Қазақстанда коронавирусты жұқтыру деректері тіркелген – Денсаулық министрлігі

123

Елімізде тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып саналады. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасап Kazgazeta.kz.

 «Қазіргі таңда елімізде тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып саналады. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда тұмаумен ауыру 14 пайызға төмендеген. Қазіргі таңда лабораторияларда тұмаудың 30 түрі анықталды. Оның ішінде 58 пайызы тұмаудың В типі, 42 пайызы тұмаудың А типіне жатады», — деді ол.

Оның айтуынша, елімізде азаматтар тұмаумен желтоқсан айында ауыра бастайды. Алайда бас санитар биыл елімізде қауіпті инфекциялар тіркелмегенін айтып өтті.

«2009-2011 жылдары әлемді шулатқан H1N1 тұмауы кеңінен таралған болатын. Ол вирус елімізде биыл тіркелген жоқ. Сонымен қатар, тұмауға ұқсас топтың құрамында коронавирус Сауд Арабиясын, Оңтүстік Кореяны шулатып, көптеген жағдай өлім-жітіммен аяқталды. Ол вирус бізде де тіркеліп жатыр. Бірақ, олардың саны өте аз. Осы жағдайды бақылаудың арқасында алдын алу шараларын қолға алып жатырмыз», — дейді бас санитар дәрігер.

Брифингтен кейін Жандарбек Бекшин аталған елдерде 1 мыңнан астам адам қауіпті вирусты жұқтырып, кесірінен 200 адам қайтыс болғанын хабарлады.

«Оңтүстік Кореяда тұмау салдарынан болған 50 өлім тіркелді. Денсаулық сақтау саласына 7,5 млрд АҚШ доллары көлемінде зиян келді. Бұл тұмауға ұқсас вирус. Қазіргі таңда жалпы вирус жұқтыру бойынша 203 мың жағдай тіркелсе, елімізде коронавирус жұқтырған 3-4 адам тіркелді. Бірақ өлім-жітім тіркелген жоқ. Азаматтар ол ауруды шетелден жұқтырған», — деді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы.

Айта кетейік, коронавирустың құрамында вирустың 37 түрі бар. Вирус адамға, мысыққа, құсқа, итке, ірі қара мал мен шошқаға жұғуы мүмкін. Алғаш рет коронавирусты жұқтыру жағдайы 1965 жылы тіркелген. Аталған вирус адамның тыныс алу және жүйке жүйесіне, ішек-қарын жолдарына зиянын тигізеді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *