Алданып, ардан аттаған қыздар ма, әлде?..

94

Ащы болса да…

Қазір біздің қоғамда тастанды балалар мәселесі бар. Оның ішінде қазақ балаларының тастанды атануы жанымызға бататыны шындық. Тастанды балалар санының артуы еліміздің абыройына да қара күйедей жағылатыны анық. Қазақ қыздарының арына кір келтіретіні ақиқат. Өкінішке қарай, бұл мәселе  бұрын да болған, қазір де бар. Егер бұрын «тастанды» деген сөзді  сиректеу еститін болсақ, қазір тіпті, таң қалмайтын дәрежеге жеттік. Мәселенің туындауына кім кінәлі: алданып, ардан аттаған қыздар ма, оларға лайықты тәрбие бере алмаған әке-шеше ме, әлде бұзылған орта ба? .. Бұл жаһандану дәуірінің әсерінен де болып жатқан құбылыс шығар. Әйтеуір, тастанды деген сөзге құлағымыз үйреніп бара жатқан сияқты. Қазір қай ақпарат көзін ашсақ та, осы тақырыпты  көзіміз шалып қалатыны рас. «Пәленше деген қыз баласын қоқыс жәшігіне тастап кетіпті», немесе «Оныншы сыныпта оқитын қыз жүкті болып қалыпты» деген сияқты жаңалықтар көп айтылып, жазылады. Жақында бір ақпарат құралынан «Аналар үйін паналап жүрген қыз бақытын тауыпты» деген мақаланы оқығанда екіұдай  ойда болдым.  Бір жағынан қыздың бағы ашылыпты, ақ босаға аттапты деп ойладым. Екінші жағынан Аналар үйінің қызметкерлері жасаған жақсылыққа сын көзімен қарадық. Басына сәукеле, ақ көйлек  киген қыздың жасқа толмаған сәбиі бар. Жігіті баласын туған ұлындай қабылдапты. Қыздың  басына сәукеле кигізіп, бетін жауып, апалары мен құрбылары қуанып, шығарып салып жатыр…  Қыздың жасы әлі жиырмаға да толмаған екен. Ол қыз жақында ғана некесіз баланың анасы атанды. Оның баладан бас тартпай, тастанды қылмауы қуантады. Дегенмен, қиын жағдайға тап болғаннан кейін баланың болашағын ойлап, оқуын жалғастыруды, немесе  жұмысқа орналасуды емес, тезірек тұрмысқа шығуға асығатын қыздарға деген көпшілік көзқарастың  теріс болатындығы анық. Оны осы кезге дейін анасы дұрыс тәрбиеледі ме? Қыз бала үшін «Қырық үйден тыйымның» болатындығын түсіндірді ме? Қыздың бос уақытын кіммен, қалай өткізетіндігін қадағалады ма?  Қызға жақсы оқып, білікті маман атанудың маңыздылығын  айтты ма?..

Қыз бала тәрбиесіне бірінші кезекте анасы жауапты. Ал «Аналар үйіне» келетін қыздардың өз шешелері « қара бет болдық» деп, қыздарынан түбегейлі бас тартқан екен. Демек, кейбір қазақ отбасыларында  қыз бала тәрбиесінің осалдығын анық байқауға болады.  «Аналар үйі»  еліміздің бірқатар қалаларында қайырымды кәсіпкерлердің  арқасында бой көтеруде. Бұл бастама тастанды балалар мәселесін шешуге септігін  тигізгенімен, таяқтың екі ұшы болатын сияқты, керісінше тастанды балалардың санын арттыруға септігі болмай ма деп те ойлайды екенсің.  Әрине, қоғамдық мәселеге немқұрайлы қарамай, жанашыр болып жүрген азаматтарға алғыс шексіз. Бірақ  оң босағада отырып, балалы болған қыздармен түсіндіру, тәрбие жұмыстары жүргізілсе, қыздардың сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылса, жақсы болатын еді.  Бір рет қателікке бой алдырған қыздардың  екінші рет қателеспейтіндігіне кім кепіл?  Сондықтан Аналар үйіндегі қыздарды «бақытын тапты» деп елге үлгі жасап, «жұлдыз қылудың» қажеті жоқ деген ойдамын.

Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Пікір алмасып отыралық…

Үміт Жұмаділова

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *