ҚАЗАҚТА ПАССИОНАРЛАР ҚАЛДЫ МА? Болса олар қайда?

263

Жарас-256x300

Жарас Сейітнұр,
психология ғылымының
кандидаты

«Работа выполняемая этническим коллективом, прямо пропорционально уров­ню пассионарного напряжения»
Л.Н.Гумилев

Кеңес тұсында едәуір шетқақпай көр­генімен, кейін мойындалып, бүгінде қа­лың жұртшылыққа есімі танымал боп отыр­ған ғалым, белгілі этнос зерттеушісі Л. Н. Гумилев өзінің «Этногенез и биосфера Земли» атты іргелі еңбегінде кез келген этностың өмір сүруінің басты шарты ондағы пассионарлардың үлесіне байланысты екендігін айтады. Тұтас бір этностың тағдырын айқындайтын осы пассионарлар деген кімдер?.. Кімдерді пассионарлар деп атауға болады? Оларды басқа адамдардан не ерекшелендіріп тұрады? «Пассионарлық» ұғымы ла­тын­ның раs­sіо – құмарлық, күшті сезім деген сөзі­нен шыққан. Л. Н. Гумилев адамдар тобы ішінде кездесетін қуаты, жігері мол, өте белсенді жандарды пассионарлар деп атаған. Бұл адамдар В.И.Вернадский ашқан биосферадағы тірі зат энергиясын, яғни, табиғаттағы биохимиялық энергияны мол сіңіруі­мен ерекшеленеді.

Жер шары Күннен жарық пен жылу, ішкі қабаттардан (барисфера, аралық зона) радиоактивтік ыдыраудың атомдық энергиясын, ғарыштан түрлі сәулелерді жұтып отырады. Жерде үнемі осы энер­гиялардың өсімдік, жануар, адамдар қауымы, яки, этностар арасында алмасу про­цесі жүріп жатады. Оны идеалистер «әлемдік жан» десе, діни ілімдегілер Құдайдың, Алланың нұры деп атайды. Сол энергия, пассионарлық, күш оларды үнемі әрекетке итермелеп отырады. Олар қандай да бір мақсат жолында өзін құрбандыққа шалыл жіберуге әзір. Жеке адамдағы пассионарлық әр алуан қабі­леттілік түрінде көрінуі мүмкін, біреу үшін ол шығармашылық, ал, келесі біреуге билікке не атаққа ұм­тылу, болмаса бір идеяға бар ынтасымен берілу (фанатизм) т.б т.с.с. Бұлардың мінез-құлықтарының астарында белгілі бір пайданы көздеп әрекет ету (ақша, түрлі материалдық, игіліктер сияқты) емес, керісінше, жеке мүдде тұрғысынан мүлде алшақ мотивтер (түрткілер) жатады. Әдетте адамдардың қылықтарын ақылға қонымды себептер анықтаса, мысалы, ауырмай-сырқамай өмір сү­ру, артына ұрпақ қалдыру, жақсы тұр­мысқа ұмтылу, жалпы жұртқа қа­дірлі, сыйлы болу, қоғамға танылу, бір сөзбен айтсақ, өзінің биологиялық өмірінде тіршіліктің қызығын аман-есен көру сияқты көп­шілікке ұғы­нықты ойлар билесе, пассионарлар үшін жеке өмірдің рахаты назар ау­да­руға тұрмайтын, тіпті, өмір сүрудің өзі еш құны жоқ нәрсе болуы мүмкін. Олар ештеңеден қорықпайды. Өз еркі бойынша тіленіп соғысқа баратындар да, өзіне-өзі оңай қол жұмсайтындар да, отбасы, балаларын тағдырдың тәлкегіне тастап бір ойдың, идеяның соңына түсіп кететіндер де, жеке өміріне төнер қауіп-қатерлерге қарамай ақиқат, әділеттілік іздеп, шындықты жақтайтындар да – осы пассионарлар. Сонымен, пассионарлық – қоғамды, қоршаған ортаны өзгертуге деген ұмтылыс және қабілеттіліктен көрінетін қасиет. Пассионарлық дәрежесі әр түрлі болуы мүмкін, алайда, оның тарихи тұрғыда байқалуы үшін пассионарлар саны көп болуы тиіс, яғни, бұл қасиет жеке адамдардан гөрі этникалық деңгейде анық білінеді. Пассионарлықтың дүрпуінен этностың өрлеп, өсуі басталады. Пассионар тұлғалар Ұлт Рухының көтерілуіне себепкер боп табылады. Өткен ғасырдың басында қазақ қоғамында ұлттық идея жасау міндетін өз мойнына алған пассионарларымыз Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай және басқалары қоғамдағы бел­сенділіктің оянуына түрт­кі болды. Ұлттың озық бөлігін құр­тып-жою қазақ пассионарлығын қатты әлсіретіп кетті. Антиэгоистік әдепті, моральды ұстанатындар азайды. Де­генмен, Ұлт Рухының түпкілікті жойыл­мағандығын 1986 жылдың желтоқ­саны әйгілеп кетті. Желтоқсан қазақ пассионарлық қуатының көрінісі іс­пет­ті құбылыс болды. Сондағы жастарды көшеге алып шыққан күш ҚАЗАҚ деген сөздің құдіреті еді. Кейбіреулер айтып жүргендей, мәселе – оны кімнің ұйым­дастыруында емес, ең бастысы – сол көтеріліске қазақ жас­тарының еруі, белсенді қатысуы. Ал, бүгінгі оппо­зи­цияның соңы­нан жастардың ер­меуі­нің бір себебі – олардың бағдар­лама­ла­рында негізгі идеяның, ұлттық маз­мұнның болмауы. Қазақ ұлтының мүддесі алғашқы орынға қойылмай, кез келген партияға титулды ұлт жа­ғынан қолдау табу өте қиын болады.

Л. Н. Гумилевтің этногенез теориясы бойынша, әр этностың дамуы төрт кезеңнен тұрады: әуелі инкубациялық кезең, сосын өрлеу басталады, дамудың орта тұсы – мертігу фазасы, ең соңында инерциялық кезең. Армян, еврей сияқ­ты көне этностардың қанша тағдыр қиын­дығын көрсе де жойылмай келе жа­туының бір сыры – оларда пассионар­лар саны көп болуымен түсіндіріледі. Ал, бұл тұрғыдан қарастырсақ, қазақтар еврейлердің антиподы ма деп ойлап қала­сың. Американ жазушысы Леон Юрис­тің атақты бестселлерінің бірі «Исход» (Ехоdus) кітабын оқып, еврейлердің қа­лай өз мемлекетін, өлі тілін қалпына кел­тір­генімен танысқанда, еріксіз қайран қаласың. Әлемге тарыдай шашыраған осы этносты біріктірген қандай ғажап күш? Ол – ұлттық идея!!! Сондай қуатты идея қазақтарда бар ма?.. Бос қапты тұрғызу қандай қиын болса, идеологиясы жоқ мемлекетті аяғынан тік тұрғызу да сондай қиын. Азаматтарын жұмылдыру үшін де бел­гілі бір идея керек емес пе?.. Ал, армян­дар әлемді несімен таңқалдырып отыр? Армения астанасы – Ереван дүниежүзін­дегі ғалымдардың бүкіл теориялық тұ­жырымдарын жоққа шығарып, іске асыр­­май тастады. Әдетте, заңдылық бойынша, кенттену (урбанизация) процесі ірі қалалардағы тұрғындардың әр алуан этностардан түзілуіне әкеп саятын. Бұрынғы Кеңес Одағының кез келген қаласын алып қарасаң, тұрғындары әр түрлі ұлттан болып келеді. Ал, миллионнан астам халқы бар Ереван дүниеде тек бір ғана ұлт – армяндардан тұратын моноэтникалық қала болып отыр. Онда барған басқа ұлттың өкілдері өздерін жайсыз сезініп ұзақ тұрақтай алмайды екен. Армяндардың ұлттық иммунитетінің күштілігі сон­дай, өзгелерді ағзадағы бөгде зат сияқты қабылдамай шығарып тас­тайды екен. Жалпы армяндар қай елде жүрсе де, өздерінің ерекшеліктерін жо­ғалт­пайтын, жергілікті халыққа араласып сіңіп кетпейтін ұлт. Егер, мүмкіндік болса, өзгелерді өздеріне бейімдеп ала­тын қасиеті бар көрінеді. Тіпті, ОРТ-дағы КВН-ды «жаңа армяндар» ко­ман­­­дасының қалай жаулап алғанына теле­көрермендердің бәрі куә. Әрдайым өздерінің ұлттық ерекшеліктерін атап көрсетіп, арнайы назар аудартып отырады. Ал, қазақтардың кенттенуі «еревандану» тәрізді сипат алмақ түгіл, керісінше, «қазақсыздану» жағына ойысып бара жатқан сияқты. Тек Нью-Йорктегі негрлер геттосы Гарлем тәрізді Алматы қаласының шеткі аудандарындағы Шаңырақ (символдық мәні бар) сияқты қазақ геттоларын мы­салға келтірмесек. Бұл не, қазақтың этникалық өрісінің әлсіздігі ме?
Байырғы қалалықтарды айтпағанның өзінде Алматыдағы мектептерге күні кеше ғана ауылдан келген қазақ балалары ана тілінде сөйлегеннен гөрі орысша, не ағылшынша сөйлегенді үлкен мәртебе көреді. Ата-анасы оған мәз. Өзге ұлттар туралы әңгіме қозғамасақ та болады. Мемлекеттік тіл олардың өмірінен тыс, еш қатыссыз өтіп жатқан құбылыс. Оның үстіне қазақ тілі мәселесі тек қазақтарға ғана керек деген ұстаным бар. Оның теріс салдарын өзіміз де сезінбеген сияқтымыз. Ең тәуірі – үндемей-ақ қойған жөн еді. Несін айтамыз, қазақстандықтардың мінез-құлқында, көңіл-күйінде мем­лекеттік тілді игермек түгіл, тіпті, оған қатысты психологиялық өзгерісті де жасай алмадық. Әзірге, қазақ тілі тек ауылдық қазақ пен оралманның өткір сезінер жеке проблемасына ғана айналып отыр. Кейбіреулердің орыс тіліне мемлекеттік дәреже беру туралы зиянды идеясы қазақ тілін біржолата тұралатады ғой деп ойлаймыз. Егер, қазақ тілінің аяғынан тік тұратынына көзіміз жетсе, тіпті, ағылшын тілін мемлекеттік тіл деп жарияласа да артық етпес еді. Алайда, қазақ тілінің бүгінгі шынайы рөлін біліп отырып, өзге тілді қолдау жайлы әңгіме айту – ұлтқа жасалған опасыздық.
Бүгінгі шенеунігі мен кәсіпкері, зия­лысының мінез-құлқына түрткілеріне қарап отырып, қазақ этносы күйреу ке­зеңіне («обскурация» фазасына) мез­гі­лінен бұ­рын жетіп қала ма деген қауіпті жоққа шы­ғара алмаймыз. Па­трио­­тизм ұғымын этнос деңгейінде ком­плиментарлық прин­циптің (адамдарда көрі­нетін симпатия, ұнатушылық) жүзеге асуы деп түсіндірген Л. Н. Гумилев, оған көп мән берген. Әсіресе, ғалымның пікірінше, жастарда ол сезімнің болуы аса маңызды. Мәселен, Осман импе­риясының этникалық тұтастығын Па­рижде оқыған, Еуропа мәдениеті мен өркениетін өз еліне талғаусыз енгізбек болған жас тү­рік­тер (младотурки) күйретті дейді. Ұлт табиғатының, дүниетанымының са­бақ­­тас­тығын бұзу қаупіне тоқталады. Айтпақшы, этникалық шұбарлылықтың өте көп болуы потенциалды жанжалға негіз боп табылады. Зерттеушілердің пікірінше, полиэтникалық (көп ұлтты) мемлекеттен гөрі, моноэтникалық (бір ұлтты) мемлекет анағұрлым орнықты әрі тұрақты боп келеді екен. Ал, мемлекеттің рухы мықтылығының көрсеткіші – патриотизм деңгейі бізде қалай? Оны қалыптастыру ісі қалай жүруде? Ұлт болашағы боп табылатын жастарда отаншылдық сезімі бүгінде қалай қалыптасады, егер, ел тұтқасын ұстап отырғандардың сыбайлас жем­қорлығы жайлы әңгімелер жұрт аузына ілінген басты тақырыпқа айналып отырса (Халықтың көп жайдан қалай хабардар болып, аңғарып отыратынына қайран қаласың). Тіпті, коррупцияны ақтауға да болар еді, егер, ол ұлт пайдасына жарап, соның мүддесіне қызмет етіп жатса. Оған көз жеткізер қандай дәлел бар? Күн өткен сайын патриотизм сезімі қарапайым адамдарда жойылып барады. Қасиетті ештеме қалмай бара жатқан да сияқты…
Патриотизмнің үлгісін ең әуелі мемлекет қызметкерлері, шенеуніктер керсетуі қажет. Әйтпесе, сенім жойылып, мемлекеті мен қол астындағы азаматтары арасындағы байланыс жібі үзілуі әбден мүмкін. Осыларға қарамастан, жастарға бәрібір сенетін идея, биік мұраттар керек. Ізгіленген сезім – өз мемлекетін сүюдің алғышарты. Оның үстіне, жоғары мотивтерге (түрткі) көбіне жастар психологиялық тұрғыда әзір болады. Сынықтан, басқаның бәрі жұғады дегендей, тек алдыңғы буын психологиямызды бұзып, басқа арнаға бұрып жібермесе болғаны. Біздің ақыл-ойымыз, күш-қуатымыздың елімізге қажет екендігін үнемі сезінуіміз керек. Сеніп іс тапсырмай, тек қосалқы рөлде ойнау әлеует, қарымды толық ашады деп айтуға бола ма? Этнофор қазақ жас­тары мемлекеттік іске қатыстығын сезініп, оның тағдырына белсене араласуы тиіс. Сонымен, қорыта келе айтсақ. Ұлт тағдырын пассионарлар анықтайды. Олай болса, олар қайда?!




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *