Қазақстанның таулы аймақтарында сел қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілуде

905

Еліміздің таулы аймақтарында сел қаупі кезеңі басталуына орай «Қазселденқорғау» ММ Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарында аэровизуалды бақылау жүргізіп, маусымдық бекеттер ашуда.

Маусым айынан бастап сала мамандары сел қаупі жоғары аймақтарында қызу жұмысқа кірісті. Аса қауіпті аймақтарда төтеншеліктер көлдің су деңгейін бақылау үшін қондырғылар орнатып, қызметкерлер сол жерде күндіз-түні бақылауда. Сонымен қатар елімізде алғаш рет сел қаупін бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша құрылыс жұмыстарының екінші кезеңін бастап кетті. Жамбыл облысында Аспара және Меркі су алабында тұңғыш рет биік белдеуде маусымдық бекеттер орналастырылды. Келер жылы басқа облыстарға ашу жоспары бар.

№19 мореналық көлі, Іле Алатауы

Суы ағызылған көл орны

 Ержан Қоспақов,

«Қазселденқорғау» ММ пайдалану басқармасының Бас инженері:

— Көктем, жаз, күз мезгілінде сел қаупінің қатері жоғары. Мәселен, маусым айының басынан бастап Іле Алатауының бөктеріндегі барлық маусымдық мезгілге арналған бақылау бекеттерін аштық. Адамдарды орналастырдық. Байланыс бар. Көлде жұмыс істейтін жұмыскерлерді және полиэтилен құбырларды апардық.  Алматы қаласы бойынша — 4 сорғыны көтердік. Олар Үлкен Алматы су алабындағы №13 көлге,  Ақсай су алабындағы №8, №9 көлге жеткізілді. Сосын жылжымалы тұрғын үйлерді орналастырдық. Олар Ақсай су алабындағы №9 көлге және ортаңғы Ақсай бақылау бекетіне орнасты. Іле Алатауы басқармасы бойынша бір жылжымалы үйді жеткіздік.

Осы айдың 10-на қарай Жетісу Алатауындағы таудың биік жерлеріндегі көлдерге жұмыскерлерді  апарамыз. Ол жерде төрт көлге жұмыс жүргізіледі. Адамдардың тұрғылықты палаткаларын, жылжымалы жылы үйлерді, полиэтилен құбырларды және оларды жалғайтын керекті құрал-саймандарды жеткізу көзделген. Сосын көлдерге батиметриялық және топогеодезиялық зерттеулер жүргіземіз.

Биыл бірінші рет Жамбыл облысындағы Қырғыз жотасында екі жерде бақылау бекетін аштық. Жылжымалы, әрі жылытылған екі үйді орналастырдық. Әрқайсысының салмағы -2 тонна 200 кг. Біреуі — Аспара су өзені алабына, екіншісі — Меркі су өзені алабына қойылды. Аспарада-5, Меркіде-3 қауіпті моренді көл тіркелген. Бұрын төменгі жақта бақылау бекеті болған, биыл жоғарыға қарай орналастырдық. Өйткені, қазір ғаламдық жылылануға байланысты, мұздықтар жылдам еріп жатыр. Сондықтан, көлдер көбейген. Демек, көлдерді  биік белдеуден күнделікті бақылап отыру күн тәртібіндегі жұмыс. Әр моренаның астында 30-40 см мұздық барын ескерсек, үстіндегі көлге су көп жиналса, астыңдағы мұздық еріп, төмен қарай ағып кетуі мүмкін. Осы қауіптілікті ескерілуде.

9 шілдеде Қаскелеңнің жоғарғы жағындағы №15 көлден бастап, Түргеннің №1 көліне дейін батиметриялық  зерттеу жоспарланып отыр. Бұл аймақтар бойынша, алты көлге қызметкерлерімізді, құрал-саймандарды,  қайық, топографиялық-геодезиялық  құрал-сайдандарды тастаймыз. Ол жерге геодизистер мен гидрологтар  шығады. Сондай жұмыстар жүргізіледі.

Есік көлі

Сол Талғар шатқалы мен өзені

Түркістан облысында таудың ортасына дейінгі белдеулерде маусымдық бекеттерді ашылды. Мұздық белдеуіне әлі жетпедік. Бірақ, барлық қауіпті аймақтарды тікұшақ көмегімен бақыладық. Қазіргі кезде, жағдай бірқалыпты. Келешекте мұздық белдеуінде бақылау бекеттерін ашу жоспары бар. Қазір Жамбыл облысындағы бақылау бекеттерін өз жұмысын бастап кетті. Сол тәжірибені Түркістан облысында жалғастырамыз. Шығыс Қазақстан облысында да маусымыдық бекеттер бар, бірақ елді-мекенге жақын, төменгі белдеуде. Біздің мамандар селмен күресте қолдан келген барлық күшті бірлесіп атқаруда.

Самат Дәуленханов,

«Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану басқармасының бастығы:

-Өткен жылға дейін Алматы қаласы бойынша таулы аймақтарда — 37 моренді көл болған. Әуеден тікұшақ көмегімен бақылау нәтижесінде, пайда болған тағы 8 көл анықталды, қазір жалпы — 45 көл анықталған. Барлығы нөмірленіп, құжаттары жасалды. Оның ішіндегі 15-нің ақтарылу қаупі бар. Ішіндегі суының мөлшері өте көп, аса қауіпті деген 7 көлге алдын-ала деңгейін түсіру жұмыстары жүргізілуде. Өте қауіпті №13 көлге былтыр екі сифон құбырлар орнатылған. Ол жақсы нәтиже көрсетті. Көл деңгейін 50 см-ге дейін түсірді. Бізге бұл тәсіл пайдалы болғандықтан, тағы бір сифон құбырын жалғап, үшіншісін қойып жатырмыз.

Іле Алатауының №6, №13, №9, №10 көлдерінде алдын-алу жұмыстары жалғасып жатыр. Алматы қаласы әкімдігінің және Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қолдауымен көлдерге автоматтандырылған мониторинг жасайтын датчиктер орнатылуда. Ол көлдің деңгейін, ауаның температурасын, ылғалдылығын есептеп, қауіпті болған жағдайда қалада орналасқан диспетчерлік пунктке сигнал береді.

Алматы қаласының биылғы жылы моренді көлдерді судан босатуға арналған алдын-алу жұмыстары:

— Ақсай өзені бассейнінде №№8, 9 және 10 көлдерде;

— Қарғалы өзені бассейнінде №1 көлде;

— Үлкен Алматы өзені бассейнінде №10 және 13 көлдерде;

— Кіші Алматы өзені бассейнінде №6 көлде.

Алматы қаласы төңірегіндегі мореналық көлдердің жағдайы бірқалыпты. Көлдердің деңгейі туралы біздің мамандарымыз бен мердігер компания қызметкерлерінің көмегімен күнделікті ақпарат алып отырамыз. Алматы қаласы аумағында 20 маусымдық бекет қойылды, оның 11-і уақытша, 9-ы тұрақты. Ол бекеттер өзен-көлдегі су деңгейін анықтап, бізге хабар беріп отырады. Біз орналастырған сифондар тауда үнемі қалады. Айына 4-5 рет тікұшақпен бақылау жүргізіледі. Көлдер теңіз деңгейінен 3400-3600 м. биіктікте орналасқан.

Дәурен Шаңгереев,

«TNS-INTEC» ЖШС-і Бас директорының орынбасары:

 — Біздің «TNS-INTEC» ЖШС — Алматы қаласы төңірегіндегі тауларда 31 станция салуда. Олар мореналық көлдер мен су бөгеттеріне орналастырылған. Өткен жылы 10-ы біткен, биыл 21-і салынуда. Барлығы салынып біткенде, барып төтеншеліктерге табыстаймыз. Елде карантиндік шаралар, тауда қолайсыз ауа райы болып жатқандықтан, станцияны орнату жұмыстары келесі жылдың көктеміне дейін созылып кетуі мүмкін. Жабдықтардың барлығы америкалық технология. Бұл Қазақстанда алғаш рет жасалуда, ТМД бойынша жалғыз. Бізден 30-ға жуық адам жұмыс істеуде. Олардың барлығы инжинерлер. Қызметкерлеріміз тауда қонып, күндіз-түні кезекпен жұмыс атқарады. Бұл жобаның алғашқы мүмкіндіктерін пайдалану үстіндеміз. Цифрлық ең тиімді жоба. Біз техникаларымызға 3 жылдық сапа кепілдігін береміз. Бұл техникалық Антарктидаға, Эверест шыңына қойылған.  10-15 жылдан аса жұмыс жасай алады.

Абай шыңы, Іле Алатауы

Нұрсұлтан шыңы, Іле Алатауы

Орджоникидзе шыңы, Іле Алатауы

Есік шатқалы, Іле Алатауы

Талғар шыңын бұлт басып тұр, Іле Алатауы

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

Алматы-Талғар-Есік-Алматы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *