2018 жылдың соңына дейін жекешелендіру аяқталады

321

Бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Бұл туралы бүгін жарияланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауында мәлім етілген, деп хабарлайды  Kazgazeta.kz.

«Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс. Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда. Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын», — деп атап өтілген Мемлекет басшысының Жолдауында.

Президент ірі компанияларды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету керектігін, Yellow Pages қағидаттарын енгізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түрлерін 47 пайызға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік бергенін жеткізген.

«Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады. Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай  тоқтатылуға тиіс. Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет», — деп тапсырды Н. Назарбаев.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *