Неке қию дәстүрі

Адам ата мен Хауа ана жұмақта жүріп, күнәға ұрыныпты. Олар Ұлық Алла тыйым салған жемісті жеп қойып, пейіштен қуылады. Адам ата Үндістандағы Саринджап деген тауға, ал Хауа ана Жиддә тауына түседі. Екеуі ұзақ уақыт екі құрлықта кездесе алмай жүреді. Бір күні Ұлық Алла оларға мейірім шапағат етіп, екеуін Жиддә тауының етегінде, бір бұлақтың қасында жолықтырады. Екеуінің жұптық өмірі адал болып, ұрпағы текті болуы үшін Ұлық Алла олардың некесін қиюға Жебірейіл періштені жібереді.
Жебірейіл періште келіп:
– Уа, Адам! Мен сендердің некелеріңді қию үшін келдім. Бүгін сендер Алланың бұйрығымен бір-біріңе адал жар боласыңдар. Өмірде барлық бейнетті де, зейнетті де бірге көресіңдер. Ұрпақ өсіріп, жер бетіне тарайсыңдар, – депті.
Некеге куәгер болу үшін Мәкәйіл мен Ысрапыл періштелер келеді. Неке қиылар алдында Адам ата мен Хауа ана кәлима айтады. Бір-біріне ықтиярмен қосылғанын растайды. Жебірейіл періште неке дұғасын оқиды. Кесеге құйып, жәннаттың бал татыған суын әкеліп:
– Махаббаттарың балдай тәтті болсын! – деп ішкізеді.
Олардың неке қию рәсіміне куә болған Мәкәйіл мен Ысрапыл періштелер:
– Екі жастың ықтиярмен қосылғанына біз куәміз, – дейді. Жәбірейіл періште:
– Екі періште Тәңірі алдында сендердің некелеріңнің растығына ант берді. Екеуінің есімін есте сақтаңдар. Қияметте сұралады. Зорлықпен неке қиғандар жауапқа тартылады, – деп неке қию рәсімін аяқтаған екен.
Осыдан бастап мұсылман қауымында екі жұп үйленгенде құтпа оқып, кәлима айтып, куә тартып, тәтті су ішу рәсімдері дәстүрге айналған екен.
Қазақ арасында бұл дәстүр күні бүгінге дейін берік сақталған. Молдалар неке қиғанда куәлікке туыстары не болмаса жақын жолдастары тартылады. Олардан жастардың ықтиярын сұрағанда:
– Куә, куә, куәдірміз,
Куәлікке жүрәдірміз.
Бүгін халық алдында,
Ертең Тәңірі алдында
Ақ некенің қиылғанына жауаптымыз, – деп жауап береді.
«Некелері тәтті болсын» деп, Адам ата мен Хауа ана ішкен жәннаттың суындай бал татитын, құрамына көп қант қосылған, ішіне күміс теңгелер салынған неке суын ішкізеді. Сосын куәларға, айнала отырған жұртқа судан ауыз тигізеді. Суды ең соңғы болып ішкен адам кесе түбіндегі теңгелерді иеленеді.




2 пікір “Неке қию дәстүрі

  1. Досымбет

    НЕКЕ деген сөз қайдан шыққан? Кім біледі?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *