«Абай» телеарнасы ашылды

51
Күні кеше ғана Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ханым өзінің есеп беру жиынында «Абай»телеарнасының ашылатынын хабарлап айтқан еді. Бүгін сол телеарнаның ресми ашылуы өтті. Мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасының тұсауы кесілді.

Ашылу салтанатына ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері, Парламент депутаттары қатысты.

«Әлемде қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан 2020 жыл еліміздегі ерекше маңызды оқиғалармен есте қалатындығы анық. Соның бірі — Абайдың 175 жылдығы. Биыл ұлы ақынның мұрасын дәріптеуге арналған ауқымды жұмыстар басталды. Іс-шаралар әлі де жалғасып жатыр. Бұл — барымызды бағалайтын, болашағымызды бағдарлайтын нақты қадам болып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген қоғамдық сананы қайта түлету ісінің мән-маңызы осында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан« атты мақаласында «ақынның мұрасы бүкіл адамзат баласының рухани азығы« деп лайықты баға берді», — деді Дәурен Абаев өзінің құттықтау сөзінде.

Абайдың атын иемденіп отырған бұл телеарна – мәдени-ағарту бағытындағы бірден-бір арна болмақ.

«Жаңа арнаның «Абай» деп аталуы тегін емес. Біріншіден, мәдени-ағарту бағытындағы жалғыз телеарнаға ұлт руханиятының темірқазығы Абайдың атын беру өте орынды. Өйткені, ұлы ақынның өнегелі жолы әлі талай ғасырға жалғас ады. Екіншіден, жаңа телеарна төл мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауды мақсат етеді. Бұл турасында ұлы ойшылдың «Пайда ойлама ар ойла, талап қыл артық білуге», «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген өсиеттерін есте ұстауымыз керек… Ұлы ақын тағы бір сөзінде адам баласын заман өсіреді дейді. Біздің жаңа телеарнамыздың жұмысы да осы қазіргі дәуірдің талабына бейімделеді», — деді Дәурен Абаев.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *