Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Наурыз, 2024

Ұлттық құрылтай: үш баған, он екі құндылық

Ерлан ЖҮНІС,

«Ana tili»
 

Ұлыс – ұлыс болғалы, ұлықты жолын салғалы, ұйысып уық шанышқалы, ойласып орда тіккелі, бойласып байрақ көтергелі ұлы да кіші құрылтай аз өткен жоқ. Ұлы да кіші құрылтайларда ұлысқа ұстын болар сөз айтылды, қағанатқа қазық болар ой айтылды, елге айбат, ерге қайрат болар істің жайы айтылды, алып бәйтеректің тамыры тереңдеді, бұтағы биіктеді, ел өсті, өркен жайды. Тағдыршешті шешімдер қабылданды, құндылық құжатына мөр басылды.

Құрылтай қашаннан қағанат болып құрылудың, ұлт болып ұйысудың, бірігу мен біртұтастанудың, біріне-бірі қалқан, қорған болудың, алдағы күннің арнасын анықтаудың алғышарты болып отырды. Арғы-бергі тарихымызда аты қалған құрылтайлардың тарихына үңілсек, соған көз жеткіземіз. Алып ел Алтын Орданың ыдырауына негіз болған тарихи Талас құрылтайы, билер институтының іргетасы қаланған Қарақұм құрылтайы, Бадам өзені бойында барша қазақ бас қосқан, барша қазақ бас қосып басқыншылыққа қарсы тұрған Ордабасы құрылтайының тарихы бізге соны айтады. Бұл бір парасы ғана. 
Ұлт ұясы атанған ұйық мекен Ұлы­тау­да бастау алып, түбі бір түгел түр­кінің киелі төрі Түркістанда туын тігіп, сан ғасырлық тарихымыздың салтанатты сарайы Сарайшықты негіз етіп, Атырау­да сабақтасқан үш құрылтай – Ұлттық құрылтай аталып, ұлтымыздың жаңа замандағы бағыт-бағдары мен бет-бейнесін айқындайтын ұлттық біртұтас­тықтың мінберіне айналды. 
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ұлтымызға ұстын болуға тиіс үш баған, он екі құндылық анық айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басымдық беріп келе жатқан үш баған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» және қазақ қоғамына қазық болуы керек он екі құндылық: Тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Бірінсіз бірі жоқ, біріне бірі тірек, біріне бірі негіз үш баған мен он екі құндылық– елдікке де тірек, мемлекетке де негіз.
Ұлттың жаңа келбетін айқындайтын осы он екі құндылық мүшелдей, он екі айдай, сағаттың он екі тіліндей біздің өмірімізге дендеп енбей, тамырымыз­дағы қандай зырламай, әріптей таңбаланбай, сандай жатталмай, қоғамның да жаңа бет-бейнесін жасай алмасымыз анық. Сөз ұғымға айналса, ұғым ұлағатқа айналса, ұлағат ұлттық ойлау жүйеміздің ұстынына айналады. 
Атырау құрылтайында ұлттық ойлау жүйемізге кереғар, дала емес, қала сіңірген, жаттан жұққан, күйедей жағылған кейінгі тапқан мінез-құлық пен әдет-қылық жайы кеңінен қозғалды. Ұлттық ойлау жүйеміздің, қазақы қалпымыздың, ата жолы мен салтымыздың, баба діліміздің, ана тіліміздің уызын қалдырып, улы идеология мен экспансияның уытын жан-жүрегімізден, бойымыздан шығарып тастау, сылып алу, тікенектей жұлып тастау бір сәттің ісі емес шығар, әйтсе де ынталы жүрек, ырықты білек, ымырасыз күрес қылмас ерлік, алмас қамал да болмас.
Ұлттық құрылтай ұтысып сөйлейтін емес, ұтырласып сөйлейтін мінберге айналды. Кезектесе сөйлесіп кеңес құрар төріміз болды. Қамшымызды екі бүктеп, жамбасымызға басып отырар жер емес, ортаға тастап, топ алдында толғақты жайды жайып салар алаңымыз болды. Іште қалған сөз шерге айналады, шерден дерт туады. Жылдар бойы жұрттың ойын­да, көңілінде, тілінде жүрген мәселе сол мінберде айтылады. 
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдағы сөзінде уақыттар арасындағы, ұрпақтар арасындағы, құндылықтар арасындағы  диалогтың  әлі де болса дұрыс орнамағанына, сол байланыстың босаңдығынан бірнеше жағымсыз жайттармен бетпе-бет келіп отырғанымызға да тоқталды. Мұның жүгі зиялы қауымның иығында екенін де айтты. 
Демек, соқтығатын қара емес, соңынан ерер қара іздейтін аға, жүзіне емес, ізіне қарайтын іні, бірдің үдесінен шығуды емес, елдің мүддесін алып шығуды ойлайтын азамат, жамалына емес, ұят пердесін жүрегіне таққан жан керек екен бұл іске. Ырысты шашар ысырапшылықтан, топты бүлдірер тәкаппарлықтан, қазына құмар қарақшылықтан, құлқынға тартар құ­марпаздықтан, жалт берер жауапсыз­дықтан, тайғақ табанды тұрақсыздықтан, айласы көп айнымпаздықтан тыйылмақ керек екен. 
Ұлттық құрылтай – ұлттың, елдіктің, бірліктің биік мінбері. Биіктен бірге емес, мыңға керек сөз айтылып келеді. Сол сөз – ойласар сөз, орнықты сөз, отаншыл жанның сөзі. 
Қадірлі оқырман, «Ана тілі» газеті алдағы уақытта «Қамшытастар» айдарымен осы он екі құндылық пен үш бағанның бар мәні мен мағынасын ашар пікірлер ұсынып, «Ұлыстың Ұлы жиыны» айдарымен қазақ халқының арғы-бергі тарихындағы құрылтайлардың тарихи маңызы туралы танымдық мақалалар ұсынып отырады. «Ана тілін» қарай жүріңіз. 

493 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз