Ақтауда балет және гимнастика академиясы ашылды

369

Ақтау қаласында тағы бір жаңа спорттық нысан пайдалануға берілді. Бұған дейін есігін айқара ашқан «Lions Fight Club» жауынгерлік өнер академиясы және «Cross Fit Aktau» кроссфит залынан соң, «Olympus» балет және спорттық гимнастика академиясы пайдаланыла бастады.

Бұған дейін Ақтау шаһарында балет мектебі болған емес. Ал спорттық гимнастика осыдан 25 жыл бұрын болған.

Академияның ашылуында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Қарабалаев, танымал спортшылар және қала тұрғындары болды.

Жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырылып отыр. Үш спорт залды тұрғызу үшін 360 млн. теңге жұмсалған. «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігімен сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға арналған құралдар пайдаланылған.

«Ақтау қаласында спорттық гимнастика соңғы рет осыдан 25 жыл бұрын болған. Енді академияның ашылуымен біз бұл мәселені шешімін тауып отырмыз, себебі жастар арасында гимнастикаға деген қызығушылық жоғары. Ал балет болса біздің қаламызда бұрын мүлдем болмаған. Негізінен мен бұрын дамымай қалған спорт түрлерін дамытуды қолға алу қажет деп есептеймін. Мәселен джиу-джитсу, еркін күрес MMA спорт түрлері бойынша қысқа мерзімде нәтиже шығару үшін Дағыстан және Бразилия елінен тәжірибелі бапкерлерді алдыртып отырмыз. Олар қазір Ақтауда тұрып жатыр және болашақ чемпиондарды дайындауда», — дейді кәсіпкер Аманжол Жаңабай.

Жетім балалар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін спорт залда тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Аманжол Жаңабай мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Ол мұндай спорттық академияларды Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау ауданында ашу жөніндегі ұсыныспен шыққан. Алайда қалалық және аудандық әкімдіктерден әлі жауап жоқ. Бұған қарамастан кәсіпкер өзінің жобасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау табатынына сенімді.

Кәмшат Ізбасарова

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *