Shakarim

ИМАН ДИҚАНШЫСЫ – ШӘКЕРІМ АҚЫН

Қазақ қауымының алдынан көлденең тосылған заманауи тосын тосқауыл, күрмеуі қиын мәселенің бірегейі дін, сенім, иман болса керек. Осы тақырыпты қаузаған ақпарат ағынан санаң сарсылғанда Шәкерім ақынға жүгінесің. Ол не дейді? «Дін тазасын ой табар» дейді. Тағы да «Сенімсіз – иман жоқ» дейді. Һәм «Ындыны таза – иманды» деп үстемелейді. «Қырықтан соңғы иманым,/Отыз жылдай жиғаным./Көп ғалымның сөзінің/Ақылға алдым сиғанын» деген жетпістегі хакім-философқа, ақсақал қажыға құлақ қоймасқа дәтің шыдамайды.

ШӘКЕРІМ (Шаһкәрім) Құдайбердіұлы (24.7.1858, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылы – 2.10.1931, сонда) – қазақ ақыны, ағартушы, Алаш қайраткері, ойшыл, теолог-ғалым, композитор, аудармашы.
Немере ағасы ұлы Абайдың қолында тәрбиелену Шәкерімнің алдынан айнымас бағдар, адаспас даңғыл жол ашты: жеті жасынан өлең жазды, жеті жұрттың тілін білді, ел аралады, Меккеге қажылық сапар шекті, Ыстамбұл, Париж кітапханаларында көне трактаттарды парақтады, пісті, жетілді. Қазақ поэзиясы қоржынына этикалық-дидактикалық һәм ойшыл философиялық бағыттағы жырларымен олжа салды. «Қалқаман-Мамыр», «Айсұлу-Нартай», «Әділ-Мәрия», «Қодардың өлімі», «Крез патша» дастандарын хатқа түсірді. Қазақ топырағындағы тұңғыш тарихнамалық кітап – «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресін», дін исламды қалың бұқараның қолына қондырған «Мұсылмандық шартын» жазды. Американ жазушысы Г.Бичер-Стоудың «Том ағайдың лашығы» романын, А.С.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» хикаят­тарын, Л.Н.Толстойдың «Үш сауал», «Ассарий патшасы Асархидон» әңгімелерін аударды. Өмір бойы Шығыстың сыршыл поэзиясын жанындай жақсы көрген, «Оятқан мені ерте – Шығыс жыры» деп жырлаған Шәкерім Фирдауси, Хафиз, Науаи, Сағдидің жауһар жыр-дастандарын аударып, сюжеттерін пайдаланумен қатар (мәселен, «Ләйлі-Мәжнүн», «Калима-Димна», «Мың бір түн», т.б.), әсіресе Қожа Хафиз бен Мұхаммед Сүлеймен Физули әлеміне дендеп еніп, өзінің төл шығармаларының өзек-тініне айналдырды.
ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан Алаш ұлтшылдарын жасы келген Шәкерім ақын барынша қолдады: «Айқапқа» да, «Қазаққа» да үн қосты; 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығындағы Семей облыстық қазақ сиезіне қатысып, құттықтау сөз сөйледі; Алашты дүниеге әкелген ІІ Жалпықазақ сиезіне арнайы шақыртылды; Алашорда үкіметінің сот коллегиясы мен Семей облыстық сотына мүше болып сайланды. 1918 жылы 6 наурызда Алашорда астанасы Алаш қаласында большевиктердің қолынан қаза тапқан Алаш милициясының бастығы Қазы Нұрмұхамедұлының басында тарихи сөз сөйледі: «Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған Алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл күнгі һәм мұнан соңғы «ұлтым» деген азаматтар «мына мен сияқты болып ұлтым деңдер» деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті» (Алаш. Алашорда. Энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2009, 229-231-бб.).
1929-31 жылдары, алапат Ашаршылық алдында, барша Қазақ Даласы қанға боялып, аттан түспегендер толқып-басылып, қансырағандар бас ауған жаққа ауа көшіп, аласапыран күй кешіп жатқан-ды. Осы бір ел басына күн туған зобалаң жылдарда кеңес өкіметі жендеттері тағы бір тағылық жасады: Шыңғыс тауының тыныш бір қойнауында, Саятқорада аузында иманы, қолында қаламы бар 73-тегі қарияны оққа байлап, сүйегін құр құдыққа тастады…
«Қазақтан мендей ұл туса,/Осындай түзу жол қуса,/Хақиқат іздеп бел буса,/Ол да бір жақсы ырым-ды» деген дана, ойшыл ақынның тәлім-тәрбиеге қатысты бір пара сөздерін қалың оқырманға жолдауды қош көрдік.
*Білім беру саласында «ар білімі» деген білім оқытылуға тиіс деп ойлаймын.
*Білімнің мақсаты – ар ілімін игеру.
*Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл.
*Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді… Өлімнен соң біртүрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан дегеніміз – ынсап, ғаділет (әділеттілік – Ә.Ғ.), мейірім.
*Жігіттер, күн болды ойланарлық…
Асыл сол – ақыл, білім бойда барлық.
*Нәпсі, өзімшілдік пен мақтан шексіз көп жаман ғадеттер туғызады.
*Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қыламын. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұяламын.
*Заманды жаралыс билейді.
*Терең ой, түзу тәжірибесі бар адам ғайыптан хабар береді. Әулие деген сол болса керек.
*«Мені кім жаратты?» деп ойламайтын бас бола ма?
*Біздің қазақтың өткен тарихының терең түбіне қарасақ, неше толқып, аңша жосып, онда-мұнда кетсе де, қайта айналып ұшқан ұясы Сарыарқаны таба берген.
*Бұрынғы халықтардың тарихына, бүгінгі жұрттардың тұрмысына, я бір үйдің ішінің ғұмы­рына қарасақ, бәрінің көгеріп-көркеймегінің зор таянымы – береке, бірлік. Бірліксіз өз-өзінен көгеріп, көркіне көз қуанарлық қызықты іс еш жерде болған емес.
*Әр ұлттың мәдениет жүзінде алға кете бастағанының бір белгісі – сол ұлттың өз тілінде мектептерінде оқылатын кітаптары, әдебиеті һәм басқа баспа сөздері болу.
*Ұлтшылдық мәдениетті туғызса да, ақ жүрек туғыза алмайды; ақ жүрек дегеніміз – ұждан (һәмме жанға махаббат, шапағат, ғаділет); қазақша – тәмам адам баласын бауырындай көріп, жаны ашып ғаділет қылу. Осы айтылғандай ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды. Ұлтының кемшілігін толтыру, артықты өзгелерге зиянсыз жолмен табу – ақ жүрек (ұждан) ісі.
*Шенеунік ісін қылмаңыз – ғаділет жолын таңдаңыз.
*Құр білген керек емес – білгенді іс қылған керек.
*Біздің қазақ халқында сүйекке сіңген еріншек, салақтық мінез бар, ойланыңыздар, ойланыңыздар!
*Барша Алаштың тілеуі ортақ сапар болған соң, «қарыс – алыс, сүйем – жуықты» қойып, адал кірісуіміз жөн.
*Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып бейнеттен құтыла алмаймын, осынша тәтті көретін өмірден татпай тұрып «ащы» деген өлім жақсы болса керек.
*Осы өмірден басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?
*Жүрегі таза адам қиянатқа бармайды.
*Ең зиянды адам – мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам. Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады.
*Мейірім, ынсап, ғаділет, адал еңбек, таза жү­рек, тату дос – өміріңде өкіндірмес қасиеттер осылар.
*Көңілі жұмсақ адамның күрмеуін тағдыр шешеді.
*Ашумен қылған іс – іс болып жарытпайды. Бойды ашуға билетпе.
*Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман.
*Адамның ең асылы – қиянатсыз, ақ пейіл адам.
*Арлы, ақылды адам – қиянат, зорлық жасамайды, өзімшілдік пен мақтанды сүймейді.
*Ызақор – қабаған төбет тәрізді.
*Қиянат қылма адамға – таза еңбек істе заманға.
*Өзімшілдің іші – тар, ойы – шартық.
*Сөзіңді түзе – ғадетіңе айналады,
Ғадетің – мінезіңе айналады;
Мінезің – сенің тағдырың.
*Адамдар мал-мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жанын тапсырады.
*Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан.
*Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек ет.
*Шын бақ – ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде.
*Өтіріктен тілін тия алмаған адам – арамдықтан ындынын тия алмас.
*Бас көзі жұмылады, көңіл көзі – жұмылмайды.

Ғарифолла ӘНЕС




Пікір қалдыру