Кейкінің ел естімеген екі әңгімесі

1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде керемет ерліктер көрсеткен Кейкі батыр есімі қашан да халық жадында. Кеңес үкіметі тұсында билік тарапынан сұрмергеннің атын айтуға да тыйым салынды. Әйтсе де, ел өзінің ерен туған ұлын ұмытпады. Күн өткен сайын Кейкі тұлғасына деген халық сүйіспеншілігі арта түскенін байқаймыз. Сол себептен де, Кейкі Көкембайұлының көпшілік көп біле бермейтін, оның нағыз мерген болғандығын дәлелдейтін екі оқиғаны жазып отырмыз.

Киікті көздемей атқан мерген  

Бұл оқиға азаттық көтерілісі алдында болыпты деседі. Кейкінің мерген атағы дүркіреп тұрған шақ. Торғай мен Ұлытау арасында жолбарыстай жалғыз жортып, жапанда аң аулаған батыр бірде Торы Қыпшақ ішіндегі Қара руынан тарайтын Нұртай деген кісінің үйіне мейман болып түседі. Заманға сай дәулеті бар, еліне сыйлы Нұртаймен Кейкі ертеден сыйлас екен. Ол шақта байдың үйі Аққұмның бойында, Ұлы Жыланшықтың жағасында отырса керек.

Атағы алысқа кеткен мергенді ортаға алып мәжіліс қызған шақта, балалар ойнап жүрген жақтан шу шығады. Сөйтсе, өзенге құлаған киіктердің бірі әлденеде үрікті ме, үйірінен бөлініп кетіп, тік жар тұста жиекке шыға алмай жанталасып жүр дейді. Жүзе жүріп дәл мерген отырған үйдің маңына да тақап қалыпты. Ұлы Жыланшықтың арғы бетінде тайыншадай теке. Бергі бетте атақты мерген Кейкі. Екі ара оқ жетер-жетпес жер. Әрі киік етінен дәм татқысы келген, ең бастысы Кейкінің мергендігін көзімен көруді мақсат тұтқан тұрғындар мейманды қолқалайды. Етегі түрулі тұрған үйден киікке бір көз салған мерген, орнынан қозғалмаған қалпы ұңғысын керегеден өткізіп, мылтығын арқасына қойып, «гүрс» еткізеді. Киік сол орнында қалады. Теріс қарап отырып-ақ көздегенін мүлт еткізбеген Кейкінің мергендігіне тұтас ауыл тәнті болыпты.

Шапқан атты оқпен тоқтатқан

Нұртай ауылында біраз қонақ болып тыныстаған Кейкі кетерінде байдың бір атына көзі түседі. Мерген мейманын риза қылып аттандырғысы келген бай сәйгүлікті Кейкіге байлайды. Ол кезде жазғы жайлауға қамайтын қора жоқ, шу асау құрық салдыруға мүмкіндік бермей, қасына тақатпай біраз әурелейді. Ақыры, амалы құрыған Кейкі жігіттерге атты жылқыдан жеке бөліп шығаруын өтінеді. Жылқышылар айтқанын орындап, алдына жеке айдап келеді. Оңтайлы сәтті аңдып тұрған мерген үйірден бөліне берген атты қатарынан екі рет мылтықпен атып жібереді. Жануар сол қалпы қалш-қалш етіп тұра қалады.

Сөйтсе, Кейкі мергеннің оғы жүйріктің ұлы денесін жараламай, жалының түбі мен төс терісін жырып жіберіпті. Денесіне оқ тиген ат шошынып, орнынан қозғалмай қалған екен. Кейкі шу асауды осылайша ұстайды.

Бәлкім аңыз, бәлкім шындық, қалай болғанда да Кейкінің теңдессіз мерген екені ақиқат. Мен бұл әңгімелерді өлке шежіресін зерттеп, Кейкіге қатысты деректерді зерделеп жүрген азамат Шөптібай Бәйділдәұлының аузынан естідім. Шөптібай аға танымал тарихшы Қойшығара Салғарадан естігенін айтты.

Қойшығара ағаның жастық шағы Аққұм бойында өткен. 2013 жылы біздер (Амандық Әмірхамзин, Жәнібек Әмірхамзин және мен, қасымызда Құрманбек Байзақов, Мұрат Сейдеғалиев есімді ел азаматтары бар, Айырқұмға барып, Жыланшық бойын аралап, біраз қорымдарға дұға бағыштадық. Сол жолы Нұртайдың зиратына да соға кеткенімізді айтқан жөн)

Абылай Мауданов

Дереккөз:Тobyl-torgai.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *