Халың қалай, қазақ дубляжы?

442

Голливудтың тағы бір анимациялық фильмі қазақша сөйледі. Ол –қайратты, жігерлі жандардың отбасы, отбасылық құндылық туралы «Супер отбасы – 2» мультфильмі. 
Walt Disney/Pixar анимациялық студиясының осы бір туындысы «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасының аясында дубляждалды. Бұл – олардың қазақшаға аударған жиырма төртінші туындысы. Осы ретте айтулы іске атсалысып, қазақ балаларының әлемдік туындыларды ана тілінде көруі үшін күш салып жатқан жандарды әңгімеге тарттық.

Шах-Мұрат Ордабаев, 
дубляж режиссері:

Көрермендерді  көбейту керек

Қазақ тіліне аударуға және мәтінді үйлестіруге сол саланың білікті мамандары шақырылды. Кәсіби аудармашылар аударды. Оны жазушы әрі журналист Тұрсынбай Жандәулет редакциялады, Гүлжан Сауыртаева үйлестірді. Біз мәтіннің көрерменге жақын әрі шынайы шыққанын қалаймыз. Ол әр фильмнің атмосферасына байланысты. «Супер отбасы» болғандықтан, отбасылық құндылықтар, бірін-бірі түсіну, қолдау деген мәселелерді біз де іштей түсініп, соған жақын көңіл-күйде жүрдік.
– Дубляж актерлері қалай таңдалды?
– Кез келген туындыны дыбыстауға арнайы кастинг жариялаймыз. Осы жолы басты бес кейіпкер мен қосалқы екі кейіпкерді дыбыстаушыларға кастинг жасағанда, әр кейіпкерге 3-4 адам келді. Соның нәтижесінде, Теңдессіз мырзаны – театр және кино актері Жәнібек Мұсаев, Эластика ханымды – «Серпер» сыйлығының иегері, театр және дубляж актрисасы Сая Тоқманғалиева, Виолеттаны – Айкөркем Әділгереева деген Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, жас актриса, ортаңғы баласы Дэшті 12 жасар Дидар Құралбаев дыбыстады. Бұл – Айкөркем мен Дидардың алғашқы жобасы. Соған қарамастан, екеуі де өте жоғары деңгейде алып шықты. Қосалқы кейіпкер Уинстон Дэворды – Айгүл ­Иманбаева және мюзикл театрының актері, режис­сері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері ­Сайлау Қамиев, Эвелин ­Деворды Жастар театрының актрисасы Айнұр Рахипова дыбыстады.
– Қандай қиындықтар болды?
– Ең басты қиындық – өзге тілде шыққан, мәдениеті, менталитеті басқа фильмді өзіміздің қазақ тілді көрерменге ыңғайлау. Өйткені супер қаһарман, батырлар, олардың тіршілігі, балалары мен әкелерінің сөйлесуі, жауыздардың өзін-өзі ұстауы – барлығын біздің көрерменге лайықты, түсінікті тілмен жеткізу керек. Мәтінді қатты өзгертуге де болмайды. Виолеттаны дыбыстаған кезде актрисамыздың күлкісі шынайы шықпай, кішкене қиналды, дегенмен, барлық амалдарды салып, жасап шықтық. Осы жұмыстың бәріне шамамен екі айдай уақыт кетті.
– Еліміздегі қазақша дубляждың деңгейі қандай? Қандай жетістіктер мен кемшіліктер бар?
– Отандық дубляждың жетістіктері көп. Ол сонау Кеңес одағы кезінде Ш.Айманов атындағы студияда басталды. Театр артистері, үлкен өнер майталмандары орыстың, үндінің фильмдерін кәсіби тұрғыда дыбыстап, дубляждың негізін қалады. Одақ таратылған соң, бұл үрдіс жалғасын таппады. Дубляжға қызығушылық азайды. Адамдар кинодан басқа дүниелермен айналысуға мәжбүр болды. Уақыт өте келе, дубляж қайта жанданды. Ол телеарналардан, телехикаяларды дыбыстаудан басталды. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Дубляждың қазіргі дәрежесі өте жақсы деп ойлаймын. Бұл – болдық-толдық дегенім емес, әлі де үйренеріміз көп. Дегенмен, басқа елдердің дубляжымен салыстырғанда кәсіби артистік біліктілік жағынан өте жоғары деңгейдеміз.
Біздің кинотеатрларға арналып жасалған кәсіби дубляждың кемшілігі – көрермен тарапынан қызығушылық жоқ. Өзіміздің қазақ тіліміздегі фильмдерді тамашалауға көп адам келмейді. Есесіне, орысша дыбысталған фильмдердің ­премьерасына келетіндердің қарасы көп. Бұл не? Өз тілімізге сенбеу ме, әлде менсінбеу ме? Ең басты кемшілік осы.
– «Супер отбасы» мультфильмі кинотеатр­ларда тек кешкі 19.00-ге дейін қойылып жүр. Орысшасы түнгі 00.00-ге дейін бар. Осы жерде неге қазақша нұсқаның сеанстары аз деген сұрақ туындайды. Оның да себебі көрермендердің аз келуі ме? Олай болса сұранысты арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Не істеліп жатыр?
– Әр кинотеатр – жеке кәсіпкер. Оларға да табысын ойлау керек. Көрер­меннің келмеуін қалай шешуге болады? Ақпараттық қозғалтқыш күш – бұқаралық ақпарат құралдары. БАҚ бізді қолдаса дейміз. Олар жай ғана жаңалық қылып шығара салмай, көлемді материал етіп жазса, телеарналар рейтинг қосатын дүниеге мән бермей, осындай маңызды істерге назар аударса, рейтингі жоғары бағдарламаларға дубляждаушыларды шақырып, осыған байланысты әңгіме қозғаса, жарнамаға жеңілдік жасаса, мүмкін, көрермен қызығар ма еді?
Еліміздегі танымал тележүргізу­шілер, газеттердің жетекшілері өнер адам­дары жабық көрсетілімге ғана келеді. Ал бала-шағасын, ата-енесін, әжесін, туыс-туғандарын ертіп, қазақша кино көруге бармайды. Барса, орысшасын көреді. Өзім біраз тележүргізушілерді, актерлерді танимын. Инстаграмында миллиондаған жазылушылары бар. Олар мұндай фильмдерге қызықпайды, орысшасын көреді. Жақында ғана біразының инстасториезінен «Супер отбасының» орысшасын көріп, риза болғандарын жазып қойғанын көрдім. Бірден дайрект­ке «Қазақшасын неге көрмейсіздер?» деп жаздым. Себебі олар мульфильмнің қазақшасы шыққанын білетін. Кейін жауап бергенде түсіндім. Қазақша көрсетілім жоқ болар деп, интернеттен қарасам, толып тұр. Бармайды. Яғни мәселе өзімізде.

Аруана Серікбаева, 
«Болашақ» кор­пора­тивтік
қоры директорының орынбасары:

Мақсат – тіліміздің қанат  жаюына үлес қосу

– «Өзіңнен баста» жобасының авторы – Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек. Ол 2011 жылы басталған болатын. Басты мақсатымыз – балаларға арналған голливудтық туындыларды қазақ тілінде дубляждау арқылы тіліміздің қанатын кеңге жаюына үлес қосу, қолдану аясын кеңейту. Дубляж жай ғана аудару емес, біз қазіргі заманауи лексикондарды, жаңа сөздерді қолданамыз. Мысалы, «Супер отбасы – 2» мультфильмінде бір эпизод бар. Әкесі ең кішкентай ұлы Джек-Джекке кітап оқып отырады. Соған «Аю отыр партада,
Екі қолы қалтада,
Мұғалім сабақ сұраса,
Ұйықтап қапты, масқара» деген өлеңді қостық. Сонда біздің балақайларға жақын болады. Оларды көріп отырған бала кейіпкерлердің шынымен қазақша сөйлейтініне сенуі керек. Бұлай жалғаса берсе, 10 жылдан кейін қазақ тілінде мультфильм көру біз үшін жаңалық болмайды.
– Жоба аясында қазақшаланатын фильмдерді кім таңдайды?
– Қазақшалатын фильмдерді «Болашақ» корпоративтік қорындағы әріптестерімізбен бірге таңдаймыз. Яғни бұл – бір адамның ғана шешімі емес. Жылдың басында 10-15 фильмнің тізімін жасап, талқылаймыз, сынға саламыз. Соның ішіндегі идеологиясы халқымызға жақын, мән-мағынасы бар фильмдерді дубляждауға тырысамыз. Әрине, олар балаларға арналған туынды болуы керек. Балақайларды қазақша сөйлетуге үйрету қажет. Олар 6 жасқа дейін тілді жақсы меңгеріп алса, болашаққа үмітпен қарауға болады.
– Дубляждауға қажетті қа­ражат қайдан келеді? Ше­тел­дік туындыларды қазақша дубляждауға демеуші табу қиын емес пе?
– Дубляжға қажетті қаражатты мемлекет бөлмейді. Осы уақытқа дейін 24 фильм дубляждадық. Шілде айында шығатын «Монстрлар демалыста – 3» мультфильмімен 25 болады. Олардың әр­қайсына демеуші іздеп табамыз. Мә­селен, «Супер отбасы – 2» мен «Монстр­­лар демалыста –3» екеуінің де­меушісі – BI Group құрылыс компаниясы.
– Байқасақ, кинотеатрларда қазақша фильмдердің сеансы аз болады және көп жағдайда таңертеңнен кешке дейін ғана қойылады. Бұған не себеп деп ойлайсыздар? Неге кинотеатрлардағы көрсетілімдер көбеймей отыр?
– Біріншіден, әрбір кинотеатр жеке­меншік. Олар фильмдерді көрерменнің қызығушылығына қарай қояды. Өкі­нішке қарай, орысша дубляждалған фильмдерге сұраныс көп. Бірақ қазақ­ша көргісі келетіндер жоқ деуге болмайды. Біздің әлеуметтік желілер­дегі парақшаларымызға, корпоративтік поштаға «Қазақша көргіміз келеді, ыңғайлы уақытқа қойыңыздар» деген хаттар көп келеді. Осыған орай «Болашақ» корпоративтік қоры Пар­ламентте қаралып жатқан «Кине­матография туралы» Заңға өз атынан біраз ұсыныс берді. Оның ішінде ба­лаларға арналған фильмдер мен мультфильмдерді дубляждауға мемлекет тарапынан қаржы қарастырылуын, кинотеатрлар мен дистрибьюторлар фильмдерді қазақ тіліне өздері дубляждайтын болса, оларды 20 пайыздық мемлекеттік салықтан босатуын сұрадық. Осы екі ұсыныс заңға енгізілсе, алдағы 3-4 жыл ішінде қазіргі нарықтағы фильмдердің 60-70 пайызы қазақша ­дубляждалатыны анық.

Түйін: «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» (М.Шоқай). Білімді қайдан алады? Мектептен, отбасынан, қоршаған ортасынан, көрген кино, мультфильмдерінен. Қазіргі ата-ананың балаға бөлер уақыты азайған заманда олардың денін мультфильмдер тәрбиелеп келе жатқаны жасырын емес. Кезінде «Том мен Джерри» мультфильмін жиі көретін бір бала ағасына: «Басыңнан балғамен ұрып көрейінші, басың шелпек сияқты жалпаяды да, қайтып орнына келеді» деген еді. Осы ретте олардың нені көріп, қай тілдің менталитетін бойына сіңіріп жатқаны аса маңызды.

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *