Әзібаева Бақытжан Уәлиқызы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Мәтінтану және деректану» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Айман – Шолпан: ескі эпосқа жаңа көзқарас

108

Ұзақ уақыт бойы ұлттық әдебиеттануда «Айман – Шолпан» дастаны ғашықтық (романдық) жырлар құрамында қарастырылып, жарияланып келді. Алайда кейбір ғалымдардың бұл жыр туралы пікірі өзгеше болғаны белгілі. Бұл тұрғыда Қ.Жұмалиевтың «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» [1958] атты монографиясының «Айман – Шолпанға» арналған тарауы көңіл аударарлық. Еңбекте Айман бейнесінің басқа эпостардағы әйел образдарынан өзгешелігі сөз болған. Әйтсе де зерттеуші Айман образының өзегі мен табиғатын, оның жан дүниесін ашып көрсетпейді. Ал шығарманың жанрын Қ.Жұмалиев тарихи деп жіктеген. Сондай-ақ Ы.Дүйсенбаев та дастанда махаббат тақырыбының болмауына байланысты қалыптасқан тұжырымды негізсіз деп тапқанымен өзінің «Қазақтың лиро-эпосы» (1973) атты монографиясында аталмыш шығарманы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібектермен» бір қатарда талдаған.Зерттеушілердің бәрі де дастан ХІХ ғасырдың бірінші жартысында орын алған оқиға негізінде жырланғанын мойындайды, шығармада өмірде болған оқиғалар суреттеліп, әсірелеушілікке жол берілмегенін, көптеген кейіпкерлер сол тұста өмір сүргенін атап көрсетеді. Атап айтатын жағдай «Айман, Шолпанға» арналған зерттеулердің бәрінде де шығарма әдебиеттану тұрғысынан талданады.
«Айман-Шолпан» фольклорлық туынды болғандықтан талдауды сюжеттен бастаған жөн. Шығарманың ең алдымен көптеген басқа эпостар секілді тоймен басталып, тоймен аяқталғаны назар аудартады. Көптеген эпостар мен дастандардың дәстүрлі элементтерінің бірін, яғни жырдың экспозициясын – зарыға күткен сәбидің өмірге келуіне, екі жастың үйленуіне арналған, сондай-ақ құрметті кісінің асы секілді тойлардың құрайтыны белгілі. Көшпелі өмір салтын ұстанған елдер үшін халық көп жиналатын той өте маңызды, қоғамдық мәнге ие оқиға болып табылатыны заңды. Той әдетте тәптіштеп суреттеледі.
Кейде шығарманың негізгі мазмұнын құрайтын оқиғалар тойда басталып, сюжет күрделене түседі. «Айман – Шолпанда» да осындай оқиға орын алады: асқа шақырылған Көтібар мен Маман бай алтынмен апталған салтанатты киіз үйге таласып, оны әрқайсысы өзіне ғана лайықты деп санайды.
«Айман – Шолпан» дастанына арналған барлық зерттеулерде Көтібар мен Маман байдың жауласуының себебі киіз үйге таластан басталады деп көрсетіледі. Біздіңше мәселенің мәнісі басқада секілді. Өйткені ақыл тоқтатқан, беделді ру басылардың, мейлі ол алтынмен апталған болсын, киіз үй үшін таласуы көңілге қонымсыз болып көрінеді. Бұл тұрғыда Б.Н.Путилов өзінің «Героический эпос и действительность» [1988] атты еңбегінде: «Причину конфликта следует искать в эпическом под¬тексте, который ведет нас к общим формулам эпических отношений, он обнаруживает эпическую логику, норму в поведении героев, кажущемся нелогичным, выявляет закономерность того, что виделось случайным и странным…» [1, 176-б.] деп көрсеткен. Расында да Көтібар сөз арасында Маман байды бірнеше рет «Қубас», «Бу қылып Шекті малын не қыласың, Мінгізген ашамайға ұлың бар ма?» деп тілдейді. Демек жанжалдың негізі – эпикалық мотив – Маман байдың ұлсыздығы болып табылады. Егер Маман байдың артында қорғаны әрі мұрагері болар ұлы болғанда тойға кешігіп келген, оның үстіне жасы да кіші Көтібар онымен бұлайша тәжікелесе алмас еді. Бұл жерде жанжалды бастап отырған Көтібар екені анық.
Баласыздық мотиві мен осыған қатысты басқа да драмалық жағдайлар көптеген эпостардың экспозициясының тұрақты элементі екені мәлім. Кейбір эпостарда перзентсіз жұптар қуғынға ұшырайды. Яғни перзентсіздік қайғысына қоса олар маңындағылардың қорлауы мен мазағына айналады. Соның бір мысалы ретінде «Қобыланды» эпосындағы: «Бұл тойда ұлсыздарға орын жоқ, қызсыздарға қызық жоқ» деген сөздерді келтіруге болады.
«Қорқыт кітабының» бірінші әңгімесінде перзентсіздік Тәңірдің қарғысы ретінде қарастырылып, оларды өзгелер де қарғауға тиіс делінеді, демек перзентсіздерді қудалаудың себебін осылайша түсіндіруге тырысады. Бірақ бұл архаикалық ғұрыптың кейінгі кезеңдердегі түсіндірмесі секілді. Ш.Ыбыраев көрсеткендей бұл мотив белгісіз бір көне сенім-нанымдармен байланысты[2, 271-б.]. Қалай болғанда да ертедегі баласызды қудалау мотиві кейінгі эпикалық шығармаларда да көрініс тапқан. Бірақ ол қосымша идеялармен, мақсаттармен күрделене түседі. Көтібар Маман байдың ұлсыз болғандықтан да әлсіз екенін жақсы біледі. Оның осы себептен қорғансыздығын бетіне басып, оны шауып аламын деп қорқытады, сол ойын жүзеге асырады да. Басқаша айтқанда, ол Маманның ұлсыз екенін, сондықтан да қауқарсыздығын өзінің жеке басының мүддесіне пайдаланады.
Сонымен, тойда болған текетірестің ақыры Көтібардың Маман аулына қарақшылық шабуыл жасап, малын айдап, қыздарын байлап әкетуімен, сондай-ақ Көтібардың Айманды күшпен тоқалдыққа алуға ұйғарым жасауымен тынады. Демек жеке бастың дүрдараздығы руаралық жанжалға ұласады. Осы арада «бұл мәселе қалай шешімін табады?» деген заңды сұрақ туындайды. Осылайша тұрмыстық деңгейдегі болмашы керістің екі рудың арасын жауластыруға дейін жетуі, сондай-ақ сол жанжалды шешу тәсілі мен әдісі дастан мазмұнын құрап тұр.
Тұтқындалған Айман Көтібардың жалғыз ұлы Есеттің көмегімен неке күнін 60 күнге ұзартады. Оқиғаның басты кейіпкерінің мүддесіне қайшы келген, қарсылығын тудырған жағдайда қолданылатын бұл «мерзімді ұзарту» әдісі шығыс әдебиеті мен қазақ фольклорына жақсы таныс. Бұл тәсілді қолданудың жарқын үлгісі ретінде арабтың «Мың бір түн» атты ертегілер циклын атауға болады. Онда «мерзімді ұзарту» әдісі көптеген ертегілердің композициясының негізін құрайды. Осы әдісті қожайынының әйелін көңілдесіне бармақ болған ниетінен тайдыру үшін 70 хикаямен көңілін аулайтын данагөй тоты құс туралы «Шукасаптати» (Тоты құс хикаялары) атты ертегіден де көреміз. Яғни, алғашқы және соңғы ертегіде де мақсат біреу ғана: жағымсыз оқиғаны болдырмау үшін уақытты созу. «Мың бір түнде» – Шахризаданың өлім жазасын кешеуілдету болса, «Шукасаптатиде» – күйеуінің көзіне шөп салдырмау. Осыған ұқсас оқиға «Қыз Жібекте» де кездеседі: өзінің Қорен ханға зорлықпен ұзатыларына көзі жеткен Жібек әкесінен 30 күн ойын, 40 күн тойын өткізіп, сән-салтанатпен ұзатылуын өтінеді. Басқаша айтқанда 70 күндік мұрсат сұрап алады. Қыздың нақты бір жоспары болмайды, бірақ та осы уақыт ішінде ол көңілі сүймеген жаннан құтылатынын сезеді. Расында да Төлегеннің інісі Сансызбай келіп оны мәжбүрлі некеден құтқарып алады. Ал Айманға келетін болсақ ол 60 күн мұрсат сұрай отырып өзінше нақты жоспар құрады. Айманның бойында эпикалық таныммен қатар дастандарда жиі қолданылатын «айлакерлік пен тапқырлық» та бар. Қ.Жұмалиевтің «Айман – эпос үшін өзгеше бейне» деген пікірімен келіспеске болмайды. Оның өзгешелігі – көркінде, махаббатқа адалдығында немесе қайсарлығында емес, оның ақылдылығында. Қ.Жұмалиев Айманға мынадай мінездеме береді: сұлу, ақылды, тапқыр, айлалы, шешен. Дастанда ол: «Айманның көңілі кең, ақылы дана»; «Шығады әр түрлі өнер Айман жастан»; «Айманның әрбір түрлі айласы бар»; «Айман қыз ұлықсат ап қуанды бек, алдап жүр бәрісін де амалы көп» деп сипатталады. Оның үстіне Айман адамдарды жақсы таниды, кез-келгенімен тіл табыса біледі. Оның халықтың әдет-ғұрпын жақсы біліп ғана қоймай, оны өз пайдасына жарата білгендігін де айтпасқа болмайды. Жоғарыда айтылған қасиеттерінің арқасында оның мерейі үстем болады. Шығармада ол Көтібардың әрекетін қолдамаған Арыстанның тумысынан әділетті, көргенді жан екенін бірден байқайды және алдын ала келіспей-ақ одақтастарға айналып шыға келеді. Айман өзінің ақылымен Есеттің жүрегіне жол табады, Көтібардың әйелі Теңгеге байланысты өте орынды амал қолданады. Теңге Көтібардың ең кіші тоқалы, нақ сүйері ғана емес, оның жалғыз ұлының анасы. Қазақ халқында ұл тапқан әйелдің күйеуіне ықпалы жүретіні, өзге әйелдерден бәсі жоғары болатыны белгілі. Осыны жақсы түсінген Айман дер кезінде Теңгенің қызғанышын оятып, орайы келгенде қытығына тиеді. Оның есімін де әжуа ретінде пайдаланып, болашақ күндесінің ызасын тудыру үшін былай дейді:
Базарда Теңге болсаң бұл боларсың,
Қолыңа құрық алсаң құл боларсың.
Батырдың айтқан сөзі рас болса,
Қолыма су құятын күң боларсың.
Нәтижесінде Теңге Көтібар мен Айманды некелестірмеу үшін ашық әрекетке кіріседі.
Осылайша ақылды да айлакер Айман, бейнелей айтқанда, Көтібардың алынбас қамалын іштен бұзып, белгілі бір деңгейде өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, озбырдың тырнағынан өзін арашалап қалады. Оның ендігі мақсаты – жанжалды бейбіт жолмен шешу. Өйткені оның атастырған жігіті Әлібек Көтібардың ауылға шабуылы кезінде көптеген эпостардағы секілді алыс сапарда болатын. Ол елге оралысымен қалыңдығын қайтару үшін және кек алу мақсатымен аттанатынын Айман жақсы түсінеді. Нәтижесінде қыздың ақылмен құрған жоспарына сәйкес жанжал қантөгіссіз шешіледі. Дастан үлкен тоймен аяқталады. Айман басқа да эпикалық кейіпкерлер секілді тынышы кеткен елді татуластырып, бейбітшілік орнатады.
Осылайша біз эпосқа тән емес бірнеше коллизиялардың (олар туралы кейінірек айтылады) шешімі де басқаша болғанын көріп отырмыз. 1) Қақтығыс қарулы күреспен, ақсақалдардың шешімімен, я екіжақты бейбіт келіссөз жолымен шешілген жоқ; 2) келіспеушілік ер кісінің емес, әйел адамның арқасында шешімін тапты; 3) кейіпкердің басты қаруы – тапқырлық, айлакерлік, ақыл.
Сонымен, Айман бейнесіне талдау жасайтын болсақ, әрине, ол бағдаттық немесе кашмирлік аяр емес. Өзінің іс-әрекетінің сипаты мен мазмұны бойынша новеллистикалық типтегі кейіпкер болса да Айман бейнесі – эпикалық көлемдегі бейне….
Шығармадағы негізгі кейіпкерлердің бірі Көтібар болса ақылға қонымсыз үш әрекетке барады. Біріншісі – Шолпанды құтқаруы; екіншісі – Есеттің өтініші бойынша орындауы Айманмен некелесуді 60 күнге шегеруі; үшіншісі – Айманның алдауына көніп оған тұлпары Бәйге-Күрең мен қару-жарағын беруі.
Көтібардың іс-әрекетін талдап көрелік. Шолпанның тағдырын шешер тұста көрсеткен жомарттығы мен мәрттігі оның дастан басындағы қатыгез де зорлықшыл бейнесімен қайшы келетінін байқау қиын емес.
Есет алғаш байғазы сұрағанда-ақ Көтібардың мұның астарында Айманның айласы жатқанын түсінгені мәтінде былайша айтылады: „Байғазы деп келгенде Есет бала, Көтібар бұл қулықты білмесін бе». Сондай-ақ Көтібар ұлынан Айманға қатысты ешнәрсе сұрамауын талап етіп:
– Қара су есік алды жал, – деп айтты,
Жайылған жал үстінде мал, – деп айтты.
Тағымды да берейін, билігімді,
Айманымнан басқаны ал, – деп айтты.
Осылайша ол өзінің бірбеткейлігін, алған бетінен қайтпайтынын көрсетеді. Бірақ соған қарамастан баласының тілегін орындайды. Яғни, өз мақсат-мүддесіне кереғар қадамға барады. Некелесуді кейінге шегерген Көтібардың Айманның өзінікі болмайтынын түсінгені мына өлең жолдарынан көрінеді:
– Өкпесін көтере алмай, – “бердім, дейді,
Құдайым не салса да көрдім, – дейді.
Айман маған жоқ екен, ей, Арыстан,
Күдерді Айман қыздан үздім” – дейді.
Жоғарыда айтылып кеткендей Көтібардың бұл қадамы дастанда халықтың салтымен түсіндіріледі (байғазы беру). Шындығында Б.Н.Путилов атап көрсеткендей: «За „случай-ными», немотивированными, алогичными поступками и ре¬шениями героев кроется как правило, нечто глубоко оп¬равданное, закономерное и разумное. За ними стоит не¬кое знание существенных обстоятельств, должных в какой-то момент открыться и оправдать предшествующие поступки. Но знание это не принадлежит самим героям, оно просто составляет элемент сюжетной эпической струк¬туры, оно существует и проявляет себя вне реального, ло¬гического сознания героев, но как некая художественная материя, обладающая своей силой и подчиняющаяся сво¬им закономерностям. Ведомые этой силой, эпические ге¬рои совершают действия странные, неожиданные, не¬чаянные. Эта диалектика предуказанности и случайности, постоянная игра их и создает, в сущности, эпический сюжет» [1, 131-б.].
Көтібар Айманның алдауына сеніп аңғалдықпен оған жауды алдын ала сезетін қасиеті бар тұлпары мен қару-жарағын береді (3-әрекеті). Соның салдарынан тұлпарының ескерту жасап кісінегенін естімей, қапыда қолға түседі де келісімге келуге мәжбүр болады.
Жоғарыда келтірілген мысалдардың бәрі де мынадай қорытынды жасауға негіз болады:
1) «Айман – Шолпан» дастаны тұтастай алғанда «батырдың жары үшін күресі» атты сюжетке негізделген. Атап айтатын жәйт мұнда архаикалық (Айман мен Шолпанды күштеп алып кету) және біршама кейінгі дәуірдің қоспалары (тонаушылық, барымта) орын алған.
Егер батырлық эпостарда «тақырыптың негізгі дамуын ер жігіттің әйелін ұрлағандармен күресі, жарын жау қолынан қайтарып алу құраса», «Айман – Шолпан» дастанында архаикалық тақырыптың хикаялық мазмұны басым: кейіпкер әйел жеке қасиеттерінің арқасында тұтқыннан өзі құтылады.
Дастанның негізгі кейіпкерлерінің бірі Көтібардың өмірде болған адаммен аттас болу себебіне келер болсақ, мұнда Көтібардың кейбір мінездері немесе әрекеттері белгілі бір рөл атқарған болуы мүмкін. Десек те біз бас кейіпкердің әрекетінің алдын ала ойластырылғанына және новеллистикалық типтегі эпикалық сюжеттің даму заңдылығымен алдын ала анықталғанына көз жеткізіп отырмыз. Басқаша айтқанда, шығармаға арқау болған оқиғаның Көтібардың руы Шектілердің ежелден қоныстанған мекенінде өрбуі мен кісі есімдеріндегі сәйкестіктен белгілі бір деңгейде шындықтың елесі байқалады, бірақ «сюжеттің негізін өмірде болған оқиғалардан емес, поэтикалық дәстүрден іздеу керек»;
2) Атап кеткеніміздей дастанның сюжеттік, мазмұндық негізін эпикалық сюжеттердің архаикалық қабаты құрайды. Дегенмен ол әдеттегідей басқа да мотив, сюжеттермен құрамдас болып келеді. Жалпы халқымыздың қаһармандық эпостарында қалыптасып, жырланатын сюжет, тақырыптар тұрғысынан салыстырып қарағанда «Айман, Шолпан» дастаны біраз оқшауланып тұрғаны анық. Дастанның тақырыбы мен коллизиялары да сол коллизияларды шешу жолы да басқаша;
3) Дастанның басты кейіпкерінің әйел болуының өзі тосын жағдай;
4) Дастан мазмұнын негізінен даналық, тапқырлық, сананың ұшқырлығы секілді қасиеттер құрайды. Ал қаһармандық және романдық сипат екінші қатарға ысырылған.
Осы айтылғандар «Айман – Шолпан» дастанын хикаялық деп жіктеуге толық негіз бар екенін көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Путилов Б.Н. Героический эпос и действительность. – Л., 1988.
2. Ыбыраев Ш. Қазақ-оғыз эпостарындағы тегі бір желілер және олардың өзгеруі // Қазақ фольклорының типологиясы. – А., 1981.