Қалжырап қалған қаладан, Тұнжырап ауып бара ма ән…

660


Динара МӘЛІК

1988 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Бірнеше жыр жинақтарының авторы. «Үркер – Үміт» бәйгесінің жеңімпазы. Республикалық бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері.

Неизвестный объект

Тірлік деген таразысы-ау Тəңірдің,
Сəттер сайын сынағында жаңылдым…
Ақша бұлттай ақ көйлегім желбіреп,
Арманыма сенер күнді сағындым.

Жанұшырып жанның даусын тыңдамай,
Бұрынғыдай мұңның жүгін жырламай…
Алақандай ауылыма тығылып…
Кеткім келмей жүр ғой əлі бұл қалай?

Туған үйден қай сырымды жасырам,
Бала -күннің иығына асылам.
…Ас үй жақтан күбірлейді жеңешем,
«Не жетпей жүр…дей ме əлде осыған?»

Əжемнің де əжімдері ақылды:
Тым байыппен жанына ыммен шақырды.
Таныс мейірім…алыс неге құдай-ау…
Қызын емес құшқандай бір ақынды!

Ой күзетіп, шешем отыр көңілсіз,
Үш күн болды…мен келгелі əлі үнсіз…
Күбірлесем жаутаңдайды сыр бермей,
Бір əңгіме айтар дей ме жағымсыз…

Қалай кетем, туған үйге шертілмей,
Көз  жасым да сырғып түсті-ау іркілмей…
Бұрымымдай қалғаны ма қиылып,
Қыз- ғұмырым біткені ме бір күндей…

Бара жаттым сұр қалаға аттанып,
«Қыз-қонақ ғой» -деген сөзге тоқталып.
Бүтін бақыт көлбеңдейді алыстан,
Ұмтыламын жоғалуға шақ қалып…
Тұман мұңдар таусылмастай көрініп,
Телефонда. ..саусағым тұр ілініп.
«Ошағыңның тыныштығын сақта»-деп,
Арғы жақтан анам тұрды егіліп. ..

P:S

Бәлкім. ..бəлкім мейірімге шөлдедім…
(Əйел қашан таға алады ерге мін? )
Қала сенің қорғансыздау пендең ем…
Қандай жақсы тым есейіп келгенім..

***
Бұл неткен сағыныш сабырлы,
Үнсіздік кеудемде жаңылды. ..
Сүйетін. .. Сүйетін адам да,
Осылай сұрай ма халімді?

Тірліктің түйткілін күйретіп,
Шарықтай білуді үйретіп.
Жіберсең, гүл етсең қайтеді…
Жырымды жанарда сөйлетіп.

Бөлініп кетсек деп қаладан,
Көрмеген күндерді санағам.
Қиялмен қойныңа тығылып,
Жеп-жеңіл боп кеттім ауадан…

Жып-жылы сезімге талпынған,
Жүрекке талай жүк артылған.
Сəулең боп сəн құрғым келіп тұр,
Адасып төзімді қалпымнан!

Сөйледім…бəлкім Сен естідің…
Осылай ғұмырды шешті-мұң…
Бар болса бақыт та -бағасыз,
Жақсы ғой болмаған ешкімің!..

***
Қайрылмай кеттің қайғыма,
Басымнан бағым тайды ма?
Сағыныш саулап жүректен
түбіме жетті-ау ой мына.

Қабарып көңіл жүр налып,
Шуағы мұңға ұрланып.
Жолығып қалар ма екенбіз,
Көзіңе көзім шырмалып.

Əлдебір жанның ісіндей
мен емес бəрі түсімдей.
Қардың да түсін ұмыттым,
Адамның тілін түсінбей!

Не күйге түсер екенмін,
Аңсадым, талдым, бөтенмін.
Бір күні мүмкін дəл қазір…
Бұрылмай саған жетермін!

Өмір ме маған керегі,
Шеңберге шектей береді.
Өзіңнің ғана өзіңнің,
Ауаңды жұтқым келеді!

***
Ақ төсекке Айдың нұры төгіліп,
Дидарың да түгел жатыр көрініп.
Маңдайыңнан, маңдайыңнан иіскедім,
Әр шашыңа сәуле болып ілініп.
Өмір бізге ұсынады қанша мұң,
Көз алдымда көлбеңдейді мың сағым.
Сан сұрақтар қалды кенет шашылып,
Иығыңа тиіп кетіп саусағым…

Момақан боп жатқаныңмен көз іліп,
Кірпігіңді тұр ма екен ой тізіліп…
Демімді де ішке жұтам білдірмей,
Сен барлығын жатқандайсың сезініп.

Сағат қанша, керек пе осы жылдамдық,
Уақытқа да құрбан болып ұрландық…
Күбірлеймін, күлімдеймін сен болып,
Осы шығар ең аяулы жалғандық!

Ай сәулесі көшіп кетті бөлмемнен,
Қашан қай кез құшып оны үлгіргем?
Ұлиды кеп ішімдегі көп дауыс,
Келмейді деп, бұл өмірді сүргім мен!

Тым асығыс еніп келді таң бүгін,
Түн мен Күннің ұқсын дей ме тарлығын…
Аспан…ол да тыншымаған екен-ау,
Қалың болып жауа қапты қар бүгін..

***
Жалғыз жанға серік болар жалқы-мұң,
Өмір саған сездірмесе салқынын…
Жапалақтап қар жауып тұр қалада,
Қайырлы таң, алтыным!

Қайырлы күн, ғұмырым!
(Қандай сыйлық ұсынады бүгінім?)
Қара жерде алшаң басып жүргенмен,
Алла дейтін құдіреттің құлымын.

Қар жауып тұр, ақ таңдай,
Қара жермен бір үйлесім тапқандай…
Ерке-қарлар, еркелейді ернімде,
Аспан жақтан көктем құлап жатқандай…

Қайыңдар тұр ән салып,
Желтоқсанның жылы қарын қарсы алып.
Тұнығым-ау түнге сіңіп кететін…
Сен де қазір ояндың ба, тамсанып?!

Қол ұстасып жылдармен,
Көз ілгенше әуеніңді тыңдар ма ем…
Дәл осылай ғұмыр ғажап болар ма,
Біздер бірге болғанмен…

***
Тағдыр екен есімің тіл ұшында күрмелген,
Сезім деген сен екен сөз ішінде түрленген…
Кезің қайда құдай-ау, көзің қайда қадалған,
Қондырсам ғой кеудеңе, көктеміңді тоналған…

Ақын емес, әйел боп қалдым ба екен ұнатып,
Жанарымның қиығын, қиялыңа құлатып…
Сағынышты жер-көкке сиғыза алмай сенделем,
Жабырқаған жаныңды жалғыз жырмен
емдер ем!

Бізсіз келген көктем де, бізсіз келген өтер күз,
Өтіне алмай ақыры өліп кетер ме екенбіз…

***
Көзге көрінбес күнәларымды,
Оқылмай қалған дұғаларымды…
Алладан бұрын пенде біткенді,
Бес күнге қимай сынағанымды…
…Өшіре алам ба кеудемнен?

Есімді білмес ессіз күнімді,
Түгесілген төзім…көзсіз мұңымды…
Жария етіп…жалғаннан бездім,
Қараңғы дедім, Сізсіз ғұмырды…
Өзгерерін бәрін кім білген?

«Жалғызбын» деппін…сезбеді жаным,
Түннің де тұнық көздері барын.
Сезімге ұйып сыңар етіппін,
Өзіме тілеп, өзгенің бағын…
Көңілді қалай сендіргем?

Бағалай алмай бақыттарымды,
Жалғанға қиып жақұт-таңымды.
Нұрынан Күннің жасқанды жүзім,
Кім білсін…бүгін ғаріп халімді…
Жанымды шерге көндірген…

Қайғыға балап, шүкір күнімді,
Тағдырға телген бүкіл мұңымды…
Тілімнен шыққан тоғыз күнәмді,
Айтылып қалған күпірлігімді…
Өшіре алам ба кеудемнен?

***
Бұралаң жолдар бұралаң,
Ес жиып талай құлағам.
Өмірді қойшы өң мен түс,
Күйімді кім бар сұраған?!

Белгісіз мұңға түнегем,
Сенгісіз ғұмыр сүрер ем…
Тыйылмай жүрсе көз-жасым,
Бұйырмай жүр де бір өлең!

Үндемей жүріп сөйледім,
Күлімдеп тұрып күйредім.
Тағдыры бөлек о, тоба,
Жолыққан жалғыз сүйгенім…

Ашылса таңмен есігім,
Сыбырлап сүйдім есімін.
Түннен де тығам сол жанды,
Күннен де сұрап кешірім.

Ақ пенен қара арасын,
Аралап нені табасың?
Алладан түскен шыбын-жан,
Шырылдап қайда барасың?!

Тұтанбас қайта сөнген-шоқ,
Түңілгем ажал төнген жоқ.
Ойға да баттым тұңғиық,
Ақылды болып көргем жоқ!

Қалжырап қалған қаладан,
Тұнжырап ауып бара ма ән?..
Түнектен жырмен тіріліп,
Жүрек боп қайта жаралам!

***
Аппақ қар ериді ернімде,
Сен құсап сүйісе алмайды…
Бақытқа келмейді сенгім де,
Білем ғой баяны болмайды…

Аппақ қар құлайды кеудеме,
Көгершін-көңілді алдайды…
Дірілдеп тоңады гүл-дене,
Сен болып жылыта алмайды…
.
Аппақ қар арманым үзілген,
Дем болып жер бетін еріткен.
Сен еріп келердей ізімнен…
Қарайлай беремін неліктен?!

Тұншықты тағдырым жанарда,
…Ол мені аңсайды түбінде!
Сол кезде мен сөйлей алам ба,
Ол білген махаббат тілінде…




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *