«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек

Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы өткзілді және онда  «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы»  ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова бұл турасында: «Жоба аясында аталған Заңға бірқатар түзетулер мен жаңадан төрт бап енгізіліп отыр. Атап айтқанда, заңда қолданылатын терминология реттелді. Бүгінгі қоғамда Ассамблеяның рөлі ескеріліп, «этносаралық келісімді қамтамасыз ету» деген термин «қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету» деп ауыстырылды. Сондай-ақ, қазiргi таңда Ассамблея құрылымында қоғамдық дауларды сотқа дейiн реттеу мақсатында медиация кабинеттерi жұмыс iстейтiнiн ескерiп, Ассамблеяның негiзгi қызметiне медиацияға қатысты толықтыру енгiзiлiп, қаралып отыр», — деді.

Жаңа Заң жобасының аясында Ассамблеяның құрамына қатысты да өзгертулер енгізілген. Осы уақытқа дейін Ассамбленың құрамын оның сессиясы, кеңесі, аппараты және облыс Ассамблеяларынан тұратын болса, ендігі кезекте оны Ассамблеяның атқарушы органы мен этномәдени бірлестігі толықтыратын болады. «Ассамблея кеңесiне қоғамдық наградаларды тағайындау құзыретi қарастырылды. Ассамблеяның бұл салада жұмыс тәжiрибесiнiң мол екенiн өздерiңiз бiлесiздер. Соңғы бiрнеше жыл бойы «Жомарт жан» және «Бiрлiк» қоғамдық наградалары қоғамдағы меценаттық, демеушiлiк жұмысты атқарып жүрген азаматтарға Ассамблея атынан берiлiп келетiнiн бiз өзiмiз бiлемiз. Қолданыстағы заңға сәйкес, Ассамблея төрағасының орынбасарларын Президент тағайындайтын болатын. Ал, осы жоба шеңберiнде Төраға орынбасарларын ротациялау принципiмен тағайындауды айқындап отырмыз. Бұдан басқа, заңға 4 жаңа бап енгiзiлмек. Осы түзетулер Ассамблея қызметiнiң жүйесiн тұтастай жетiлдiруге бағытталып отыр», — дедi вице-министр.

 

Сенатор Бақытжан Жұмағұлов: «Құжаттағы ең маңызды бағыттарына тоқталсақ, біріншіден, ҚХА-ның атқаратын қызмет саласы мен жауапкершілігін арттыру ескерілген. Ол енді тек этносаралық қарым-қатынастарға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге де қолданылатын болады. Бұл — түбегейлі өзгеріс. Сонымен қатар, Ассамблея мүшелерінің жұмысы заңды түрде күшейтіледі, олардың құқықтары мен міндеттері нақтыланып, бекітіледі», — деді. Комитет мүшелері заң жобасын Сенаттың жалпы отырысына жолдауға бірауыздан келісті.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *