Орталық Азияда «су соғыстары» міндетті түрде болуға тиіс пе?

498

Орталық Азия республикаларының өзара қарым-қатынастары барысында қайта-қайта күн тәртібіне шығатын мәселелердің бірі – су ресурстарының жетіспеушілігі. Тағы бір айта кететін нәрсе: олардың пайда болуы көбіне кеңестік жоспарлы экономиканың салдары ретінде қарастырылады.

Жалпы бұл тақырыпта сөз қозғауға көбіне шетелдік сарапшылар ыңғайлылық танытады. Мәселен, BBC News телекомпаниясы мен Forbes журналы жуықта «Орталық Азия мемлекеттерінің арасында су ресурстарына бола қақтығыстар орын ала ма?» деген сұраққа қатысты мамандар мен бақылаушылар талқылауын ұйымдастырды. Осы сынды мақалалар шетел баспасөзінде кейінгі кезде жиі кездесетін болып жүр.
Мәселен, халықаралық Al Jazeera телернасының сайты «Are ‘Water Wars’ imminent in Central Asia?» – «Орталық Азия­да «су соғыстары» міндетті түрде болуға тиіс пе?» деген материал жария­лады. Онда былай делінген: «Бұл Тянь-Шаньдағы мұздықтар жыл сайын Швейцарияның бүкіл халқы тұтына­тындай көлемдегі суын жоғалтады дегенді білдіреді», – деп атап өтті доктор Даниэль Фаринотти Al Jazeera тілшісімен тілдескен кезде. Белгілі маман ретінде халықаралық деңгейде танымал бұл кісі Швейцарияның «Орман, қар және ландшафт зерттеулері федералдық институтында» (Swiss Federal Institute for Forest, Snow and Landscape Research) қызмет етеді.
Оның жүргізген зерттеулері 2050 жылға қарай Тянь-Шаньдағы мұздықтар­дың жартысына дейінгісі еріп кетуі мүмкін деген пессимистік тұжырымдама жасауға негіз болады».
Шыныңда да, осы ғасырдың басынан бері Қазақстан мен жалпы Орта­лық Азияның бұл мәселеге қатысты қиын­дықтары осындағы бес мемлекеттiң өзi­нен гөрi сыртта, оның iшiнде әлемдiк дең­гей­де де, көбiрек айтылатын болып жүр.
Мәселен, 2002 жылы Оңтүстiк Афри­каның Йоханнесбург қаласында болып өткен әлемдiк саммит барысында Арал қасiретiне қатысты мәселенi Африкадағы Ливия мелекетiнiң сол кездегі басшысы полковник Муаммар Каддафи көтердi. Және жай ғана көтерiп қойған жоқ, соған қатысты Қазақстан мен Өзбекстанда қалыптасқан жағдайға жан-жақты, фактiлерге негiзделген мұқият талдау жасады. Сосын Арал айналасын қоныстап отырған халықтың болашағы туралы ол мынадай жантүршiгерлiк тұжырымға келдi: «Медициналық болжауларға қара­ғанда, егер әлем Арал теңiзiн құтқару турасында ешқандай амал жасамаса, аймақтың халқы ендi бiр ұрпақтың өмiрiнен соң мүлдем құрып кетпек». Содан бері 15 жыл өтті. Әлем «Арал теңiзiн құтқару турасында ешқандай амал» әзір­ше жасаған жоқ.
Осы орайда мынадай бiр жәйтке назар аударған жөн болар. Бiздегi адамдардың көбi Африканың қайда екенiн бiлгенмен, сонда Ливия деген мемлекеттiң бар-жоғынан бейхабар болар. Ал оның өкілi бiздiң Аралымыздың және ондағы адамдарымыздың тағдырына жана­шырлық бiлдiрдi. Және де ол бұны Қазақ­станға не Орталық Азияға ерекше бүйрегi бұрғандықтан емес, осы апатты жалпыадамзаттық трагедия деп есеп­тей­тiн болғандықтан iстеген.
Бұл деген Арал мәселесiнiң, жалпы аймақтағы су мәселесiнiң бүгiнгi таңда әлемдiк маңызға ие болып отырғанын бiлдiредi. Муаммар Каддафидiң Йоханнесбургте сөйлеген сөзi осыған жаңа бiр серпiлiс берген болып шықты. Олай дейтiн себебiмiз мынау. Сол әлемдiк саммиттен соң халықаралық деңгейде Арал мәселесi мен аймақтағы су жағдайына қатысты айтылатын ұсыныстар күрт көбейiп шыға келдi. Одан әзiрше өзгерiп жатқан ештеңе жоқ. Дегенмен, осының өзiн жақсылықтың нышаны деп қарастыруға болатын шығар. Москваның бұрынғы мэрi Юрий Лужков баяғыда жоспарланып, бiрақ артынан аяқсыз қалған Сiбiр өзендерiн Орталық Азия жаққа қарай бұру жобасын қайтадан өзектi мәселе қылып көтердi. Сонан соң 2004 жылдың наурыз айында Жапонияның Киото қаласында өткен Әлемдiк су форумында Еуропалық реконструкция жә­не даму банкiнiң президентi Жан Лемьерр былай деген пiкiр айтты: «Әсiресе, Орталық Азия сияқты суы жетiспейтiн аймақтарда ол жауапкершiлiктi басқару­дың түбiрлi негiзi болып табылады». Сонымен, африкалық лидердiң Арал туралы «Бүкiл адам баласына қатысты осы мәселенi Йоханнесбургтегi саммиттiң қарауына ұсынамын» деген сөздерiнiң аяқсыз қалмағаны хақ. Соның бiр дәлелi – Орталық Азия аймағы мемлекеттерi өкілдерiнiң су мәселелерiне қатысты жалпы­еуропалық конференцияға шақы­рылуы. Және де бiртұтастана бiрiгуге бет алған Еуропа оларды тек шағымдарын тыңдап, жұбататын сөздер айту үшiн ғана шақырған жоқ. Мақсат – су ресурс­тарын қорғауға қатысты дайындалған бағ­дарламаны дайындау мен жүзеге асыру iсiне оларды да араластыру. Және де бұндай бағдарлама туралы әңгiме жоқ жерден шығып отырған жоқ.
Оның дайындалуы мен жүзеге асырылуын Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Еуропадағы экономикалық комиссиясы талап етiп отыр. Басқаша айтқанда, Еуропа Орталық Азияның өзектi мәселелерiнiң бiрiн шешуге бел шеше араласуға пейiл танытты. Бұл да жақсы жаңалық.
Бiрақ осы мәселеге қатысты алаңдату­шылық туғызатындай жаңалық­тар да жоқ емес. Қазірде аймақта қалыптасқан жағдайдың астарында жатқан басты себептердің бірі – Орталық Азиядағы су ресурстарын мемлекетаралық негізде пайдалануды реттеу ісінің жан-жақты және толық мағыналы нормативтік-құқықтық базасының болмауы. Бұл баяғыдан келе жатқан мәселе. Оған аймақта жаңадан пайда болған жас мемлекеттердің үкімет­тері тиісті мөлшерде назар аударған жоқ деу артық болар. Назар да аударылды, келіссөздер де жүргізілді. Бірақ мәселе осы уақытқа дейін түбегейлі түрде ше­шілмей отыр.
Қырғызстан мен Тәжiкстан мемле­кет­аралық бiрлестiк құрып, сол елдердiң территориясынан ағып шығатын өзен­дердi пайдаланатын Өзбекстан мен Қазақ­станды өздерiндегi су қоймаларын бағып-куту шығынын бiрлесiп көтеруге тартпақшы болып жатыр. Түрiкпенстан туралы әзiрге әңгiме естiлмейдi. Бiрақ Аралға барып құюға тиiс екi өзеннiң бiрi болып табылатын Әмудария суының бiраз бөлiгiн Үлкен Қарақұм каналы арқылы қазiр сол ел пайдаланып отыр. Кезінде Түрiкпенбашы Сапармұрат Ниязов оны өзен деп жариялаған. Үлкен Қарақұм каналы Мары мен Ашғабат қалаларын және олардың айналасының бәрiн сумен қамтамасыз етiп отыр.
Ендi сол Амударияның суына бейбiт өмiрге бет бұрған Ауғанстан да ортақтасқалы отыр. Демек, ендi Арал теңiзiнiң Қарақалпақстан жағына бұрын да жетiп жарытпаған өзен тiптi тиылмақ. Өзбекстанның осы автономиялық рес­пуб­ликасындағы қазiргi жағдай судың құруы кесiрiнен тiптi ауыр болып отыр. Халықтың iске жарарының бәрi жұмыс iздеп Қазақстан жаққа қарай асып, босып кеттi. Олар кез-келген жұмысқа келiсiп, жан бағуға мәжбүр. Өздерiнен ауысса, елдерiне де қаражат жiберiп тұруға пейiлдi. Бұл да – сол Арал қасiретi мен аймақта су мәселесiнiң ушығып кетуiнiң салдары. Қарақалпақ жағынан келушiлердiң көбi сонша, Атырау жақта «қарақалпақ ұстау» деген түсiнiк қалыптасып үлгердi. Бiзде осыған байланысты кейбiреулердiң кеудесiне нан пiсiп жүр. Бiрақ осы орайда «өгiзге туған күн бұзауға да туады» дегендi ұмытпаған ләзiм болар едi. Олай дейтiн себебiмiз мынау. Су және жалпы экология мәселесi Батыс Қазақстанда, оның iшiнде, ең алдымен, Атырау мен Маңғыстау облыстарында барған сайын ушығып барады. Ертең қатты бiржақтыланып бара жатқан экономикамыз (қазiр жалпы iшкi өнiмдегi шикiзат өндiрiсiнiң үлесi 50 проценттен асып кеттi және әрi қарай да ұлғая бермек) бiр қатты сүрiнсе, оның артының көршiлес елдерде «қазақ ұстау» деген сияқты жағдайды қалыптастыру тiптi ғажап емес. Бұл да ең алдымен су мәселесiнiң ушыққанының кесiрi бол­мақ.
Бұндай жағдай, әсiресе, жоғарыда аталған Маңғыстау мен Атырау облыстары үшiн өте қауiптi. Өйткенi бұл жақта, ең алдымен Жайықтың бергi жағында қазiр өзен атаулы қалған жоқ дерлiк. Ал жаңбырдың суы табиғатынан тiптi жеткiлiксiз. Жаңбырдың жаууы мөл­шерi жағынан бұл екi облыстағы жағдай әлемнiң ең үлкен шөлi Сахараның жие­гіндегі жағдайдан нашар болмаса, артық емес. Мәселен, ол жақта жылына, орта есеппен алғанда, 100-200 мм. көле­мiнде жаңбыр жауады. Атырауда да тап соншама жаңбыр жауады. Ал Маңғыстаудың көрсеткiшi Сахара жиегiнiң көрсеткiшiнен де төмен. Онда жылына тек 100-150 мм. ғана жаңбыр жауады.
Судың құруы кесiрiнен бүгiнгi таңда Қарақалпақстанда қалыптасқан жағдай Маңғыстау облысының ауылдық жерiне де тән. Айырмашылығы: көршi автономиялық республикада әзiрше көтерiлiп жатқан өндiрiс жоқ, ал бергi жақта бар. Бiрақ сол Маңғыстау облысының Ақтау, Жаңа Өзен және Жетiбай қаларынан тыс жерде тұратын адамдардың күйi бүгiнгi күннiң өзiнде қарақалпақтыкiнен нашар болмаса артық емес. Ресми деректер бойынша, Маңғыстау облысының ауылдық халқының (сельское население) біраз бөлігі кедейлiк деңгейiнен де төмен жағдайда өмiр сүрiп жатқан көрiнедi. Сондықтан «Қазақтар қарақалпақ ұстауға дағыдаланған екен», – деп масайраудың ретсiздеу болып табылатынына күмән жоқ. Қазiр бүкiл әлемнiң бiздiң аймақтағы су мәселесiне қатысты алаңдап отырғаны бiздiң тағдырымыз ғана емес. Ол – ең алдымен құрып бара жатқан Аралдың айналасында тұзды құм басқан шөл даланың пайда болып, кең қанат жая бастауы. Осы бұрынғы теңiздiң оңтүстiк жағында жатқан Қызылқұм мен батысында жатқан Қарақұмның жаңа бiр шөл далаға қосылып, көлемi Африкадағы Сахарамен салыстыруға келетiндей ғаламат шөлдалаға айналуының арты Еуропаның да табиғаты мен климатының өзгеруiне апарып соқпақ. Бүйткен жағдайда, әрине, ең алдымен Батыс Қазақстан адам тұруға жарамайтын аймаққа айналады. Сонда қазақ та қарақалпақ құсап босып кетпек. Бұл бiздiң тұжырымымыз емес. Бұны бiрiншi болып айтқан аталмыш Юрий Лужков. Оның Сiбiр өзендерiн Орталық Азияға қарай бұру туралы идеясының астарында сол жақтан Ресейге қарай халықтың күнiн көре алмай босып кетуiнiң алдын алу мақсаты жатыр. Ю.Лужков мындай бiр сөздердi қайта-қайта айтып жүр: «Дальнейшее снижение водоснабжения среднеазиатских республик может вызвать волну миграции в Россию». Осыны болдырмау үшiн бұрынғы Мәскеу мэрi құны 34 миллиард доллар тұратын Сiбiр өзендерiн бұру жобасын жүзеге асыруды ұсынады…
Ақадалын айтатын болсақ, Орталық Азияда су мәселесiнiң ушыққанынан ең алдымен зардап шегушiлердiң қарақалпақ пен қазақ екенiн мойындауымыз керек. Және бұл қазiрдiң өзiнде-ақ басы ашылған нәрсе.
Бұндай тұжырым тек аталған облыстар мен Батыс Қазақстан аймағына ғана қатысты емес. Жоғарыда аталған жалпыеуропалық конференцияда Аралмен қатар Балқаштың да мәселесi көте­рiлдi. Оның да экологиялық апатқа ұшы­раудың аз алдында тұрғаны атап өтiлдi. Ал бiзде болса сол Балқаштың жаға­сында АЭС (атом электр стансасын) салу мәселесi қарастырылған. Сонда не бол­мақ?!.

Қайрат ӘМІРЕЕВ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *