Бала үшін ең басты сыйлық не екенін білесіз бе?

458

Бүгін — Балаларды қорғау күні. Бұл мереке балалар асыға күтетін мерекелердің ең ерекшесі, ең ыстығы. Әрине, біз ата-ана баланы бір күн емес, үнемі қорғауға, алақанда аялауға тиісті екенімізді жіті түсінеміз. Бірақ күнтізбеде «Балаларды қорғау күні» деп айдар тағылып, арнайы мереке ретінде атап өтілуі — кішкентай балапандарға деген құрметтің айғағы. Жыл сайын мектепішілік жазғы лагерьлер ашылып, Балаларды қорғау күні қарсаңында «қуанса бала қуансын» деген ұранмен түрлі шаралар ұйымдастырылушы еді. Ал тап қазіргі жағдайда кинотеатрға, мұражайға, саябаққа, хайуанаттар бағына, арнайы ойын алаңдарына барып алаңсыз демалатын кішкентай бүлдіршіндеріміз үшін қалай қауіпсіз мерекелік күн жасауға болады деген сұрақ кез келген ата-ананы толғандырғаны белгілі. Әрине, төтенше жағдай кезіндегі күнімізге қарағанда, қазір шүкір ғой, десе де қауіп сейілмегендіктен «сақтанғанды сақтайды» дегендей, ең асылымыз — балаларымыз үшін қауіпсіз жерді қалаймыз. Қазіргі таңда қай жер қауіпсіз? Бұл сұрақтың бір ғана жауабы бар: ол — отбасы.

Перзент сүю — адамзатқа бұйырған бақыттың төресі. «Әр бала өз несібесімен туады» дейді дана халқымыз. Расында да, жаңа туған нәрестемен бірге үйге береке кіреді. Ал Алла берген осы бір береке мен бақтан, несібеден көз жазбай, керісінше еселеу, яғни молайту тікелей ата-анаға байланысты. «Бақытты жандар» деп өзгеге таңдай қағып қызыққанша, бақытты басқа жақтан іздегенше, жанымызда жүрген жақсыларды көре білсек, қуанышымызды отбасымызбен, жақындарымызбен дастархан басында атап өтсек, бағалы сыйлық пен бір сәтте өте шығатын ойын алаңдарындағы уақытты өзара әңгімелесуге арнасақ, бір-бірімізге жылы лебізімізді білдірсек, ортамыз ортаймай, ырыздық -несібеміз арттары сөзсіз.

Бала — өте сезімтал жан. Ол біздің жүрегіміздегіні айтқызбай-ақ ұғады. Немқұрайлылықты да, жылуды да, астамшылдық пен ысырапшылдықты да сезеді. Немқұрайлылық астарында салқындық бары белгілі, жылу іздеп жаутаңдаған баланы, немқұрайлылық салғырттыққа, салқындық қаталдыққа тәрбиелейді. Ал жанымыздың тыныштығы үшін пайдасы мен зиянына көз жүгіртпестен сұрағанын әпере салу, қадірін ұқпайтын қымбат сыйлық жасау астамшылдық болады. Өмір алма кезек, бүгінгі бала — ертеңгі ата-ана. Дөп басып, турасын айтқан ата-бабамыз: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп осыны меңзесе керек. Ал мейірімге шомылып өскен бала ортасының көзайымы, жақсы энергетиканың иесі, өзіне ғана емес, өзге үшін де тамаша орта қалыптастыратын жан-жақты тұлға, жанашыр жан болып өседі.

Сонымен, бала үшін ең бағалы сыйлық не болды? Сөз жоқ, ең бағалы сыйлық — біздің, яғни ата-ананың берген тәлім-тәрбиесі. «Тәрбие деген Тәңір бар» дейді дана халқымыз. Баламыздың қуанышына ғана куә болу үшін ең алдымен, өзіміз оған қуаныш сыйлауға тиіспіз. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дейді емес пе?! Баланы жасы мен қабілетіне қарай риясыз, шынайы өмірге баулудың тәсілдерін білу, сөзден гөрі іспен көрсетіп, ширату – ата-ананың басты парызы. Үнемі сыйлық жасап, серуендеткеннен гөрі жылы жүрекпен, игі іспен, үлгі боларлықтай әрекет жасап, дастарқан басында бас қосып, шүйіркелесіп әңгімелесіп, болып жатқан жағдайды жас шамасына қарай түсіндіріп, шүкірлік етуге үйретіп, жүректегісін тыңдау арқылы ата-ана арасындағы сын көпірді болашақта байланысы үзілмейтін алтын көпірге айналдырсақ, тәрбие құралыңыздың тиімділігі аз күнде-ақ жемісін бере бастайды.

Балаларды қорғау күнінен бастау алатын осы бір қуаныш сыйлау эстафетасын жыл он екі ай тоқтатпай, күн тәртібімізге енгізсек, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Сонда ғана біз болашағымызға еш алаңдамай күн кешеміз.
Болашағымыз — балаларымыздың мерекесі құтты болсын! Ата-ана ретінде ұлымызды сегіз қырлы бір сырлы әрі ұлықты, қызымызды үй тірлігіне мығым, қылықты да ұқыпты қып өсіру жолында жасаған ізгі амалымызды Алла қайырлы еткей!

Сафура Сәлімбайқызы, ұстаз-ата-ана




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *