Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI Съезіне әзірлік талқыланды

70

Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне әзірлік жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы болды.

Бұл туралы Жоғарғы Палатаның баспасөз қызметі хабарлайды.

VI Съезд 2018 жылғы 10-11 қазанда Астанада өтеді. Қ. Тоқаев кіріспе сөзінде алдағы Съездің өтетін уақыты оның 15 жылдығымен тұспа-тұс келетінін атап өтті.

«Бұл мерзімде форум әлем қоғамдастығы тарапынан кеңінен мойындалды, Қазақстанның сыртқы саясатының танымал брендіне айналды. Съездің діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық үнқатысуды ілгерілетуге қосқан үлесі БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарларында атап өтілді», — деді Сенат Төрағасы.

Қ. Тоқаев форумға әзірлік жөніндегі шаралар жоспарына сәйкес, тиісті мекемелерге тапсырма берді. Съезд Хатшылығының басшысы дінаралық үнқатысуға қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын беруге және Съездің Құрметті медалімен марапаттауға, сондай-ақ Бейбітшілік және келісім мұражайының ашылуына байланысты мәселелерді мұқият пысықтауға шақырды.

Сенат Аппаратының басшысы, Мемлекеттік комиссияның хатшысы Серік Сыдықов басқаратын Съездің Ұйымдастыру комитеті әзірлік жұмыстарын үйлестіретін болады.

Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов, дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев VI Съезге әзірлік жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы сөз сөйледі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *