Қазақ сайттарының салмағы артып келеді – Ерлан Қарин

134

Бұл туралы ол Астанада өткен Қазақ сайттары редакторларының форумында айтты, деп хабарлайды  BNews.kz тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында медиа ресурстар нарығының дамуы» тақырыбымен кеше Қазақ сайттары редакторларының форумы өтті.

Шараны ұйымдастырушылар – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы, Қазақстандағы АҚШ елшілігі және Қазақстан баспасөз клубы.

Аталмыш шараға «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев, сондай-ақ, жалпы 200-ге жуық адам қатысты, олардың ішінде журналистер, веб-редакторлар, блоггерлер және т.б. БАҚ саласының мамандары болды.

Шараны «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин бастап берді.

«ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қазақ сайттары редакторларының форумын ұйымдастыру идеясын айтты. Содан кейін біз қазақ сайттарын түгендей бастадық. Қазақ сайттарының салмағы артып келеді, сондықтан бұндай шаралардың маңызы зор. Форумның бағдарламасын қазақ интернетіне қатысты мамандармен ақылдасып отырып құрдық», — деді Ерлан Қарин.

Форум барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келіп, қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Министр қазіргі кезде интернеттің қолжетімділігін арттыруға, оны ауыл-аймақтарға жеткізу үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ, ол ақпарат таратушылар, яғни телеарна, радио мен ақпараттық агенттіктер жаңалықты сапалы әрі өз уақытында таратуы керектігін атап өтті.

«Бұқаралық ақпарат құралдары халыққа ақпарат пен жаңалықтарды сапалы әрі өз уақытында таратуы керек. Белгілі бір шұғыл оқиғалар мен өмірлік маңызы бар мәселелерге байланысты тілшілер мемлекеттік органдардың өкілдерінен нақты пікір ала отырып, сенімді ақпарат беруі керек. Ал, сондай жағдайларда мемлекеттік органдар ресми жолданған сауалға үш сағаттың ішінде жауап беруге тиісті», — деді Дәурен Абаев.

Форумның мақсаты – Қазақ тілді сайттарды дамыту, контент сапасын арттыру және өзекті мәселелердің шешімін табу.

Форум аясында осы саланың білікті мамандары қазақ тілді сайттарға байланысты өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті.

Бұл форум қазақтілді сайттардың ақпарат кеңістігіндегі орны мен ерекшеліктерін айқындап, контент сапасы, оқырман талабы, жарнама мен қаржыландыру, жаңа медиа мен қазіргі трендтер, жаңа технологиялар сияқты тақырыптарды қамтыды.

Аталған форум таңнан кешке дейін, яғни сағат 9.00 мен 19.00 аралығында жалғасты.

Іс-шара соңында қатысушыларға форумға қатысқандығын растайтын сертификат табысталды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *