«СЫБАҒАНЫҢ» ИГІЛІГІН КӨРІП ОТЫРМЫЗ

БҚО-ның Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылдық округіндегі «Ораз» шаруа қожалығының жетекшісі Ермек Момынов мемлекет­тік бағдарламалардың көмегімен мал басын асылдандыруды ал­ғашқылардың бірі болып қолға алды. Ол төрт түлікті мыңғыртып өсірумен қатар мал бордақылау алаңын ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр.
«Ораз» шаруашылығы қағаз жүзінде 2000 жылы құрылғанымен, өз жұмысын іс жүзінде 2012 жылы бастады. Ата-әжесінің мейірімді құшағында бұлғақтап өсіп, жеңгелері есті жігіт атандырған Ермек атасының есімімен аталатын әрі әкесі Мәлік негізін салған шаруа қожалығының жұмысын «жандандыруға» бел шеше кіріседі.

Мал өсіремін, соның ішінде асыл тұқымды ірі қара өсіремін деушілерге «Сыбаға» бағдарламасының ұсыныл­ға­нын естиді, танысады. Содан кейін бұл бағдарламаның игілігін көрмекке бекінеді.
– Нарықтық қатынастар өмірімізге енген кезде мұндай жеңілдіктер болған жоқ. Сондықтан «Сыбағадан» өз сыбағамды алу үшін тиісті құжаттарымды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстағы бөлімшесіне өткіздім. Кепілдікке жылжымайтын мүліктерімді салдым. 2012 жылы аталмыш қордан «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 13 миллион теңге несие алып, оған қарапайым мал сатып алдым. Ресейдің Орынбор облысынан қазақтың ақбас тұқымды 50 малын жеке қаражатыма әкелдім. Бұл менің қорқасоқтап алған ең алғашқы несием болатын. Оған қоса тұрғындардан өз қаражатыма мал сатып ала бастадым, – деп еске алады Ермек Мәлікұлы.
«Малдың жайын баққан білер» демекші, мал өсірген соң, оның қыстық жем-шөбін дайындауға техникаң болмаса тағы қиын. Сондықтан шаруагер сол жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облыстағы бөлімшесі арқылы 4 пайыз жеңілдікпен лизинг­ке ауыл шаруашылығы техникаларын екі «МТЗ-82» тракторын, екі «КУН», екі шөп тайлағыш алды. 2014 жылы тағы бір трактор мен орақ, одан кейінгі жылдары жеңілдікпен бір трактор алуға қол жеткізді. Қазір шаруашылықтың техника паркінде төрт «МТЗ-82» тракторы бар. Биыл да «ҚазАгроҚаржы» арқылы екі трактор тіркемесімен және «КУН» алғысы келіп, құжаттарын дайындауда.
«Мал балағынан өседі» демекші, жылдар алға жылжыған сайын мал басы да артты. Шаруа адамының айтуынша, несиелік қаржыны қайыру қиынға түспеген. 2014 жылы қазақтың ақбас тұқымды малын өсіретін шаруашылық мәртебесін алған «Ораз» шаруа қожалығы қа­зақ­тың ақбас тұқымының рес­пуб­ли­калық палатасының мүшесі болды. Шаруашылық содан бері асыл тұқымды мал сатып отыр. Палатаға мүше болу мал тұқымын асылдан­дыруға көп көмегін тигізетін көрінеді. Әрі мал тұқымын асылдандырудағы жұмысыңның нә­тижесіне баға береді.
– Төрт түліктің төресі саналатын жылқыны өсіремін, оны асылдандырамын деушілерге «Құлан» бағдарламасының көмегі зор. 2015 жылы «Құлан» бағдарламасымен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстағы бөлімшесі арқылы 14 пайызбен 9 миллион теңге несиелік қаржы алдым. Бұл қаржыға облысымызда шығарылған Көшім жылқысының төрт айғырын «Сәбит» шаруа қожалығынан сатып алып, үйірге қостым. 2016 жылы 400 басқа арналған мал бордақылау алаңын салдым. Қазір онда 200-ден аса бұқа және жылқы мен қой бордақылануда. Мал етін сұраныс түскен жерлерге апарып өткізудеміз, – дейді Ермек Момынов.
Іскер жас биыл бордақылау алаңын 1000 басқа арнап ұлғайтуды жоспарлаған. Жаз шыға құрылыс жұмыс­тарын бастамақ. Малдың бабын, жұмыстың жәйін білетін ұсы­нықты шаруаның мал қоралары да жаңа, тіпті төбелері жасыл түсті қаңылтырмен көмкеріліп алыстан көз тартады. Қазір Ораз қыстағында 350 асыл тұқымды ірі қара, 200-дің үстінде жабы жылқысы, 1,5 мыңдай уақ мал қыстатылуда. Мал азығы жеткілікті.
– Малды асылдандыру бір күнде болатын жұмыс емес. Оған ондаған жыл керек. Ал іс жүзінде асыл тұ­қымды мал мен қарапайым малдың арасында айырмашылық үлкен. Мал асыл болса, одан алынатын өнім де мол, табыс та көп. Мемлекет асыл тұқымды бұқаға, аналық малға субсидия береді. Бұл да – көмек. Ауыл-аймақтағы ағайындарға айтарым, мемлекеттік бағдарламаларға қорықпай қатысып, атакәсі­бімізді дамытуға, мал өсіріп, сол арқылы тұр­­мыс-тірлігімізді бақуатты етуге ұмтылайық дегім келеді. Өзім де шағын шаруашылықтан бастадым, мемлекеттің көмегімен асыл тұқымды мал өсіруге қол жет­кіздім. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бағытында екі шаруашылық ашу мақсатында қарекет етудемін. Жалпы, бұл жерде аудандық кәсіпкерлер палатасының тұрғындар арасында мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыста­рының оңды жолға қойылған­дығын, палата басшысы Бибігүл Жұмағұлованың көмегі зор екенін айтуға тиіспіз. Сондықтан мал өсіремін, кәсіпкерлікке ден қоямын дейтін азаматтарға палатадан тегін кеңес алуға балатынын айтқым келеді, – деп ой бөлісті Ермек Мәлікұлы.
Бүгінде 10 ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруагер Ермек Момынов мал өсіруден түскен кірісін тек мал басын көбейтуге жұмсап отыр. Ресейдің бірқатар қалаларында, Татарстанда, Башқұртстанда болып, сүт өңдеу кешендері мен мал бордақылау алаңдарының іс-тәжірибелерімен өз бетінше танысқан оның жоспары көп. Бастысы, «Әкем, әкемнің әкесі Ораз атам мал өсірген құтты атақоныстың ажары таймаса екен», – дейді ол.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Батыс Қазақстан облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *