Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 05 Маусым, 2023

Мен қалай турагенттік аштым?

«Ақ желкеннің» бұрынғы жас тілшісі Дана Русланқызы жеке турагенттік ашқанын естіп, жаңа бастамасының қыр-сырын білуге асықтық. Дана тәуекелінің зор нәтижесін журналымызға ықыласпен баяндап берді.

Саяхат – адамның көзқарасын өзгертіп, өмірді мүлдем басқа қырынан тануға, әлемнің шексіздігін сезіндіріп, дамуға ерекше әсер ететін дүние. Мен саяхаттан қатты шабыт аламын, басқалардың да саяхаттың адам өміріне қаншалықты өзгеріс алып келетінін сезінгенін, жаңа жерлерді көруге деген құлшынысының артқанын қалаймын. Сіздерге осы құлшынысымның арқасында қалай туристік агенттік ашқаным туралы айтып бергім келеді.

Саяхат және мен

Биыл Түркияда тұрып жатқаныма жалпы үш жыл болды. Қазір Анталия қаласындағы Ақтеңіз университетінде журналистика мамандығы бойынша І курс магистрантымын. Осыған дейін бакалавриатта Ыстамбұл мемлекеттік университетінде ауысым бағдарламасы бойынша білім алдым. Түріктің тілі, мәдениеті, адамдары мені бұрыннан-ақ қызықтыратын еді. Сондықтан өз бетіммен түрік тілін үйреніп, магистратураны Түркияда жалғастыруды жөн көрдім. Үш жылдан бері отандастарымызға түрікше үйретіп, Түркияда білім алуына көмектесіп жүрмін. Оқуға келген уақытымнан бастап, өзіме «Түркияны толығымен аралап шығамын» деген мақсат қойдым. Тіл білген адамның сол мемлекетте саяхаттауы қарапайым туристен гөрі әлдеқайда қызық. Магистратураның алғашқы жылында сабақпен қатар, Түркияның көп қаласын араладым. Ыстамбұл, Анкара, Измир, Анталия сияқты ірі шаһарларға және көп елдімекеніне саяхат жасадым. Измирге барып, әлемнің жеті кереметін көрдім, Ефес ескі қаласында болдым. Алачаты, Чешме, Урла сияқты аудандарына бардым.

Түркияның Анкара, Ыстамбұл сияқты үлкен қалаларына бірнеше мәрте барып, саяхаттаудың, саяхатты ұйымдастырудың қаншалықты қызық екенін түсіндім. Саяхатқа шықпас бұрын ұшақ, автобус, пойыз билетін алу, қолайлы қонақүй іздеу, оларды салыстыру, баға және ұсынылатын қызметтердің сапасына қарау ермегіме айналды. Саяхаттың сыртында оны ұйымдастырудың да қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Әр барған қала, әр барған жер мені шабыттандыра түсетін. Түркияның қалаларына жасаған саяхаттарым жаңа қызығушылықтарға жол ашты. Әр саяхат сайын әлемнің соншалықты шексіз, ғажап екеніне көзім жетті. Жалғыз саяхаттаған да мен үшін қорқынышты емес. Саяхат барысында көп адамдармен сапарлас болып, өзіме өмірлік азық алдым. Жергілікті тұрғындармен, туристермен таныстым. Әркімнің саяхаттау, өмір сүру дағдыларын, өзіндік оқиғаларын тыңдап, саяхатқа деген құлшынысым одан әрі арта түсті. Егде жасқа жеткен шетелдік ата-әжелерді көрген кезде, қатты шабыттанатынмын. Ол кісілердің саяхатқа көзқарасы мүлдем бөлек еді. Әсіресе еуропалықтар үй, көлік алудың орнына, саяхатқа қаржы жинап, жаңа жерлерді көруді күн тәртібіне қосады екен. Үнемі «өзім көрген жерлерді басқалар да көрсе екен, мен сезінген эмоциялар басқаларға да шабыт беріп, шыңдаса екен» деген ой жанымды баурайтын.

Қазір саяхаттайтындар өте көп. Адамдардың өмірге деген құлшынысы, жаңа жер, ел көруге деген құштарлығы да мені қатты қызықтырады. Алайда туристік компаниялар ұсынатын баға мені де шошытатын еді. Әрине, саяхат деген кезде барлығымыздың ойымызға келетіні – ұшақ билеттері мен қонақүйдің бағасы. Бірақ кез келген адам өз қаражатын тиімді пайдаланып, белгілі бір қаржыны саяхатқа арнайтын болса, онда әлемдегі көп қаланы көруге мүмкіндік туатын еді. «Саяхатқа көп ақша қажет» деген ұғым да менің ойымша дұрыс емес. Аз қаражатқа да сапалы әрі қызықты уақыт өткізіп, жаңа мемлекет, қала көруге болады. Оған қоса, алғаш рет шетелге шығатын адамда қорқыныш болады. «Адасып кетсем, ақшам жетпей қалса...» деген сияқты. Қазір саяхат үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан қорқу да негізсіз деп ойлаймын. Әрине, алғашқы саяхаттарыңыз болса, туркомпанияларды қолданып, үйренісіп алғаныңыз маңызды. Ары қарай өз бетіңізбен, саяхат жоспарлап үйреніп кетуге де болады. Барлығы кішкентай қадамдардан басталады.

Үш күнде ашылған агенттік

Туризм саласына көптен бері қызығамын. Туризмді ұйымдастыру өзім үшін қиын болмағандықтан, неге жасап көрмеске деген ой келді. Адамдардың алғаш рет саяхатқа шығуына, әлемнің кез келген нүктесіне баруына себепші болсам деген мақсатым Selam Travel туристік компаниясын құруға түрткі болды. Қыста университетте бір ай демалыс болды. Мен ол кезде Қазақстанға қайтқан болатынмын. Бұл идея ойымда ұзақтан бері жүргенмен, бастап кетуге батылым бармаған еді. Түркияда жер сілкінісіне байланысты университеттер онлайнға көшірілді. Сол кезде «енді не істеймін?» деген бір қорқыныш болды. Сабақтарымыз жалғаса береді, бірақ Анталияға қайтудың қажеті жоқ еді. Үш күнде турагенттік ашу туралы шешім қабылдап, бос уақытымды жаңа салаға арнаймын деп шештім. Сөйтіп, Анталияға алған билетімді Ыстамбұлға ауыстырып, бірден осы қалаға келдім. Анталия теңіз жағасындағы демалыстың орталығы болғандықтан, көп жағдайда гид қызметін қажет ете бермейді. Сондықтан Ыстамбұлда болу мен үшін маңызды еді. Қазір Ыстамбұлда тұрып, Қазақстаннан келетін туристерімізге неше ғасырдың тарихын шоғырландырған қаланы аралатып, олардың эмоциясынан шабыт алып жүрмін.

Бұрын да өзім көрген жерлердің тарихын, ерекшеліктерін, аңыздарын үнемі оқып жүретінмін. Былтыр сіңлім Түркияға саяхаттап келген кезде апарып көрсетіп, таныстырып, бар білгенімді баяндағанымда, бұл жұмыстың маған арналғанын, өзіме қаншалықты қызық екенін байқадым. Қазір әрбір туристке барған жеріміз туралы бастан-аяқ баяндап, олардың да білімі артуына септігімді тигізіп жүрмін. Бұл да адамға керемет сезім сыйлайды.

Қазақстанда болған уақытымда компанияны ресми тіркедім. Туристеріміздің қауіпсіздігі, ұшаққа отырғаннан бастап қайтадан аманесен елге қайтуы мен үшін өте маңызды. Сондықтан туркомпания ретінде Қазақстанда ресми түрде тіркеліп, турагенттіктердің қатарына қосылдық. Турагенттікті толық рәсімдеуге бір аптаға жуық уақыт кетті. Турагенттер үшін мемлекет тарапынан қойылған нақты талаптар мен шарттар бар. Сол шарттарға сәйкес келіп, ресми құжаттарды дұрыс рәсімдесеңіз, туркомпания ашудың айтарлықтай қиындығы жоқ. Бірақ ашылғаннан кейінгі жұмыс өте маңызды.

Біздің мақсат – сапалы әрі тиімді бағадағы саяхат

Selam Travel компаниясының басты мақсаты – әлемнің кез келген нүктесіне естен кетпес әрі арзан бағада-ғы тур ұйымдастыру, отандастарымыздың саяхатқа қызығушылығын арттырып, саяхатты қалыпты құбылысқа айналдыруына аз да болса пайдамызды тигізу. Selam Travel деген атауды «Әлемге – сәлем» деген ұранның негізінде қойдық. «Selam» сөзі түрік тілінен аударғанда «сәлем» деген мағына береді. Қазіргі таңда тур компаниямыз бірнеше бағыт бойынша турлар ұсынады. Біз арқылы Түркияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Мысырға, Грузияға, Өзбекстанға, Мальдив аралдары мен Тайландқа саяхаттай аласыздар. Толыққанды туристік пакеттеріңізді дайындап береміз. Ұшақ билеттеріңіз, қонақүйлеріңіз, әуежайдан күтіп алатын көліктеріңіз, туристік код пен медициналық сақтандыру да қарастырылған. Оған қоса, Түркияға авторлық турлар ұйымдастырамыз. Яғни келетін уақытыңызда аралайтын, баратын, көретін жерлеріңіздің барлығын алдын ала дайындап, гид ретінде алып жүреміз. Мезі болған туристік жерлер емес, көп ешкім бармаған, біле бермейтін, ерекше аймақтарға алып барамыз.

Қазір саяхаттайтындардың басым бөлігі билетті өз беттерімен алып қояды. Мұндай жағдайларда қонақүй, пәтер табуға да көмектесеміз. Негізі, кез келген саяхатта жатын орын өте маңызды. Біз барынша арзан әрі туристік жерлерге жақын, қолайлы қонақүйлер мен пәтерлер табу жағын реттестіріп бере аламыз. Ал Түркияға келсеңіздер, толыққанды гид қызметін де ұсынуға дайынбыз. Алдағы уақытта басқа мемлекеттерде де гид қызметін қосуды жоспарлап отырмыз. Компаниямыз жұмысын жақында ғана бастағанымен, бізді таңдап, саяхатын сеніп тапсыратындардың қатары көп. Алдағы уақытқа жоспарлап, алдын ала тур алып жатқандар да жетерлік.

Қазақстандықтардың саяхатқа деген құлшынысы қатты қуантады. Алдағы уақытта әлемді көріп, сапалы саяхаттағысы келетіндердің қатары бұдан да көп болады деген үміттемін. Саяхат – әр адамның көңіл көкжиегін кеңейтіп, көзқарасын өзгертіп, өмірлік азық беретін керемет нәрсе. Жаңа мемлекетпен танысып, жаңа жер көрген сайын әр елдің мәдениетінің жақсысын өзіңе сіңіруге, кемшіліктерін қайталамауға тырысасың. Тарихқа қанық болып, барған әр жерің туралы ақпарат жинап, біліміңді шыңдайсың. Отанның, туған жердің қадірін түсінесің. Егер саяхат әрбіріміздің күн тәртібімізге еніп, қалыпты жағдайға айналса, менің арманым орындалар еді.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2023

1365 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз