Латын графикасына көшірудің өзекті мәселелерін халыққа түсіндіру мақсатында ақпараттық насихат тобы құрылды

479

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жанынан қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшірудің өзекті мәселелерін халыққа түсіндіру мақсатында ақпараттық насихат тобы құрылды.

Латын әліпбиінің емле ережесін сынамаға барысында Алматы қаласы мен Алматы облыстарының тұрғындарымен осы бағыттағы кездесулер өткізіледі.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Алматы қаласында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстарын өткізді.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыс тобының жетекшісі – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, «Мемлекеттік тілді дамыту институты» ЖШС атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек сынамаға қатысушыларға қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен ғылыми негіздерін түсіндірді.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері бір неше рет көтерілген латын әліпбиіне көшу мәселесі ақыры шешімін тапты. Әліпбиі мәселесі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтеріліп, 2017 жылғы 26 қазандағы және 2018 жылғы 19 ақпандағы Жарлығымен бекітілді.

Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «…қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» — деуі қазақ елінің бұл істерге дайын екендігін білдіреді. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру ел үшін ең биік белес.

«Қай әліпби болсын сол халықтың мәдени болмысын аңғартатын айғақтардың бірі. Өйткені мәдени мұра, мәдени жәдігерлер әліпбиде сақталады, әліпби арқылы келесі ұрпаққа жетіп отырады. Қай әліпбидің болсын осындай тарихи миссиясымен бірге оның заманауи міндеттері де болады.

Әліпби жаңа кезеңдегі қазақстандық қоғам үшін ең қажетті және маңызды таңдау болмақ. Қазақстан өркениеттер тарихында мемлекеттік деңгейде өз әліпбиін өзі таңдаған бірінші ел емес. Бұл кез-келген елдің дамуы барысындаға маңызды тарихи сәті.

Елбасы осы ретте: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай­ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты», — деп, бұл әліпби қазақстандық қоғамның жаңа кезеңдегі ең қажетті таңдауы екендігін айтты.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үшін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» құрылып, білікті мамандармен қамтамасыз етілді. «Тіл-Қазынаның» бүгінгі таңдағы ең маңызды міндеті – жаңа әліпбидің емле ережелерін дайындау жұмыстарын үйлестіру. Қазір бұл ережелердің жобалық нұсқасы дайындалып, оның аробациясы Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Семей, Көкшетау, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында өтті» – деп атап өтті «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешов.

Орталық директоры сонымен қатар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпараттық насихат жұмыстарының күшейту қажеттігіне көңіл аударды.

Иә, латын графикасына көшу – өркениеттік мәселе. Ашық және глобалды әлем пайдасына таңдауымыз – қазақ тілі жаңа динамика мен дамуға, танымалдылыққа мүмкіндік, бағыт алып отыр. Бүгінде көптеген тілдер жаһандық процестер тарапынан қысым алуда. Осы орайда Қазақстанның латынға көшуі — білім саласына байланысты басқа да реформалармен тығыз байланыста. Демек, бұл жаһандану кезеңіндегі ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұлттық білім жобасы болмақ.

«Ең бастысы — ұлттық сананың трансформациялануы, өзгеруі. Елбасы дәстүр мен заманауилық арасында тепе-теңдікте тұруға тиісті қазақстандық модернизация бағдарламасын енгізудің жүйесін ұсынды. Ол тек өткенге, бұрынғыға жалтақтай бермеуге, жаңаны да қуып артынан еріп кетпеуге шақырады»-деді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ақпарттық насихат жұмыстарына қатысушылар жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытып, өз ойларын ортаға салды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *