Димаш Құдайберген Халықаралық «The Most Credible Award 2018» кинофестивалінде қадірлі қонақтардың бірі ретінде қатысады

873

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан мәдениетін Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдерге таныстыру шаралары туралы баспасөз мәслихаты болып өтті. Жиынның басты спикерлері ретінде «KOZ Production» Бас директоры, актёр Мұхаммед-Расул КӨЗДІБАЙ, «KOZ Production» директоры, актер-сценарист Бауыржан АНКАБАЕВ, кастинг директоры Әділет ҚАПАШ және «KOZ Production» компаниясының спорт және туризмді дамыту департаментінің директоры Константин МАСЛОВ қатысты.

Баспасөз мәслихатында «Жаңа Жібек жолы», «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының аясында Қазақстан мәдениетінің дамуы және «The Most Credible Award 2018» халықаралық кинофестивалінің өткізілуі жайлы мәселелер кеңінен талқыланды.

Сонымен, осы жылдың 19-20 қазаны аралығында Шанхай қаласында Ұлы ЖІбек жолы бойында орналасқан халықтардың басын біріктіретін халықаралық деңгейдегі кинофестиваль ұйымдастырылады.

«KOZ Production» өкілдерінің айтуынша, бағдарламаға 20 фильм қатысады, оның ішінде 10 кинотуынды Қазақстаннан іріктелініп алынады деп жоспарлануда. Бұл фильмдердің алтауы Қытайда және Жібек жолы бойындағы елдерде прокатқа шығу мүмкіндігіне ие болады. Кинофестиваль 124 елде трансляция жасалады. Шараның қадірлі қонақтарының бірі ретінде Қытайдың танымал өнер иелерімен қатар Димаш Құдайберген де қатысатын болады.

Гауһар Түстікбаева,

«Қазақ газеттері».




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *