Талдықорғанда «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды

81

Талдықорғанда «Рухани жаңғыру» орталығының ашылғандығы жайлы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұл республика көлемінде Елбасы бағдарламасын жүзеге асыруға негізделіп ашылған алғашқы арнайы орталық. Ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Батталов, облыстық ҚХА мүшелері, қала тұрғындары қатысқан. «2017 жыл Жетісу өңірі үшін үлкен жаңалықтарға, маңызды оқиғаларға толы болды. Осы жетістіктеріміз, шыққан биігіміз — Елбасының сарабдал саясаты мен Қазақстан халқының бірлігінің нәтижесі. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі және нақты бағытын көрсететін маңызды құжат. Біз облысымызда атқарылатын істерді нақтылап алу мақсатында ел ағаларымен кездесіп, пікір алыстық. Маңызы зор құжатты іске асыру үшін «Жастар» саябағында орналасқан ғимаратта «Рухани жаңғыру орталығын» ашуды дұрыс деп санадық. Жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет ететін болады», — деді облыс әкімі Амандық Баталов көпшілік алдында сөйлеген сөзінде. Дәстүрлі лента қию рәсімінен кейін шараға қатысушылар орталықтың ішкі құрылымымен танысты, онда елдегі және Жетісу өңіріндегі маңызды жетістіктер жайлы хабар беретін экспозициялық зал жұмыс істейді. Салтанатты шара «дөңгелек үстел» басында жалғасын тапты. Облыс әкімі Амандық Батталов бағдарламаның жүзеге асуына белсенді атсалысқан меценаттар Жақсылық Үшкемпіров, Болат Назарбаев, Бауыржан Оспанов және Сабыровтар отбасының есімін ерекше атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер», «Киелі Қазақстан» және өзге де бағыттарын дамытуда жастардың белсенділігі керек екенін тілге тиек етті.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры Мұхтар Төлеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өзі қызмет етіп отырған білім ордасы да атсалысып, 42 ғылыми жоба әзірленгенін жеткізді. Университеттің тікелей атсалысуымен Алматы облысының киелі картасы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әзірленген. Университетте студенттерге «Қоғамдық сананы жаңғырту» атты жаңа пән оқытылуда.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *