«МЕН АСТАНА ҚҰРДАСЫМЫН!» шығармашылық байқауы

15

Биыл тәуелсіз еліміздің жүрегіне айналған алып шаһар Астананың 20 жылдық мерейтойы. Осынау Сарыарқа төріндегі салтанаты жарасқан құтты мекеннің егеменді ел тарихы қалыптасуындағы алатын орны мен маңызы ерекше. Сол себепті де, әр қазақтың мақтанышына айналған ару қала мерейтойының жалпыұлттық мерекеге айналуы да айнымас заңдылық. Осы 20 жылда не өзгерді? Астана біздің елге не берді? Бас қалаға біз қандай үлес қостық? Кешегі 1998 жылы өмірге келген ұл-қызымыз бүгінде мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан күш-қайраты тасыған асықтай бозбала мен сәні мен салтанаты нәзіктігіне ұласқан, көргеннің көзін сүріндірер жас бойжеткен. Ендеше, бүгінгі «Қазақ газеттері» серіктестігі ұйымдастырып отырған кезекті байқау өздеріңізге арналады, Астана құрдастары!

Байқаудың шарты бойынша, Астана құрдастары редакцияға өзінің сүйікті қаласы жайлы шығармашылық жұмысын жолдауы тиіс. Ал, жанры жағынан шектеу жоқ. Материалдар:

А) бейнематериал (сюжет, деректі фильм, репортаж, сұхбат болуы мүмкін);

Ә) поэзия;

Б) проза;

В) публицистика (эссе, мақала, журналистік зерттеу, очерк)

Г) фоторепортаж;

Д) аудиожазба түрінде болуы мүмкін.

Тіпті, өзгеше қызықты форматтар тауып, заманауи лайфхак, флешмоб түріндегі дүниелер де қабылданады. Ең бастысы, қызықты, әрі мазмұнды, креативті шығармашылық күтеміз.

Біздің Астана әлемде теңдесі жоқ, өзіндік келбеті мен архитектуралық құрылымы жағынан қайталанбас әсем қала. Бүгінгі қазақ елінің жалынды жастарын да біз дәл осы еліміздің бас қаласы секілді ешкімге ұқсамайтын болашағымыздың тұтқасын ұстар асқақ азаматтар деп білеміз. Сіз үшін елорданың маңызы қандай? Көгінде көк туы желбіреген қазақ елі мен Астананың болашағын қалай байланыстырасыз? Астана жайлы жүрек толғантар естелік, айтар ойыңыз бар ма? Бар болса, ортаға салып, ортақ қазанда бөлісіңіз. Бәйге материалдарын мамырдың 18 мен маусымның 25  аралығында kazgazeta-baikau@mail.ru поштасына жолдаңыз.

Ескерту: бәйгеге Астана құрдастары ғана қатыса алады.

 




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *