге жетіп отыр. Сол сияқты Талғар (топонимі) да – өте көне сөз. Екі түбірден құралған бұл атаудың «ғар» («гор») бөлігі үнді-еуропа тілдеріне жатады. Және «тау» деген ұғымды білдіреді» (К.Байпақов, «Қазақстанның ежелгі қалалары», Алматы, «Аруна Ltd.», 2005 жыл, 
56-бет).
Төртінші дерек, «Археологиялық зерттеу нәтижесінде IX – XIII ғасыр аралығында Талғар өзенінің сол жағында «Байбұлақ» ауылы маңында «Талхиз» қаласына серіктес «Тонг» қаласының орны табылып отыр. «Тонг» қаласы «Талхиз» қаласына тығыз байланысты болған, ара қашықтығы  бір жарым, екі шақырымға жетпейтін жерлерде орналасқан. Жалпы «Талхиз» және «Тонг» деген атаулар Махмұд Қашқаридің сөздігінде «Аттың ертоқымы» деген мағынада келтіреді. Сонда осы екі қала екі таудың аралығына орналасқандықтан «Тау аралық ойпаттағы қала» деген мағына береді» (Маржан Пірімбетова, Әуелбай Сәтбайұлы, «Талғар тарихы – ұрпаққа мұра», Талғар, 1998 жыл, 22-бет).
Біз жоғарыда дәлел ретінде келтірген деректерге сүйене отырып, «Талғар» деген атаудың қазақша мағынасы «Биік мұзды тау», «Биік тау», «Биік шың» дегенді білдіретінін айтпақпыз.
– Жер жанаты Жетісу өлкесіндегі Талғар өңірінің тарихы талай-талай ғасырдан сыр шертеді. Азды-көпті ғалымдарымыз да зерттеп, еңбектерін қалдырған. Сіз Талғардың ежелгі тарихы туралы қандай тың деректер таба алдыңыз?
– Талғар өңірінде ілгері-кейінде сақ, үйсін, қаңлы, қарлұқ, түркеш, дулат секілді іргелі тайпа-ұлыстар мекендеп келген. Ұлы Жібек Жолындағы маңызды сауда орталығы болған Талғар қаласы сақ және үйсін мемлекеттерінің басқаруындағы жер еді. «Үйсіндердің негізгі территориясы Іле алқабында болды, олардың батыс шекарасы Шу мен Талас арқылы өтедідағы, қаңлылармен (кангуй) шектеседі. Шығысында ғұндармен ортақ шекара болды, ал оңтүстігі олардың иелігі ферғанамен (Дуанмен) ұштасып жатады» («Қазақстан тарихы», Алматы, «Дәуір» баспасы, 1994 жыл, 45-бет). Үйсіндердің күшті мемлекет болғаны туралы ертедегі Қытайдың елшісі Чжан Цянь «Қазір үйсіндер күшті елге айналыпты. Халқы 630 мың адам, әскері 188800 жауынгерден құралған» («Қазақ мәдениетінің айдыны», «Шыңжаң жастар – өрендер» баспасы, 2006 жылы мамыр, 5-бет)  деген құнды дерек айтады. Үйсін мемлекеті өз заманында Қытай елімен тығыз қарым-қатынаста болған. Талғар өңіріндегі Бесшатыр маңынан қазып алынған бұйымдар осының айқын дәлелі болып отыр.

Ұзындығы 7 мың шақырым келетін Ұлы Жібек жолы Орта Азия мен Қазақстан жерінен басып өтіп, атақты бай-көпестер жібек, кездеме, шай, айна-тарақ, қант, ыдыс-аяқ, аң-құс терілері, алтын, күмістерін түйе керуендеріне артып, дүниенің түкпір-түкпіріне апарып сауда жасайтын.
Тарих талай ғасырды артқа тастады. Үйсін – Қаңлы мемлекеті ыдырағаннан кейін Түркеш қағанаты (704-756 ж.ж.) тарих сахнасынан бой көрсетті. Түркеш қағанаты тұсында қарлұқ тайпалары бірте-бірте күшейе бастады. Әсіресе, 746 жылдары Алтай мен Тарбағатай өңіріндегі қарлұқтар Жетісу жеріне қара құрымдай қаптап көшіп келіп қоныстанды. Түркеш қағандығының  ішкі жағындағы талас-тартыс, берекесіздік қарлұқтарға үлкен басымдық әкелді. Ішкі күрес барысында түркештер ырықсыз қуғынға түсіп, қарлұқтарға қарсылық көрсету қуатынан айырылды. Осылайша Қарлұқ мемлекеті 
(756-940 ж.ж.) билік басына шығып дәурен сүрді. Сонымен Талғар өңіріндегі Талхир (Талхиз), Тонг, Жақсылық, Шеңгелді сияқты Ұлы Жібек Жолындағы сауда орталықтары болған қалалар Қарлұқ қағанатының басқаруына өтті. 
Шыңғыс хан қолына билік алған алғашқы жылдарда қазақ даласындағы сауда едәуір өркендеген еді. Тарихи аңыздарда баяндалуынша: «Шыңғыс хан жорыққа шыққанда тарихнама жазатын жылнамашы алмай шығады. Өз іштерінен тарихнама жазатын  адам таппағандықтан Қытайға шабарман жіберіп, 3 күн ішінде жылнамашы алдырады. Шыңғыс ханның  барлық әскерлері Талғар өзені бойында 3 күн тынығып, жолында кездескен елді мекендерді қиратып өткен. Олардың орнындағы обалар қазіргі Байбұлақ, Береке, Кеңдала, Талдыбұлақ, Бірлік, Алатау, Қызылқайрат ауылдарының төңірінде жатыр» (Нұрсадық Сарғожаев, «Талғарым – тау бесігім», Алматы, «Білім» баспасы, 2011 жыл, 16-бет). Шыңғыс ханның ат тұяғы жеткен аймақтарда болған соғыс салдарынан Ұлы Жібек жолы бойындағы қазақ даласындағы Тараз, Құлан, Аспара, Отырар, Түркістан, Баласағұн, Талғар сияқты қалалардың қолөнері, мәдениеті, сауда қарым- қатынасы көрнекті дәрежеде тоқыраған.
– Тарихи деректерге зер сала қарасақ, IX ғасыр мен  XIII ғасырдың аралығында Талхир (Талғар) қаласы Ұлы Жібек жолы бойындағы аса ірі экономикалық, саяси және мәдени орталық болған екен. Осы жөніне тоқталсаңыз? 
– Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан ежелгі қалалардан Түркістан, Тараз, Отырар, Қойлық, Алмалы, Сауран, Суяб, Алматы, Талғар, Сығанақ т.б. жылдардың өтуімен сауда, дін орталықтары ғана болып қалмай ғылым және мәдениет алмастыратын орталыққа айналған болатын. Ежелгі Талғар қаласы Ұлы Жібек Жолындағы ең ірі, бай, мәдениетті қалалардың бірі еді. Талғар қаласынан қазып алынған құмыра ыдыстар, шырақ, қола айна, күміс, мыстан жасалған ақшалар, ожау, қасық, қанжар, қой, сиыр, жылқы қатарлы төрт түлік малдардың сүйектерінің табылуы ежелгі Талғар қаласының өркениеті дамыған сауда, мәдениет алмастыратын орталықтардың бірі екенін аңғартады. Талғардан табылған Иран мыс табағы, Иран айнасы, Иран құмырасы т.б. сол дәуірдегі қолөнер бұйымдары адамзат өркениетінің ерте заманнан ерекше дамығандығының айғағы болып табылады. Бұл XII – XIII ғасырдан қалған баға жетпес құнды жәдігерлік болып есептеледі.
Әйгілі ақын, ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн Жібек Жолы бойына орналасқан қалалардағы бес саусағынан өнер тамған шеберлер туралы «Қолөнермен айналысатын шеберлер әлі де бар. Оларды өнері тамған саусақтары асырайды. Дүние сұлулығының тізгінін ұстап тұрған да солар. Әлемдегі ғажайып атаулының бәрі солардың шеберлерінің нәтижесі», – дейді. Әсіресе, Жібек Жолы бойында орналасқан Талғар, Алматы, Алмалы, Тонг сияқты қалаларда X – XII ғасырлар аралығында қолөнермен шұғылданатын шеберлердің саудасы өте жанданып дамыған еді.
Ежелгі Талғар қаласының орны туралы «Талғар, Талхиз орта ғасырдағы қала. Талхиз қаласы болса керек. Ол – Алматы қаласының шығыс жағында 25 километр жерде Талғар өзенінің оң жақ жағалауындағы қала барлық жағынан дуалмен қоршалған бұрыштары мен қабырғаларында мұнаралары бар, әрі дуал сыртын айнала ор қазылған» («Қазақ Кеңес энциклопедиясы», (I том), – деп жазса, академик Карл Байпақов «Талхирдың орталық бөлегі – ауданы 9 гектарға жуық төртбұрышты алаң. Қала жан-жағынан биік қамалмен қоршалған. Қазір олар үстін шөп басып, бұта жапқан топырақ үйіндісіне айналған. Қамалдың бұрыштары сәл ілгері шығыңқырап тұратын биік мұнаралар бекітілген. Қауіпсіздік үшін қаланы айналдыра терең ор қазылған. Ал батыс жақ тұсын өзеннің құлама тік жары қорғаған. Қамал қабырғаларының орта тұстарында қарама-қарсы  қондырылған қақпалары болған. Оларды бір-бірімен байланыстырып жататын ұзын көшелер қаланы төрт бөлікке бөлген. Орталық бөлігінен бір-біріне жалғастырыла біртекті құрылыстар салынған. Қамалдың жер бетіне шығып жатқан қалдықтарына қарағанда, ауданы 200-ден 500 шаршы метрге дейін жететін тікбұрышты ғимаратқа ұқсайды. Олар орталық алаңнан гөрі оңтүстікке және батысқа қарай көбірек шоғырланған» («Аруна Ltd», 2005 жыл, 57-бет), – деп түсінік жазған.
– Талғарда да талай-талай тарихтың ізі қалған. Қазақтың ұлы ғалымы, атақты этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлиханов Талғар өңіріне атбасын бұрып, отырықшы халықтың тілін, әдебиетін, тарих-шежіресін, салт-дәстүрін зерттеген екен. Осы туралы тарихи деректерге тоқтала кетсеңіз?
– Қазақтың ұлы ғалымы, атақты саяхатшы  Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) өзінің қысқа ғұмырында көптеген әдеби, тарихи, географиялық ғылыми еңбектер жазып қалдырған. 1854 жылы Шоқан Уәлиханов Талғар өңіріне келіп, отырықты қазақтар туралы 
аңыз-әңгіме, тарих-шежіре жазып, естелік қалдырған. Тарихи деректерде айтылуынша Шоқан сол жылы Талғар өңірін басып өтіп Ойбалтабай, Қырбалтабай елді мекендердегі Құрман ақсақалдарынан «Албан шежіресін» жазып алған  екен.
Ұлы ғалым Шоқан «Жоңғарияға саяхат» атты атақты еңбегінде «Мен Талғар, Есік және Түрген өзендері  аңғарындағы мекендерде болғанымда, елдің отырықшы болып егіншілікпен айналысып жатқанын байқадым, ал Талғар өзені өңірінде көптеген қорған төбелерді кездестірдім және отырықшы қазақтардың егін алқаптарын көрдім. Сөйтіп, егіншілікпен айналысқан қазақтың үйінде қондым» (280-бет), – деп жазады. 
1856 жылы Шоқан Омбыда жүрген кезде атақты саяхатшы-географ Семёнов 
Тянь-Шанскиймен танысып, кейін келе тонның ішкі бауындай сырдесте досқа айналды. Ол  Жетісу, Тянь-Шань өлкелерінде атақты ғалыммен бірге болып, ғылыми жұмыстар жүргізеді. Жас ғалым Шоқан Қытайдың Құлжа қаласында үш ай тұрып, бұл қала туралы зерттеу алып барып, құнды шығармалар жазған еді.
Орыс үкіметінің тапсыруы бойынша Шоқан Қашқария экспедициасын басқарды. Ол кезде 22 жастағы Шоқан қазақша киім киіп, өзін саудагер Әлімбай деген атпен атап, 5 айдай Қашқар мен  Алтышаһар елінде тұрып, сол елдің тарихын, этнографиясын зерттеп, құнды мәліметтер жинайды.
Шоқан Қашқарға сапарға аттанудан бұрын Талғар маңында тұрған Ақжол деген жігітті сенімді серіктерінің бірі ретінде таңдаған екен. Бұл туралы мынандай деректерді кездестіруге болады. «Ш.Уәлиханов – Қашқарға сапарына өзіне серік етіп, Талғар өзені бойындағы ауылдың бірінде тұрған Суан елінен шыққан Ақжол Бөлеков деген жігітті ерткен. Ақжол көне шежірелерді жақсы білетін, зерделі жігіт Шоқанға ұнап, өзінің Қашқар жайлы жазған қағаздарын алып келуге сенімді деп Ақжолды ерткен» (Нұрсадық Сарғожаев, «Талғарым – тау бесігім», Алматы, «Білім» баспасы, 2011 жыл, 30-бет). Шоқан бастаған Қашқарға жол алған керуеннің  құрамында 40 неше адам болған, солардың ішіндегі  ең қолынан іс келетін 
Ақжол Бөлеков екен. Айтуларға қарағанда  Ақжолдың атасы Бөлек (1707-1794) Ұлы жүзге аты шыққан әйгілі батыр  болыпты. Ол батырлығымен қоса шешен, ықпалды би болған екен. Шоқан 1858-1859 жылдары Қытайдың Қашқар өңіріне барып ғылыми зерттеу жұмысымен шұғылданады. Оның «Алты шаһарға сапар» атты құнды еңбегі сол реткі сапардың туындысы. Шоқан қысқа ғұмырында Орта Азия халықтарының тарихын, салт-дәстүрін беріле зерттеген ғалым. Сонымен бірге қазақ, қырғыз халықтарының тарихы, ауыз әдебиеті, салт-дәстүр, тілі, діні туралы материалдар жинап, көлемді мақалалар жариялады. Әсіресе, қазақтың жас ғалымы қырғыз  халқының  «Манас»,  «Семетей» сынды сүбелі жырларын жазып алып, тұңғыш рет әлемге әйгілеп, «Манас» ғылымының негізін қалады.
Ғалымдардың айтуынша, Шоқан жазып алған «Манас» дастанының жалпы көлемі үш мың жолдан асады екен. Талай-талай қауіп-қатерді бастан кешірген Шоқан 1859 жылы наурыз айында Қашқардағы сапарынан елге аман-есен оралады. Қашқар сапарынан оралған ғалым Талғар өңіріндегі  Бесшатырға қарай атбасын бұрады. Өйткені Бесшатыр деген обалар тізбесі туралы Шоқан тұңғыш рет Ақжол Бөлековтан естіген еді.
«Шоқан Уәлиханов Қашқардан қайтар сапарында Іле өзенінің  оң жағында орын алып жатқан Бесшатыр деген үлкен-үлкен обаларды  көріп кеткісі келіп, Іледен өтер өткелде Дулат елін билеген Әли сұлтанға кез  болады. Әли сұлтан елге танымал, шешен кісі болған екен. Шоқан Әли сұлтаннан Бесшатыр жайлы әңгіме сұрайды, сонда ол кісі былай деп әңгімелеген екен: «Бесшатыр» деген сөз болған жоқ, Біріншіден, Бесшатыр емес, ол Бас шатыр. Кезінде Тәуке хан қанжығалы  Бөгенбайды үш жүздің жасағының бас сардары етіп сайлапты. Содан бас сардар Бөгенбай – Матай Қоянкөз, Үшқалқан бойындағы қалмақтарды біраз жерге ығыстырып, қазақтар сол жеңісті тойлауға Іле жағасында бас сардарға арнап Бас шатыр тіккен жері осы үлкен обалардың тұсы екен. Тәуке хан мен Бөгенбайдың  дәурендеген  тұсынан қалған бас шатырды, қазір ел Бесшатыр деп кетіпті, – дейді Әли сұлтан»  (Нұрсадық Сарғожаев, «Талғарым – тау бесігім», Алматы, «Білім» баспасы, 2011 жыл, 29-бет).
Шоқан Уәлихановтың өміріне зер сала қарасақ, бала кезінен бастап саяткерлікке құмартып, аңшылықты ерекше  ұнатқан  екен. Кейін оның досы Г.Н. Потанин: «Шоқан  қазақтардың қызық көретін бұл салтымен  бала кезінен-ақ шұғылданған болуы керек, өйткені ол сұңқарды қалай баптап-күтудің әдісін және де қазақтардың жалпы аңшылық кәсібін өте жақсы білетін», – деп қатты таңырқапты. Ол жас кезінен халық ауыз әдебиетінің үлгілеріне ерекше ықылас қойды. Ол бала кезінің өзінде ел ішінен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ер Көкше» сияқты қиссалардың бірнеше нұсқасын жазып алған.
Шоқан үздіксіз еңбектену арқылы ғылымның әр саласына қалам  тартып, тұңғыш рет қазақ поэзиясын жанрға, түрге, өлең құрылыс ерекшелігіне қарай жіктеп, түрік халықтарының әдебиетін, тарихын, дәстүрін, тілін, дінін зерттеуге тың жол ашты.
Шоқан қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, саяхатшы, фольклорист, аудармашы т.б. даңқты атақтардың иесі болып, әлем таныған атақты ғылым ғұламасы ретінде танылды. Қазақтың біртуар ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуір айында Алтынемел жотасының етегіндегі Көкшетау деген жерде мәңгілік келмес сапарға аттанды.
– Талғарда да біз білмейтін көп тарихтың ізі қалған. Ұлы ғұлама ғалым, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың туған анасы Нұржамал Талғар өңіріндегі атақты көпестердің бірі Әбсәмет Ыстамбекұлының қызы екен, бұл туралы қандай дерек білесіз?
– Талғар тарихына зер сала қарайтын болсақ, біз білмейтін көптеген дерек жатыр. Соның бір мысалы ұлы ғұлама ғалым, жазушы Мұхтар Әуезовтің туған нағашысы Әбсәмет Ыстамбекұлы Талғар өңірінде жасаған атақты байлардың бірі болған. Жазушы Аян Нысаналин «Әуезовтің анасы» атты мақаласында «Тобықтылар ішіне Қаратау жақтан ерте қоныс аударып, тамырын тереңіне тартатын Өскенбай ұрпағымен жекжат-шатыс Әуезовтер ескі әулет. 1995 жылы «Атамұра» баспасында басылған Абай анықтамалығында: «Әбсәмет Ыстамбекұлы (т.ж.б.) – Құнанбайдың немере інісі Жақыптан туған қыздың баласы М.О. Әуезовтің туған нағашысы» («Ана тілі» газеті, 14-20 қараша, 2019 жыл) деген дерек айтады.
Шежіреші ақсақалдардың айтуынша, Мұхтар Әуезов «Қилы заман» атты әйгілі шығармасын жазу үшін Кеген, Нарынқол өңірлерін аралапты. Жазушының нағашы жұрты Албан тайпасының Қызылбөрік руы екен. 1927 жылы Мұхтар Әуезов Қарқара жайлауында Көдек Маралбаевпен кездесумен бірге Мыңжылқы, Шырғанақ жайлауларын да аралайды. Жазушы сол реткі сапарында Қызылбөрік ауылындағы көтеріліс басшыларының бірі болған атақты болыс Серікбай Қанайұлының үйінде арнайы қонақ болған. Серікбайдың Көкшегір деген әйелі қонақтарды өзі арнайы күткен. Көкшегірдің өз аты Қаніке болып, әйгілі композитор, дәулескер күйші Қожеке Назарұлының туған қызы екен. Жазушы осы реткі сапарында Албан елінің тарих-шежіресі туралы көптеген құнды деректерге де ие болған. Сол жылы ұлы жазушы Ленинградта әдеби баяндама жасағанда Көдек ақын туралы арнайы тоқталып: «Кешегі қазақ мәдениетінің құнды әрі бай мұрасын тұла бойына сиғыза біледі» деген жоғары бағасын айтқан еді.
Мұхтар Әуезовтің туған нағашысы Әбсәмет деген адам кім болған? Бұл үшін халықтық шежірелерге жүгінуге тура келеді. «Шежіре – елдің тарихы. Шежіре – елдің сыры. Шежіре ұлдардан тармақталады. Әйтсе де, халық аузында «Қызылбөріктің қызы мықты» деген сөз бар. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің шешесі қараторының әдемісі, ел арасында «Мұңлы қоңыр» атанып кеткен Нұржамал Қызылбөріктің қызы. М.Әуезов нағашыларының Албаннан тарайтынын, Әжібайдың тұқымы екенін жақсы білетін. Нағашы жұртына келу сапарында 1916 жылғы Албандар көтерілісі туралы естіп, Қарқара көтерілісі туралы деректерді жинастыру арқылы жазушының атақты шығармасы «Қилы заман» өмірге келген еді». (Құрастырған: М.Бағашарұлы «Қызылбөрік Хан Тотас ұрпақтары», «Нұрай Принт Сервис», Алматы, 2013 жыл, 5-бет).
Мұхтар Әуезовтің туған шешесі Нұржамал өз дәуіріндегі Талғар өңіріндегі аты елге танымал көпестердің бірі Әбсәмет Ыстамбекұлының қызы еді. Нұржамалдың әкесі Әбсәмет күллі қазаққа даңқы тараған Құнанбай қажының жиені болған. Белгілі жазушы Аян – Сейтхан Нысаналин Мұхтар Әуезовтің нағашысы туралы «Үйсін елінің ірі бір бұтағы – Албан тайпасы, осы атаның Қызылбөрік, Таз, Сары, Айт, Бозым, Алжан, Қоңырбөрік рулары мекен еткен шығыс Талғар өңіріне аты мәлім болған және сол дәуірде аса ықпалды көпестердің бірі Әбсәмет еді». Ал Әбсәметтің қызына «Әуезов энциклопедиясынан» да орын берілген: «Нұржамал (1862-1912 ж.ж.) жазушының анасы. Береке (атасы – А.Н.) арлы-берлі кіре тартып жүріп Әуезбен танысады. Сөйтіп, Нұржамалды Омарханға айттырады. Нұржамалдан Қорлықа, Рахия, Күлсім атты қыздар, ұлдан Мұхтар туған. Қыз балалары жастай қайтыс болған. Нұржамал ескіше оқыған. Қала тәртібінде өскендіктен ол ашық-жарқын, әділ, кішіпейіл, үй шаруасына пысық, көрікті адам екен. Бейіті – Бөрлі қыстағында» («Ана тілі» газеті, 14-20 қараша, 2019 жыл), – деп тіпті дәлелдей түседі.
Мұхтар Әуезовтің арғы нағашысы Әжібай Найманбайұлы есімі Қызылбөрікке ұран болған. Әжібай батыр (шамамен 1699-1778) Райымбек, Өтеген, Наурызбай Аралбай, Бөлек, Сатай, Бәйсейіт, Бақай, Малай, т.б. батырларымен бірге тізе қоса отырып, Жетісудан жоңғарларды тазарту жолындағы шайқастарда ерен ерлік көрсеткен. 
– Сұқбатыңызға рақмет. Шығармашылық ізденісіңіз жандана берсін!

Сұқбаттасқан Меруерт МӘУЛЕТ

3356 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз