Жастар стартап құру бойынша идеяларымен бөлісті

118

Ақмола облысында жастар ұйымдарының басшылары, кәсіпкерлер және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары, барлығы 300 адам қатысып жатқан жастар білім лагерінің жұмысы жалғасуда. Бұл туралы ҚР Қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

Шара аясында «Ашық сана мектебі» тақырыбында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев сөз сөйледі. Ол жастарды өзін-өзі жан-жақты дамытуға шақырып, ерекше ойлау арқылы өзгелерге еліктемей, өмірде өз жолдарымен жүрудің маңызды екенін айтты.

Жастар лагері «Болашақтың тарихы» бағдарламасымен жалғасты. Astana Hub IT стартаптар халықаралық технопаркінің өкілі Марат Шакен аталған технопарктің қызметін таныстырды және жастарға контент-маркетинг, корпоративтік блог бойынша шеберлік сыныбын өткізді.

«Kompra» компаниясының директоры әрі негізін қалаушы Асхат Серғазин «Айтишник емес адамға қалай айти стартап жасауға болады?» және «Аgile-дегі лидерлік» тақырыбында тренинг өткізді.

«Біз Зерендіге жастарға стартап жасауға көмектесу үшін келдік. Алайда, қазір стартаптардың барлығы идея түрінде болып отыр. Мұндағы ең басты бір қорқыныш бар. Бұл стартап көп қаржы салуды және команда іздеуді қажет етеді деген қорқыныш. Қиындықтар өте көп. Сондықтан, менің мақсатым стаптарды көп қаржысыз құруға болатынын көрсету және үйрету. Бұл қолданушыларға тиімді әрі қызықты өнім болуы тиіс », — деді Асхат Серғазин.

А. Серғазиннің айтуынша, лагерь қатысушылары стартап құруға қызығушылық білдіріп, түрлі мобильді қосымшалар жасау бойынша қызықты ұсыныстар білдірген.

Сонымен қатар, жастар жиыны барысында «Тұлға формуласы» шарасы өтті. Онда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары өздерінің жетістіктерімен, қажетті мәліметтерімен бөлісті.

Айта кетейік, республикалық жастар білім лагерінің бірінші ауысымы «Digital ұрпақ» тақырыбына арналған.




One thought on “Жастар стартап құру бойынша идеяларымен бөлісті

  1. Шаттық

    Жастарға тегін стартап жасауды үйрету — зор еңбек. Олар қолындағы телефонның көп мүмкіндігін пайдалануды үйренген абзал.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *