«Қайрат» Чехияда «Сигмаға» қарсылық көрсете ала ма

281

Бүгін Алматының «Қайраты» сырт алаңда Чехияның «Сигма» командасымен кездеседі. Бұл — Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесуі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайрат» биыл Еуропа лигасында жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Алғашқы екі іріктеу кезеңінен іркілмей өтті. Алдымен Андорраның «Энгордань» клубын сүріндірді. Оларды сырт алаңда 3:0 , өз алаңында 7:1 есебімен ойсырата жеңді. Одан кейін Голландияның «Аз Алкмаар» клубын өз алаңында 2:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда 0:0 есебімен тең түсті. Ендігі мақсат — «Сигма» командасын жеңу. «Сигма» Еуропа құрлығында беделді клубтың қатарында саналмайды. Өз елінде де ешқашан чемпион атағына қол жеткізіп көрген жоқ екен.

«Сигма» командасының ғасырлық тарихы бар. Келер жылы команданың құрылғанына тұп-тура 100 жыл толады. Бүгінгі күнге дейін өз елінің біріншілігінде 1996 жылы 1 мәрте күміс жүлдегер атанса, 1998, 2001, 2004 жылдарда қола жүлдеге қол жеткізген. 2012 жылы Чехия кубогын төбесіне көтерсе, 2011 жылы аталмыш бәсекенің ақтық сынына дейін жетті. 2012 жылы Чехияның Суперкубогына ие болды. «Сигма» УЕФА кубогына (қазіргі Еуропа лигасы) тоғыз мәрте қатысқан. Жоғары жетістігі 1991/1992 жылғы аталмыш доп додасында ширек финалға дейін жетіп, онда Испанияның «Реал Мадрид» командасынан қос ойынның нәтижесімен 1:2 (1:1, 0:1) есебімен жеңіліп қалды. Ал 2001/2012 жылғы футбол маусымында Интертото кубогында финалға дейін жетті. Онда Италияның «Удинезе» клубынан қос ойынның нәтижесімен 4:6 (2:2, 2:4 қосымша кезеңде) жол берді. «Сигма» командасы соңғы рет еурокубок ойындарында 2009/2010 жылдарда сынға түскен еді. Сол жылы Еуропа лигасында екінші іріктеу кезеңінен бастаған жолы плей-офф кезеңіне дейін жетті. Алдымен қос ойын нәтижесімен Исландияның «Фрамын» 3:1 (2:0, 1:1) есебімен орта жолда қалдырып, Одан кейін Шотландияның «Абердинін» 8:1 (3:0, 5:1) есебімен жеңді. Плей-офф кезеңінде Англияның «Эвертонымен» жолдары түйіскен олар қос ойын нәтижесінде 1:5 (0:4, 1:1) есебімен есе жіберді. Әрине, «Сигма» клубы «Қайрат» үшін оңайға түспесі анық. Десе де алматылық команда биыл алдына жоғары мақсат қойып отырған жайы бар. Ол жайында бас бапкер Карлос Алос Феррер «Аз Алкмаармен» өткізген ойында айтып өтті.

«Қайрат» пен «Сигма» командалары арасындағы кездесу бүгін, 9 тамызда Чехияның Оломоуц қаласындағы «Андрув» стадионында өтеді. Ойын «Qazsport» телеарнасынан 22.50-де тікелей эфирде көрсетіледі.

Қос команданың жеңімпазы Испанияның «Севилья» және Литваның «Жальгирис» жұбынан үздік шыққан клубпен кездеседі. Ойындар 23 және 30 тамыз күндері өтеді.

Еуропа лигасында бұдан бұрын Павлодардың «Ертісі» мен Қостанайдың «Тобылы» ел намысын қорғады. «Ертіс» алғашқы іріктеу кезеңінен әріге бара алмай, Литваның «Тракай» командасына есе жіберді. Ал «Тобыл» бірінші іріктеу кезеңінде Грузияның «Самтредиа» клубын сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіп, оларды өз алаңында 2:0 есебімен тізе бүктірді. Олар екінші іріктеу кезеңінде Арменияның «Пюнигінен» өз алаңында 2:1 есебімен басым түсіп, сырт алаңда 0:1 есебімен жол берді. Соның салдарынан «Тобыл» жарыс жолынан шығып қалды.

Ал Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап жатқан елордалық «Астана» бірінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Черногорияның «Сутьеска» клубын 1:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда олардан 2:0 есебімен басым түсті. Екінші іріктеу кезеңінде елордада «Астана» Данияның «Мидтьюлланд» командасын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, сырт алаңда 0:0 есебімен тең ойнады. «Астана» үшінші іріктеу кезеңінде Хорватияың Загреб қаласының «Динамо» командасынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Қарымта ойын 14 тамызда Хорватияда болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *