Кооперация – заман талабы

Жетпісбай Бекболатұлы,әл-Фараби 
атындағы ҚазҰУ  кафедра меңгерушісі 
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазақтың тамыры – ауылда. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп кеңестік қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Майлин жырлағандай, ауыл экономикасына жан бітіріп, оның өндіргіш күштерін дамыту қазіргі таңдағы мемлекеттік саясаттың басты бағдарларының бірі болып отыр. Жекешелендіру ұранымен нарықққа көшкеннен бері ауыл шаруашылығы өндірісін, ауылдың әлеуметтік өмірін ұйымдастырудың түрлі жолдары мен тәсілдері сыннан өтті. Осы орайда өмір тәжірибесі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың, яғни кооперативтерге бірігудің артықшылығын дәлелдегенін айтуға тиіспіз.
Әлемдік тәжірибе кооперацияның заман талабы екендігін көрсетіп отыр. Осы ретте Елбасы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен басымдық берілген сала болып табылатындығы, аграрлық сектор ел экономикасының қозғаушы күшіне айналуы тиістігі аталып өтілді. Бұл орайда ауыл шаруашылығы кооперативтері зор мәнге ие болып отыр. Аграрлық саланы және ауылды дамытудың үлкен әлеуеті атап көрсетілген «Ауыл шаруашылық кооперациясы туралы» Заң ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне, ғалымдар мен білікті мамандарға зор міндет жүктеп, саланың сан қырлы түйткілдерін шешуді талап етуде. Елімізде аграрлық кооперацияны дамытудың өзіндік ерекшеліктері бар. Республикадағы 182 мың шаруа қожалығы агроқұрылымдардың 97 пайызын құрағанымен, ауыл шаруашылық өнімдерінің 30 пайызын ғана өндіреді. Мұның өзі азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етпей қоймайды. Дамыған елдерде ауыл шаруашылығы бірлестіктері бір мақсат үшін еңбек етуде. Осындай ортақ мүддені басшылыққа алатын жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерліктер саны елімізде енді ғана 150-ден асты.
Көш жүре түзеледі, дейді қазақ. 2015 жылғы қазанда жоғарыдағы Заң қабылданғанға дейін ауыл кооперациясын дамытуды мемлекеттік қолдау тетігінің екі моделі қолданыста болды. Оның алғашқысы ауыл шаруашылығы министрлігі желісі бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы ауылдық тұтыну кооперативтерін құруға 5-7 жылға 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жолымен жүзеге асырылды. Екінші модель бойынша «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «Оңтүстік», «Жетісу», «Ертіс», «Тобыл», «Батыс», «Сарыарқа», «Каспий» сияқты өңірлік желілері бойынша ауылдық тұтыну кооперативтеріне аграрлық сервистік қызмет ұсынатын сервистік-дайындау орталықтары құрылды. Алайда қабылданған мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан ауылдық кооперация ойдағыдай дамымады. Мұның бір себебі ауыл шаруашылық тауар өндірушілер мен тұрғындардың кооперативке сенбеуінде жатыр, бұл орайда маман кадрлардың жетіспеушілігі және олардың кәсіби даярлығының төмендігі салдарынан кооперацияның артықшылығын және кооперативтердің жұмыс істеу тетіктерін түсіндірудің жеткілікті жүргізілмегенін атап өткеніміз жөн. Сонымен қатар мемлекеттің кооперативтендіру үдерісіне жеткілікті көңіл бөлмей, тиісінше ынталандырмауы да салқынын тигізбей қалған жоқ. Еріктілік, демократиялылық сияқты негізгі кооперативтік қағидаттардың бұзылуы, кооперативтің коммерциялық емес деген мәртебесіне байланысты оның таза кірісін мүшелер арасында бөлу мүмкіндігінің болмауы қолбайлау болды.
Бұл аталған кемшіліктер бүгінде сын тезінен өтіп, олқылықтардың орнын толтыру мақсатында бірқауым іс тындырылды. Соның нәтижесінде өткен жыл экономиканың аграрлық секторы үшін табыссыз болған жоқ. Айталық, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,6 трлн теңгені құрады, бұл алдыңғы жылдың деңгейінен 5,5 пайызға жоғары болды. Ал өндіріс көлемінің өсімін соңғы 10 жылда алғаш рет барлық облыстар қамтамасыз етті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 1,5 есе өсті. Мысалы, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 2 есеге артты. Субсидияның 65 түрі қайта қаралып, нәтижесінде 11 тиімсіз түрі алынып тасталды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперацияларын қолдау үшін биылғы жылы 52 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 326 кооператив құру жоспарланған болса, енді оның санын 467-ге жеткізу көзделіп отыр.
Ұсақ шаруа және жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге тарту бойынша бірақатар жұмыс жүргізілді. Барлық 160 ауылдық ауданда семинарлар өткізіліп, 2 248 ауылдық округ әкімі мен аудан әкімінің орынбасары оқытылды, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін кепілсіз және алғашқы жарнасыз модульді сүт қабылдау және сою пункттерін сатып алу схемасы енгізілді, сондай-ақ кооператив мүшелері үшін несиеге кепілдік беру тетігі көзделді. Сонымен қатар индикативтік көрсеткіштер қайта қаралды. Егер жоспар бойынша 2017 жылы 326 кооператив құру жобаланған болса, енді оның санын 467-ге дейін жеткізу көзделуде. 30 мамырдағы жағдай бойынша 286, оның ішінде сүт дайындау бойынша 102, ет өндіру мен дайындау бойынша 181 кооператив тіркеліп, 20 136 бас ірі қара малға арналған отбасылық бордақылау алаңдары және 51 жылыжай салынды. Тауарлы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісіне 40 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен шағын фермерлік шаруашылық тартылды. Бұл қарқын баяуламай, жылдың соңына дейін талай іс тындырылады, деп күтілуде.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *