Орфографиялық сөздіктер әзірленеді

Орталық коммуникациялар қызметінде латын қарпіндегі қазақ әліпбиін кезең-кезеңмен енгізуге арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оның жұмысына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың респуб­ликалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов қатысты.

Елбасы Н.Назарбаев 27 қазан күні латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін бекіткені белгілі. Соның негізінде Үкіметке жаңа графикаға көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құру тапсырылды. Сонымен бірге жаңа қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілетіндігі атап көрсетілді.
Жиын барысында Мәдениет және спорт министрі ­Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойылуына байланысты, төмендегі жобалар жүзеге асырыла бастайтынын атап өтті.
«Біріншіден, Үкімет жанынан латын графикасын қазақ тіліне ендіру жөніндегі жұмыс тобы құрылады. Екіншіден, сол графиканың емле-ережелерін жасайтын орфографиялық-лин­гвистикалық комиссияны құру. Латын әліпбиінің негі­зінде жаңа Орфографиялық ережелерді және қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздіктері әзірленеді. Латын әліпбиінің негізінде «Қазақ тілінің үлкен орфографиялық сөздігі» әзірленіп, шығарылады. Үшіншіден, барлық нормативтік-құ­қықтық база ретке келтірілуі қажет. Содан соң оқу-әдіс­темелік, көркем және басқа да қажетті әдебиеттерді дайындау және оларды халыққа тарату, ғылыми-әдістемелік жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар әліпбиді қоғамдық орындарда және өңірлерде насихаттау жұмыстары қолға алынып, БАҚ саласында бірқатар жұмыстар атқарылуы тиіс. Жарнамалық жұмыстарды жандандыру керек. Арнайы портал және мәтіндерді латын графикасына автоматты түрде көшіретін конвертер әзірлеп іске қосылады» деді А.Мұхамедиұлы.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек қазір елімізде латын әліпбиіне көшу үшін сынақ мерзімі жүріп жатқанын жеткізді.
«Осы аптаның соңына Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірігіп алғашқы сынақ орталығын ашамыз. Ол басқа қалаларда да, облыс орталықтарында да ашылатын болады. Мәселе әріп ауыстыруда емес, мәселе тілімізді өзінің табиғи заңдылықтарына қайта оралту» деді ол.

Серік СЕМБИЕВ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *