«Шеше», «Ана» – бір ұғым емес пе?

«Ана тілі – ардағым», «Ана тілі – жүрек үні», «Ана тілі – туған анаңдай», «Ана тілі – арың бұл». Дәл осылай ана тілі туралы айтылған асыл сөздерді толассыз тізе беруге болады. Әлбетте, ана тілі мен ананың қадір-қасиетін бөле-жарып қарау мүмкін емес. Дегенмен, «шеше» сөзін ашуланғанда, ренжігенде ұрысып, балағаттау үшін қолдану – сорақылықтың ең шегіне жеткен тұсы. Ол үшін жеке өзім көрген құбылыстарды мысалға келтірудің еш қажеті жоқ.

Бір тәулік аясында, яғни 24 сағаттың ішінде «шеше» сөзін кіжініп айтқан көлік жүргізетін жігіттерді, кезекте тұрған немесе көлікке отырып жатқанда қысылып қалған, тіпті жолдан өтіп бара жатып қолындағы затын түсіріп алған, я болмаса, «өтіп кетуге бола ма?» дегенде құлағына құлаққап киіп алып, естімей қалған қыздарды балағаттаған ұлдарды кездестірмейтін адам кемде-кем.
Естігенде, қанша үйреншікті сөз болса да құйқаң шымырлайды. «Шеше» – «Ана» деген ардақты ұғымның баламасы емес пе? Соны айтып тұрған жігіттің анасы жоқ па сонда, әлде ол: «өз шешеме шаң жұқтырмаймын, ал басқа шешелерді қалай балағаттасам да өз еркім» дегені ме?! Басқасын былай қойғанда мейлі кімнің шешесі болсын, бәрібір ол өз перзентін тоғыз ай көтеріп, толғатып тапқан, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт берген ана екені hақ. Ал ананың қадір-қасиетін оп-оңай аяқасты ете алатын әке мен ұлдың ана тіліне деген ізет-құрметі туралы не айтуға болады?
Айналайын, ер-азаматтар, сіздердің жөндеріңіз бөлек. Сіздерге, кінә артып, ару қыздардың, тіпті барша әйел затының мәртебесін биіктетейін деген ойдан аулақпын. Бар болғаны, небір сымбатты, небір көрікті қазақ жігіттері «шеше» сөзін ғайбаттау әрекетінде қолданып, өздеріне ғашық болатын қазақтың аяулы, ару қыздарының көңілін суытпаса екен.

Жидегүл ӘБДІЖӘДІЛҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық 
университетінің доценті




2 пікір “«Шеше», «Ана» – бір ұғым емес пе?

  1. Шолпан

    Олар өз ой-өрістерінің тым төмен екендігін көрсетеді.

  2. Ақмарал

    Сондай жүргізушілерді жұмыстан шығарса ғой, ауыздарына ие болатын еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *