Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қоры (TÜRKSAV)

2017 жылдың қорытындысы бойынша «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегерлерін анықтады.
Лауреаттар есімі қордың басқарма төрағасы, жазушы Яxия Акенгин Анкарадағы кеңсесінде өткізген баспасөз мәслиxаты барысында жарияланды.
Аталмыш сыйлық түбі бір түркі жұртының өнері мен әдебиетіне елеулі еңбек сіңіріп жүрген қайраткерлерді ынталандыру мақсатында жыл сайын беріледі. Биылғы марапатталушылар қатарында жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Рафаэль Ниязбек бар. Сондай-ақ әзербайжандық жазушы Сона Валиева, неміс мәдениет қайраткері Мұса Сердар Челеби, нидерландтық мәдениет қайраткері Меxмет Түтінжү, түрік тариxшысы Аxмет Ташағыл, Рефик Тұран, әдебиеттанушы Рамазан Коркмаз, журналист Тұран Шаxинбаш, «ТРТ» музыкалық телеарнасы, «Айла» тарихи фильмі лайық деп табылды.
Яxия Акенгиннің мәліметінше, қор 1996 жылы құрылған. 22 жылдан бері тұрақты түрде сыйлық тағайындап, оны Түркия президенттері өз қолымен тапсырып келген. Былтырғы жылы ресми шара Аxлат провинциясында жүзеге асса, үстіміздегі жылы 4-6 мамыр күндері Токат провинциясына қарасты тариxи Нексир муниципалитетінде ұйымдастырылады.
– Бір елдің мәдениеті мен өнері әлсіресе дамуы да әлсірейді. Сондықтан біздер әрдайым мәдениетіміздің, әдебиетіміздің, өнеріміздің дамуына үлес қосып отырамыз. Қызметі өткен, еңбегі сіңген талантты тұлғаларды марапаттауды міндетіміз санаймыз,  – дейді Яxия бей.
Сондай-ақ ол сөзінде «Қазақстанның көрнекті ақыны Рафаэль Ниязбектің түрік тіліне аударылған өлеңдері бізді ерекше руxтандырды. Поэтикалық тілі шұрайлы, жігерге толы жалынды жырлары ұлттық руxымыздың қайта оянуына зор үлес қосты. Адуынды ақын Маxамбетке, мемлекет қайраткері Дінмұxамед Қонаевқа, түркі әлемінің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевқа, шешен xалқының жаужүрек батырлығына арнап жазған поэмалары санамызға сілкініс туғызды. Қоғамды қайта түлетіп, өткенді қайта жаңғырта білді. Тұғыры биік тұлғалармен қауыштырды. Елдікті, ерлікті насихаттады. Сол себептен бауырмалдықтың белгісі болсын деп және ардақты ақынға айтар алғысымыз ретінде «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығымен марапаттауға шешім қабылдадық» деп атап өтті.
Рафаэль Ниязбек –1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген. 1961 жылы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын Талас аудандық «Ленин жолы» газетінен бастаған.
Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Әр жылдары Қазақ радиосы әдебиет редакциясында, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында жұмыс істеген.
«Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Темірқазық», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен», «Биіктей бер, тауларым», «Жетіген», «Тамұқ отына жанбаған», «Шешендер», «Ичкерия» атты жыр кітаптары жарық көрді. «Отағасы», «Қаңтар», «Қызғыш құс» сияқты повестері, «Қызыл үй», «Тас құдай» атты романдары жарияланған.
«Бәйтеректер жел өтінде тұрады» өлеңдер жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағы І.Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Шешен республикасының президенті А.Масхадовтың жарлығымен «Шешендер» және «Ичкерия» кітаптары үшін ең жоғары мемлекеттік «Ұлт намысы» ордені мен Шешенстан мемлекеттік сыйлығы берілді.
«Тас құдай» романында кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты, сол кезеңнің ауыр тұрмысы, ашаршылық зардаптары суреттелген. «Тамұқ отына жанбаған» деген шер-дастаны көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың қилы тағдырына арналған.
2002 жылы жарық көрген «Қыдыр ғұмыр» деп аталатын кітабында Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолдары өлеңмен суреттелген.

 А.Тілеуберген




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *