Сол бір дастан қайда екен?..

Мен Жетісай аудандық газетінде істеп жүрген кезімде Мақтаарал ауданына, қазіргі Жаңа жол, бұрынғы Новый путь ауылына Шоғай Шалқаров көшіп келді. Ол КСРО Жазушылар одағының мүшесі және «Ақбөбек» романын, «Жас дәурен» трилогиясын жазған белгілі қаламгер еді. Бостандық ауданынан келген білімпаз ағайды танымасам да, інісі Көңілқошпен журналистер Иса Әділов пен аудандық газет редакторы Кенжебай Бөгенбаев арқылы таныс едім. Олар өз кезегінде Төлеген, Шәмші, Сабырхан сияқты, мен секілді түбітмұрт ақындар бір көруге және сөзін естуге зар болып жүрген таланттардың дос, сырластары еді… Шоғай Шалқаровпен танысқан соң, жазып алған және бұрын еш жерде жарияланбаған төмендегі мақала әдебиет сүйер қауым үшін, іздегенге сұраған болар, ойтүрткі болар деген ойдамын. 
Өз романдарының шыққанын көрмей кеткен Шоғайдай асыл ағаның да, бауырының кітабын шығарамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, арманына жетіп кеткен, Көңілқош ағаның да жатқан жерлері жайлы болғай. Ал мен болсам, «Мырзашөл» журналыма бағасын әлі алмаған талантты қаламгер Шоғай Шалқаровтың «Киік сауған» атты философиялық шығармасын шығарып, өкінішімді бастым.

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ, 
Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі

Жалған дүние… Біреу ерте, біреу кеш дегендей әлемнен өтіп жатады… Қолымызда 1954 жылдың 17 тамызында жазылған хат. Бұл күнде ол хаттың авторы да, арналған адамы да өмірде жоқ, тіршіліктен өткен. Артындағы ұрпақ көз жүгіртіп хатты қайта-қайта оқиды, оқыған сайын ойға шомып, өткенді еске алады, толқиды. Мирасқор ұрпағының қолында атадан балаға қалған мұра бар, арттағыны ойландырып, толғандырып отырған да сол мұра. Атадан өткен жәдігердің барын пайдалану, жоғын іздеп табу – кейінгі ұрпақтың аруақ алдындағы борышы болса, халыққа деген ұлттық үрдісі, рухани міндеті болмақ. Ол енді заңдылық.
Мұражатнама мазмұнында жазылған хат былай басталыпты. Қаз қалпында жазуды жөн көрдік. «Многоуважаемый Георгий Константинович! Прежде всего шлю Вам свой пламенный коммунистический привет и желаю самых наилучших успехов в вашем боевом созидательном труде. С большим опозданием я закончил свою поэму в стихотворной форме «Георгий и Зиямат», посвященную Вам и высылаю её в виде подарка…» Хат ары қарай желі тартып кетеді. Хат иесі – Әбдәзім ­Ахметов. Бес жүз алпыс төрт беттік (дәптерге жазылған) үлкен дастан 1941-1950 жылдар аралығында жазылып, ал 1954 жылы 18 тамызда Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгер батыры Маршал Жуков ­Георгий ­Константиновичке почта арқылы бандерольмен жіберілген. Өкініштісі сол, Г.К.Жуков жіберілген поэманың қолжазбасын не хатты «алдым» деген бірауыз сөз жазбағанға ұқсайды. Сондықтан болар, ақынның артындағы ұрпақтары бүгін әкесін еске түсіріп, оның жоғын жоқтап отыр.
Әбдәзім Ахметов кім? Әбдәзім – бірнеше поэма-дастанды қолжазба күйінде жазып қалдырған ақын. Ескіше қырағаты мол сауатты да, жаңаша саяси-әлеуметтік жағынан болсын, шығарушылық-ақындық тұрғыдан болсын рухани тынысы кең, зерделі, білікті адам болған. Оның бастан кешірген өмір өткелдерінің өзі де соны дәлелдейді.
Г.К.Жуковке жазған хатында былай дейді: «Я родился в 1901 году, в ауле Паргосе Бостандыкского района Южно-Казахстанской области в семье бедного крестьянина. С 1928 года член КПСС. Около 17 лет работал редактором газеты политотдела, районных, областных газет, завотделом, лет 7-8 работал завотделом, секретарем райкома партии, инструктором обкома партии. В связи с болезнью последних два года работал учителем, работаю и сейчас. Окончил я в 1933 году Средне-Азиатскую Высшую Коммунис­тическую сельско-хозяйствнную школу. На этом кончаю…»
Өз қолымен жазып, аз ғана сөзбен баян еткен өмір жолы ақын жайында көп нәрсені аңғартқандай. Қаламы жүйрік, сөзге сараң ақынның шығармасының да әрлі болары даусыз. Әбдәзім Ахметовтың «Георгий мен Зиямат» атты поэмасы көлемді шығарма, қазақ тілінде жазылған. Он бөлімнен тұрады: «Арнау», «Беташар орнына», «Бейбітшілікті бұзған кім?», «Москваның маңында», «Сталинград «қазаны», «Өлімнен ұят күшті», «Әлсіретті он соққы», «Майдан мен тыл тілектес», «Жеңіс туы тігілді», «Жеңіс – деген ұлы еңбек»…
Өзінде қалған поэманың қолжазбасын оқып шыққаннан кейін, одан алған әсердің түрткісі осы мақаланы жазуға мәжбүр етті. Қазіргі ұрпаққа жаттанды болып табылған сол бір сұрапыл соғыстың қанқұйлы шытырман оқиғаларын еске салуды автор мақсат тұтпаған екен. Ақынның алға тартқан діті – адам жанын тебіренту болыпты.
«Сандалдым-ау, сандалдым,
Зиямат, қалқай, аяулым,
Өлігіңе бара алмай,
Сүйегіңді таба алмай…
Сандалдым-ау, сандалдым,
Қайдасың, қалқам, қайдасың?..»
Осы жолдарды оқығанда тұла бойың ду еткендей болады, денеңнің ыстығы көтеріліп, төбе құйқаң шымырлайды. Жақынынан, жалғызынан айырылып, аһ ұрып отырғаны ма, ең болмаса жатқан жерін көріп көңілі көншімеді-ау – азалы күннің айғағы ғой бұл; жан жарасы – аяныш, елжіреген жүректен сағыныш, сарсаң қайғы, тұңғиық мұң – бәрі осында. Поэманың ұзын ырғағына ой жүгіртіп, талдау жасап, тұжырымға келу емес біздің мақсатымыз, оның сүбелі шығарма, құнды дүние екендігіне көңіл бөлу, назар аудару – бағыт сол.
Поэманы жазуда автор он жылдай уақытын сарп еткен, әрі оны жастықтың желкөкірек шағында баянсыз қиял үстінде жазған емес, бергі, өмірден аларын алып болған, ақыл тоқтатып, жігіт ағасы болған кезде шығарған. Дастанның жазылған жерлері «Жамбыл-Шымкент-Новгород», жылдары «1941-1950 жылдары» делінген.
«Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де.
Әйтеуір әрі-сәрі болғаным жоқ,
Ұқтым мен өмірімнің күйі неде…
Дүние жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетемін…
Басымнан шалқып өскен күнім – дәурен…
Тоқтамас өмірімнің сағатындай,
Жүрегім енді қанша соғар тынбай?..»
…Иә, жалған дүниеден алғанын алған адам, өткен өміріне өкінбесе де, өксігі ме… Поэма осы тәріздес баянды ой, тұрлаулы сөзбен жазылған.
Сондықтан да ақын Әбдәзім Ахметов­тың бұдан 30 жыл бұрын өз қолымен жөнелтілген он жыл бойы жазған еңбегі «Георгий мен Зиямат» поэмасы туралы бүгін сөз қозғап отырмыз. Мына бір жапырақ қағазды сол поэманың куәгері санап келген жайымыз бар.
«Квитанция №835.
Заказная бандероль.
куда. Г.Москва. Кремль.
Министру обороны СССР.
Кому. Маршалу Жукову Г.К.
Оплачено почтовыми марками
два руб. 25 коп.
гор. Газалкент, 18/VIII-1954 г.»
Поэма жыраққа кеткен, жауапсыз кетті, сұраусыз қалды. Міне, енді іздеу салып отырмыз. Москвадағы Орталық немесе Қорғаныс министрлігінің Бас штабының әскери архивін қарау керек. Әбдәзім Жуковқа жазған хатында былай депті: «Я высылаю поэму лично Вам в знак глубокого уважения и признательности. Если Вам не составит особого труда, то прошу поспособствовать появление поэмы в свет, то есть печатать как отдельно книгу, а если нет, то оставьте её у себя на память».
Әрине, поэма із-түзсіз кеткенімен жоғалмаған болар, бірақ ол қай жерде, қай архивте жатыр, осы жағы бізді ойландырады. Кезінде Г.К.Жуков та жұмысбасты болған адам, бұл туралы хат иесіне жауап бере алмаған шығар, ол өзінде сақтап не қылады, қазақ тілінде жазылған шығарманы Қазақстанға жібермей ме? Олай болса қазақ топырағындағы қай азаматтың қолына тиді екен? Ол неге үндемейді? Тағы бір ойланатынымыз: Г.К.Жуков көптің бірі емес, ол елге белгілі атақты адам ғой, одан алған дүниеге кім де болса жауаптылықпен қарауы керек емес пе? Бір жауабын бермес болар ма? Он жыл бойы қалам тербетіп, бойдың қуатын, көздің майын тауысып жүрек қылымен жазған аяулы азаматтың баға жетпес мұрасы дерексіз қалмасын, белгісіз біреудің қолында кетпесін немесе өлі дүние болып елеусіз архивтердің бірінде сарсаң төсекте сарғайып, қараңғы түнекте жатып қалмағай деген үмітпен іздеу салып отырмыз.
Сол бір дастан қайда екен?..
Әбдәзім көзінің тірі кезінде өзінің шығармалары арқылы баспа бетін көрмесе де, кейінгі ұрпақтың қажетіне жарарлық творчестволық мол дүние қалдырған қаламы киелі қарымды ақын. Г.К.Жуковқа жіберген «Георгий мен Зиямат» атты поэмадан басқа бірнеше көлемді дастан, хикаялар жазған. Түрлі тақырыпта жазылған өлеңдер топтамасы бар: жоқтау, беташар, айтыс, терме қоштасу, тағысын тағылар. Әбдәзім бір топтамасын «Бес кітап» деп атапты, бұнысы бес дастан «Бидайшы-білеген» (аңыз-дастан), «Кенже-елбегі» (тарихи аңыз-дастан), «Жалқау жарымайды» (мысал-дастан), «Сандалбай» (өмір-дастан).
Ақынның әрбір дастаны өзіндік мазмұн ерекшелігімен бір-бірінен оқшау тұрады. Буын үндестігі, шумақ желісі, өлең жолдары, тізбегі, қайырымы құрылысына қарай бір-бірімен үйлесіп, жымдасып келіп, белгілі бір ой түйініне әкеп матайды.
Әбдәзім Ахметовтың сол замандағы творчестволық кезеңі мен жалпы дәуір тынысы әдебиеттің «партиялылығы» дейтін қатал қағиданың құрсауында болатын. Ақын Әбдәзімнің творчестволық дарыны ол саясатқа онша бағына да, табына да қоймаған сияқты. Ол өзін еркін ұстап, кең тыныстап, шығармасын ешкімнен қаймықпастан жалтақсыз жазған, құрғақ саясат қуалаудан аулақ. Шығарма адам туралы болатын болса, Әбдәзім сол адамның жан күйін тербете де, тебіренте де білген, «партиялық» болсын деп тау жаңғырығына салмаған, уралап кетпеген.
«Сыйла мені, ағажан, гүліңменен,
Шыдармысың мен саған күлім­десем…» деп сөз кестесін құбылта, құлпырта қайырғанда тыңдаушының жан дүниесін арбап әкетпей ме, тіпті ол бір сәт елтіп бара жатқанын сезе ме екен… Әбдәзім Ахметов өлеңдерінде осындай жан сезімін сергітер тұстары баршылық. Ақын құбылмалы көңіл күйінің екінші қырынан келіп, кейде жүректі сыздатып та кетеді.
«Азатжаннан айырылып,
Қанатым сынды-ау қайырылып…
…Енесінен айрылған,
Шырқырадым құлындай…
…Бақшадағы қызыл гүл,
Мезгілсіз қурап солар ма…
…Мұндай да күн болар ма,
Мұның да орны толар ма…»
Әбдәзім Ахметовтың туындылары өлең кестесімен де, қара сөз жүйесімен де жазылған. Көп жері жыр, терме тәртібімен берілген, қара өлең шумақтары да жетерлік.
Шығармасының өн бойында өзінше бір кесте бар, онысы ақынның твор­честволық тәсілі болса керек. «Екі кітап» деп аталатын бөлек бір топтамы поэзия мен проза жанрлары аралас жазылған: бастан-аяқ өмірбаяндық очерктермен көмкерілген, бірақ ол әлеуметтік тынысын жоғалтпайды, адамилық тұғырынан түспейді.
Бұл халық заманның қилы-қилы шақтарын басынан өткерді ғой. Бір кезде жоғарының мәзіріне табынғандықтан партия мүшесі адам өлген азалы жерге жуы­майтын болған. Ол жерде құран оқылады, содан ат-тонын ала қашатын. Өмірдің осы бір кірбіңін Әбдәзім шығармасынан кездестірдік. Өз қолымен былай деп жазады: «18 март күні ­Болат дейтін үш жасар балам қайтыс болды. Оны көмуге бірде-бір комму­нист қатыспады, келмеді. Сол Михайловка поселкесіндегі қазақтың қарттарынан оншақтысы жиылып келіп, «мүрдені көмуге коммунистерің келмейді, оны бізге бер, біз көмеміз» деді. Сондықтан мүрдені соларға бердім. Олар оны жаназа оқып, Сарыкемердегі Қаратөбе мазарына алып барып жерледі…»
Мұны отбасының альбомы немесе күнделік жазба деп қарауға болмайды, бұл қыңыр заманның қиқар қылығын бажайлап көрсеткен шынайы шындығымен көрінген соны шығарма деуіміз жөн. Әбдәзім еңбегінде осы тәріздес қилы-қилы кезеңдерді көз алдыңа келтіретін шытырман оқиғалардың легі тізіліп жатады.
Өлеңін өзімсініп, қара сөзін тосырқай алмассың: олар бір-бірімен сырласып, бірінің бірі қыбын тауып, бірін-бірі анықтап, айқындап, керегінде жымдасып, түбінде түйі­­нін тауып, ақыры бір арнаға түсіп кете барады.
«Жамандық деген жанған от,
Жандырып кетер арыңды…
…Арам сана – өмірсіз,
Өмірі болар сенімсіз…
…Қара құйқа бейнелес,
Сабындап жусаң ағармас…» ­деп жаманның сиқын өлеңмен тілгі­лесе, «…жаңа редактор жүрген жерін қуыра келді. Мен ондай әділетсіздікке шыдай алмаймын. Онымен ісім де, сөзім де келіспеді. Істесе алмайтын болған соң, 1937 жылы 22 сентябрьде Әулие-Ата (қазіргі Жамбыл) қаласында шығатын «Колхозшы» газетіне редактор болып ауысып кеттім…» деп, бәледен машайық қашыпты дегендей жамандықтың кесірінен сақтанып, өзінің адалдығын, қарапайымдылығын паш етеді.
Әбдәзім Ахметов халықтың рухани қазынасынан хабардар болған адам; ол ел аузынан адамдардан біршама шежіре жинаған. Осы күндегі қолда бар архивінде шежіресінің шағындау нұсқасы бар. Естуімізше, ол көзінің тірісінде бір жақын туысқанына өзі жинап-топтаған шежіре жинағын беріп кеткен екен. Арттағы ұрпақ ата мұрасын шашау шығармай, аяқ асты етпей сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырса, қанеки. Туысқандарында жүрген әлгі шежіре жинағының не өзін, не көшірмесін ақынның негізгі архивіне әкеліп, басқа шығармаларына қосып қойса, ата мирасына иелік етіп, әкенің аруағын сыйлағандық болар еді. Шүкіршілі, Әбдәзім Ахметовтың шаңырағанда ұрпақтары – ұл-қыздары, немере, шөберелері бар. Әкеден қалған мұраны қадіріне жетіп ардақтай білу, ретін тауып жарыққа шығару, келешекте халықтың кәдесіне жарату – соларға әм қарыз, әм парыз.
Өзінен-өзі бір сауал туады. Айтар­лықтай еңбек етіп, бірнеше шығарма жазған ақын неғып баспа бетін көрмей өтті? Ол ауыл-үйді айналсоқтап, ошақ басында отырған адам емес, көп жерде жұмыс жасаған, талай елдің дәм-тұзын татқан, саналы өмірін газетке жұмсап, ұзақ жылдар редакторлық еткен білімдар жан еді. Шығармаларын қалайынша баспаға ұсына алмады екен? Біз солай дейміз ғой, ал ақынның өзі былай деп өкініш айтады:
«Істедім жиырма жылдай редактор боп,
Архивте сол газеттер болды бір топ.
Менде де болған екен бір кемшілік,
Сандары газеттердің қолымда жоқ».
Кім біледі, өлеңдерін өзі істеген газет­те­рінде бастырған болар… Ол жағы да ойландырады.
«Істедім Ташкентте де, Кенимықта,
Қалмады Шымкент пенен
Жамбылың да.
Қартайып, ауру әбден жүдектен соң,
Өткіздім соңғы өмірді Бостандықта…»
Ақын Әбдәзім Ахметовтың өмір­баяны өз алдына бір төбе, ол жағын кейінге қалдырып отырмыз. Әбдәзімнің кіндік қаны тамған топырағы, өсіп-өніп ержеткен өңірі – осы Бостандық. Оның өмір жолы да Бостандықтан басталған. Ол Бостандық ауданынан шыққан «Бостандық большевигі» газетінің ең алғашқы редакторы еді. Оған кейінірек тағы бірде оралармыз.
Иә, Әбдәзім Ахметов шын мәнінде ақын еді. Тынысқа дауа ауасы мен суы шипасын Бостандық бауырынан талай-талай дарын иелері: суырыпсалма ақын-жыраулар, орамды тілді шешендер, сөз зергері жазушылар, өмір сейісі ғалымдар қауырсын қатырып, қанат қағып ұшқан ғой. Солардың бірі – осы Әбдәзім Ахметов болар.

Шоғай ШАЛҚАРОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *