Шұбатхана ұлттық тағамдарды ұсынады

Елімізде адал еңбегі, маңдай терімен биікке көтерілген кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі «Дәулет Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты,  ауданның Құрметті азаматы, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Сыдық Дәулетов. Жақында ол Алматының қақ ортасынан SYDYK атты түйе өнімдерін ұсынатын дәмхана-дүкен ашыпты. Жасыратыны жоқ, әр аттам сайын сырахана мен мейрамханадан аяқ аттап жүре алмайтын қаладан төрт түліктің төресі – түйе өнімдерін ұсынатын дәмхананың ашылуы қуанышты жайт. Сонымен, дәмхана иесі Сыдық Дәулетовке жолығып, біраз сауалдар қойған болатынбыз. 

– Сыдық Әбуұлы, оқырмандарға өзіңізді жақынырақ таныстырып өтсеңіз?
– Әр пенденің о баста маңдайға жазған тағдыры болады ғой. Оны кей реттерде жазмыш деп жатамыз. Бес күндік жалғаншы тіршілікте маңдайыңа жазған Алла Тағаланың тағдырынан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Мұны айтып отрыған себебім төмендегідей. Жиырмасыншы ғасырдың басында мамыражай жатқан қазақ даласына ойламаған жерден Қазан төңкерісінің екпіні жетеді. Құйқылжыған саясатта онша көп шаруасы жоқ, Жем-Сағыздың бойында төрт түлік малын өсіріп, бала-шағасын бағып-қағып, Алланың осы бергеніне де шүкір деп қамсыз отырған біздің ата-бабаларымызға әлгі төңкеріс оңай соқпапты. Оның барлығы тарихта жазылды. Кәмпеске деп елдің қолындағы азын-аулақ малын тігерге тұяқ қалдырмай сыпырып алды, онымен қоймай Голощекиннің қолдан жасалған ашаршылығы елді тұралатты. Міне, осындай ауыр жағдайлардың әсерінен аталарымыз келешек ұрпа­ғының қамын ойлап, амалсыздан көр­шілес елге қоныс аударды. Ондаған жылдар бойы Қарақалпақстанның топырағын басып, нанын жедік. Азамат болып, сол жерде қалыптастық. Шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болдық. Бірақ ата-бабаңа аяулы ­мекен болған алтын ұяға деген сағы­ныш уақыт өте келе жүрегіңді сыздатады екен. Әкелеріміз ауық-ауық «Қазақстан, шіркін Қазақстан» деп жүрек түкпіріндегі армандарын күрсініп қана білдіретін. Анам Қаракөз марқұмның оңаша қалғанда ыңыл­дап өлең айтатыны бар еді. Қазір ойласам, олардың барлығы елге деген сағыныштан құралған өлеңдер екен ғой. Өзіміздің мақтан тұтар жерлесіміз Төлеген Айбергеновтің «Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп, жеріне тартып отырады екен, моншақтап жасы боздаумен, көкірегін шерге толтырып» дейтін шумақтарын бала жастан жаттап өстік. Сөйтіп жүргенімізде, белгілі жазушы Смағұл Елубай ағамыздың «Ақ боз үй» дейтін кітабы шықты. Ол бізден гөрі әкелеріміздің қолынан түспейтін. Себебі ол шығармадағы кейіпкерлердің тағдырына ұқсас жандар біздің ауылда да жетіп артылатын. Сонымен, жылы орнымызды суытып, қайдасың атамекен деп тоқсаныншы жылдардың басында елге көшіп келдік. Ел болғанда да тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының кіндік қаны тамған Шамалғанның жанындағы Шалқар ауылына келіп, түтін түтеттік.
– Содан кәсіпкерлікті бастап кеттім деңіз?
– Ол кезең жоспарлы экономика­ның құлдырап, нарықтық эконо­миканың қақпамыздан озған мезгілі еді. Сегіз сағат бойы тапжылмастан жұмыс жасап, азын-аулақ жалақыға телмірген кезең келмеске кетті. Елдің барлығы бала-шағаның қамы үшін базар жа­ғалап кеткенін ешкім ұмыта қоймаған болар. Ол жағдай біздің де басымыз­дан өтті. Жан-жарым Шәрипа Қосымқызы екеуміз де кішігірім ­саудадан бастадық. Талай қиыншылық бастан өтті. Қанша қиын болса да, алған бетімізден қайтқанымыз жоқ. Бизнес дегеннің өзі – тек қана алға ұмтылудан тұрады. Шаруаңның реті болмай қалса, оған бола сарыуайым жеу – бизнестің талабына келмейді. Өзім пір Бекет атаның жетінші ұрпағымын ғой. Содан ба екен, тылсым дүниеге көбірек сеніңкіреймін. Мына қызықты қараңызшы, бір күні түсімде Елбасы: «Шаруаң оңынан айналсын» деп батасын берген болатын. Кейіннен Күрті ауданы Сарытауқұм жағынан жер алдық. Сол жерден түйе фермасын аштық. Бір күні шаруашылықтарды аралап жүрген сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов біздің фермамызға келіп, жағдайымызбен танысты. Өткен жолғы Елбасының түсімде берген ақ батасын өңімде Серік Әбікенұлының аузынан естігенімді жақсылыққа жорыдым. Содан шаруамыз дөңгелене берді. Талдықорғаннан облыс әкімінің қолдауымен шұбатхана аштық. Халық шипалы өнімді жақсы қабылдады. Кейіннен шұбатханаларымыз Қара­сай, Іле аудандарынан да ашылды. Елімізде өтетін көптеген ауылшаруа­шылық жәрмеңкелеріне қатысып, жоғары бағаға ие болдық. 2015 жылдың қыркүйегінде Сочиде өткен Ресей мен Қазақ­станның аймақаралық ынтымақ­тастық форумында өз өнімдерімізді ұсындық.Елбасының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталдым. Осының барлығы азды-көпті еңбегімнің елеп-ескерілгендігі деп білемін. Кезінде 50 түйем болса деп армандап едім, бүгіндері шаруашылығымызда 5 мың түйе бар. Оның 1 мыңын ­сауып отырмыз. Жылына 2 мың тонна сүт, 50 тонна ет, 15 тоннадай жүн өндіреміз. 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Осындай жетістіктің барлығы бір Алланың қалауымен болып жатқан шаруа және еліміздегі кәсіпкерлікке барынша қолдау жасаудың арқасы. «Дәулет Бекет» шаруашылығын құрған кезде, ауылдың жағдайы қазіргідей емес еді. Содан тапқанымызды ауылдың жағдайын көтеруге жұмсадық. ­Сарыүй­сін Ақұлы Белағаш бабамыздың басына ескерткіш орнаттық. Қызылағаштағы қасірет кезінде де қорадағы малымнан халыққа мал бердім. «Мектепке жол» бағдарламасы аясында да әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көптеген тартулар жасаймыз. Шаруасын жолға қойған азаматтар қолдан келгенше елге қарасса, нұр үстіне нұр. Тапқаныңды көрпенің астына тыға бергенше, қамкөңіл біреудің маңдайынан сипауға жұмсасаң, соның өзі сауап, соның өзі мәртебеңді өсіреді.
Бүгіндері түйе сүтінен бөлек, оның етін, жүнін де пайдаға асырып отырмыз. Халықаралық байланысымызды нығайтсақ деген де ойымыз бар. Біздің ұлттық тауарымыз халықаралық бәсекеге төтеп бере алатындай болуы керек екендігін Елбасы үнемі айтып келеді. Осы биік мақсатты орындап, қасиетті түйенің шұбатын шетелдіктерге мойындатып жатсам, кәсіпкерлік өмірімдегі биік белесті бағындырғаным деп санаймын.
– Жаңа дәмханаңыз құтты болсын.
– Рақмет. Бұл өзі көптен ойда жүрген шаруа болатын. Шұбат жарықтық­тың қасиетін талайлар айтты, ол халықаралық деңгейде мойындалды. Бауыр, өкпе, ісік ауруларына, қант диабетіне шалдыққандарға таптырмас шипа. Қай бір жылдары медицина ғылымының докторы Естөре Оразақов Маңғыстаудан өкпе ауруын шұбатпен емдейтін шипажай ашыпты. Ақши ауылынан жүз орындық балабақша аштық. Балабақшада үш мезгіл шұбат пен қымыз береміз. Шетелдің қаптаған қоспа қосылған тағамдарынан гөрі, өзіміздің шұбат пен қымыз ішіп өскен баланың денсаулығы да мықты болады. Қытайда мектеп асханасының мәзірінде қымыз бен шұбат бар. Бізге де осы дәстүрді енгізу керек. Жалпы өзім түйені көп зерттеген адаммын. Шұбаттың толған емдік қасиетін, атақты түрікмен аруанасының ерекшеліктерін, оларды біздің топырағымызға қалай жерсіндіруге болады деген сауалдарды зерттеп, нәтижесінде «Түрікмен ­аруанасы Жетісу өңірінде» атты ­монография жаздым. Бір қызығы, осы еңбегіме алғысөзді кезінде романын оқып, сырттай таныс болған Смағұл Елубай ағамыз жазып, ақ тілегін арнады.
Енді мына ашылып отырған дәмхана-дүкен туралы айтып өтейін. Қазір қаланың тіршілігі әбден қарба­лас. Жүйке сыр бере бастағанда денсау­лықтың да шатқаяқтайтыны белгілі. Кәсіпкер болғандықтан, басқалардың, соның ішінде шетелдік­тердің тамақ өніміне сын көзбен қараймын. Ондағы қоспалардың халықтың денсаулығына пайдасы бар ма, жоқ па? Осы жағына көп мән беруіміз керек. Қай салада болмасын жетістікке жету үшін, ең бірінші, денсаулығың мықты болуы қажет. Президенттің «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының өзегі де – ұлттық кодты сақтау ғой. Ұлт­тық код тек қана ұлттық тәлім-тәрбие мен салт-дәстүр ғана емес, ол күнделікті қолданатын тағамың. Осыны қаперде ұстау керек. Осы мақсаттан барып, аталған дәмхана кешенінің шаңырағын көтердік. Кешен 3 қабаттан тұрады. Оның жалпы аумағы 1297 шаршы метр.Бұл жерде сатылатын өнімдердің барлығы өзіміздің шаруашылықтан. Төрт түліктің ет өнімдері, сауылған түйе сүті, балқаймақ, құрт, ірімшік, қаймақ, сары май, бауырсақ секілді қалалықтарға таңсықтау дәмнің экологиялық тұрғыда таза екендігі өз алдына, әлгі тағамдар тек денсаулығыңды нығайтып, иммунитетіңді арттырады. Сонымен қатар жаңа сойылған түйе етінен даярланған қуырдақтың да дәмі тіл үйіреді. Тіпті түйе сүтінен даярланған үш түрлі сабын сатамыз. Бұл сабын ешқандай аллергия не болмаса тері ауруларын қоздырмайды. Бір ғана мысал айтайын, жайылымдағы 100-дің үстіндегі шөптің жылқы, сиыр, қой жартысын ғана жесе, түйе жарықтық әлгі шөптің барлығын дерлік тағам етеді. Осыдан да оның сүтінің құнары жоғары. Дәмханамыз алматылықтардың көңілінен шығатын болар. Бұл жерде шаруашылығымыздың жұмыс жасау тәсілінен хабар алып, қол жеткізген марапаттарымызбен таныса аласыз. Аруананың әдемі мүсінін көріп, түрік­мен­нің әйгілі кілемінің сапасын да тамашалайсыз. Желтоқсан мен Құрманғазы көшелерінің қиылы­сын­дағы ұлттық дәстүрді бойына сіңдірген өзгеше сипаттағы дәмхана қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, сізге ұмытылмас әсер қалдырады деген ойым бар.

Кенжебек Тұманбайұлы

Алматы облысы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *