Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 31 Қазан, 2019

«Қыз бен теңіз» әлеуметтік көркем фильмінің тұсаукесері өтті

Алматы қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Новый мир» АРДИ студиясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Қыз бен теңіз» әлеуметтік көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

Адам жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап, тіршілік үшін арпалысын бастайды. Өмірге құштар жандар тағдырдың сынағынан сүрінбей өтіп, діттеген арманына қол жеткізсе, әлсіздер  көш соңында сүйретіліп қала бермек. Бұл – өмір заңдылығы. Дегенмен, жүрегі таза, һәм арманына адал жандар үшін алынбайтын қамал жоқ. Қос режиссер Мұхамед Мамырбеков пен Әзизжан Заировтың жаңа кинотуындысындағы кейіпкерлер көрерменді осындай ойға жетелейді.

Бұл киноның көрерменге берері де, түпкі философиясы да ерекше. Себебі, фильмнің басты кейіпкерлері де ерекше жандар. Әсел есімді бойжеткен мен оның сүйген жігіті Тахир БЦП дертіне шалдыққан мүмкіндігі шектеулі жастар. Соған қарамастан, олар болашақта барлық жер бетіндегі пендеге тән талай мақсатқа қол жеткізгісі келеді. Өз армандары үшін күреседі және оның орындалатынына сенеді.

 

Әсел аяғымен сурет салып, тігін тігеді, өзінің жұмыстарынан көрме ұйымдастырады. Тахир танымал актер болғысы келеді. Дегенмен, олардың отбасы болып, перзент сүйгісі келген ниеттеріне айналасындағылар күдікпен қарайды. Арманы адастырмайтынына сенген батыл қыз теңізге келіп, іштегі арман-мұңымен бөліседі.

Фильмнің режиссері Әзизжан Заиров кейіпкерлер жайлы:

  • Фильмге арқау ретінде «Арди» оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шарипованың өмірі алынды. Динараның өмірге деген көзқарасы, құштарлығы ерекше. Ол «Тұран» колледжін тәмамдап, Мәскеудегі «Синергия» унивеситетінде жоғары білім алған. Аяғымен суреттер салып, туындылары Жапония, Англия, Америка елдерінің жеке көрмелеріне ұсынылған. Бұл картина арқылы біз мүмкіндігі шектеулі жандардың күнделікті проблемаларын ашып көрсетуге тырыстық, - дейді.

Көркем фильм мүмкіндігі шектеулі жандардың да алға қойған арман-мақсаттары болатынын және оған жету жолында олар да сау адамнан артық әрекет ете алатындарын көрсетеді. Оларды тек аяп қана қоймай, түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше қоғамда қолдау қажет екендігін алға тартады.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы қаласында және Қапшағай жағалауында өткен. Көркем туындыны шығарушылардың бұл әлеуметтік тақырыптағы екінші кинокартинасы. Бұған дейін «Быть или не быть» атты бірінші бөлімі БЦП-ға шалдыққан Тахир Умаровқа арналса, екінші бөлімде шығармашылық топ бойжеткеннің ішкі жан-дүниесіне тереңірек үңіледі. Алдағы уақытта фильмнің үшінші бөлімі – онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың аналарына арналатын болады дейді режиссер Мұхамед Мамырбеков.

Forum Almaty сауда орталығының Kinopark 16 кинотеатрында өткен көрсетілімге фильм режиссерлерімен қатар, актерлар Динара Шәріпова, Тахир Умаров, Қанағат Тасқараев, Сауран Қастеев, атқарушы продюсер Дина Нұрмұханова және АРДИ орталығының жетекшісі Әсия Ахтанова қатысып, көрермендерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген: Әлихан Жанарбек

«Қазақ газеттері» ЖШС

39339 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз