Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешеннің өзекті мәселелері талқыланды

155

2018 жылдың 23 қыркүйек күні Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі ситуациялық орталықта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен АҚШ (USDA) Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының, АҚШ Мичиган штаты университеті (MSU), Вагенинген университеті (Нидерланды), Бүкіләлемдік даму банкі, Азиялық даму банкі, Халықаралық ғылыми орталықтар мен ұйымдар (СИММИТ, ИКАРДА), салалық ассоциациялар (Қазақстан Ет одағы, Республикалық асыл тұқымды мал палаталары, АШ өнімдерін өңдеу мекемелерінің бірлестіктері, Қазақстан картоп және көкөніс өндірушілерінің одағы, т.б.) және ҚазҰАУ ғалымдарының қатысуымен «Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешеннің өзекті мәселелері» атты Халықаралық Дөңгелек үстел өтті.

Басқосуды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Қазақ ұлттық аграрлық университеті бірлесіп ұйымдастырды. Өзекті мәселе көтерген жиынды ҚР ҰҒА вице-президенті, академик, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КЕАҚ Басқарма Төрағасы – Ректор Тілектес Есполов ашып, жүргізіп отырды. «Қазіргі уақытта ел экономикасына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында әр салада ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Өйткені нарықтың қатынастардың қатал заңдылықтарына төтеп беру үшін бәсекеге қабілеттілікті арттыру маңызды. Қазақстан аграрлы мемлекет болғандықтан, басты салмақтың ауыл шаруашылығы мамандарына түсетіні сөзсіз. Бүгінгі күні аталған салада қызмет ететін қазақстандық ғалымдар мен өнім өндірушілер шетелдік әріптестермен заман талабына сай бірлесе жұмыс істеудің нәтижелі болатының түсініп отыр», – деп атап өтті ректор өз сөзінде.

Ғылыми басқосудың негізгі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешенін инновациялық дамуға ықпал ету, ҚР агроөнеркәсіп кешеніндегі аграрлық ғылым мен білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ауыл шаруашылық өнімдердің өндірісін ұлғайту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу, ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығына білікті мамандар даярлау, халықаралық интеграциялық бағыттарды дамыту.

Дөңгелек үстелге АҚШ пен Еуропаның танымал халықаралық сарапшы-мамандары, Халықаралық ұйымдар, ҚР АӨК салалық одақтары өкілдері, ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық Хаб мамандары, аграрлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының (Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы ҒЗИ, Қазақ ҒЗ ветеринария институты, Қазақ АШ механикаландыру және электрлендіру ҒЗИ, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік шаруашылығы және карантин ҒЗИ, Қазақ картоп және көкөніс ҒЗИ, Қазақ жеміс-жидек және жүзім ҒЗИ, Қазақ АШ экономикасы және ААД ҒЗИ, т.б.) басшылары мен жетекші ғалымдары, ҚР ҰҒА академиктері, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері мен жас мамандар қатысып, ғылыми бағыттар бойынша баяндамалар жасап, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Атап айтқанда, «Жайылымдық жерлерді бағалаудың заманауи әдістері» тақырыбында АҚШ Ауылшаруашылық министрлігі, мал жайылымын зерттеу жобасының жетекшісі Марк Велтз (Mark Weltz), «Ет шаруашылығының ресурстық базасын бағалау бойынша модель» тақырыбында АҚШ Ауылшаруашылықминистрлігі, Ақпараттық технологиялар бойынша маман Джейсон Несбит (Jason Nesbit), «Ет шаруашылығын дамыту бағдарламасын қолдауда жаңа технологияларды енгізу» тақырыбында Мичиган Штаты университеті Жерді зерттеу және жаһандық өзгерістер орталығының профессоры Чи Джиагуо (Jiaguo Qi), «Әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті» тақырыбында Вагенинген (Нидерланды) Университетінің профессорлары – ректордың кеңесшісі Рональ Вогдт пен интернационалдандыру бойынша проректор Ева Вейстма сынды эксперт-ғалымдар жан-жақты баяндама жасады.

Сонымен қатар, аграрлық ғылымның бүгінгі жағдайы мен даму перспектиавалары туралы География институтының директоры Ахметхал Медеу, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының директоры Қабыл Жанбакин, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі Абдрахман Омбаев, Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ директоры Абай Сағитов, қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ директоры Абдулла Сапаров, Су проблемалары мен жер мелиорациясы ҒЗИ директоры Алексей Рау, Жеміс, көкөніс және жаңғақ шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Теміржан Айтпаев, ҚазҰАУ Ғылым департаментінің директоры Гүлшария Каирова, «Агроинновация және экология ҒЗИ директоры» Сағынбай Қалдыбаев сынды білікті ғалымдар сөз сөйлеп, агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық жаңғыртуға байланысты тиімді шешудің жолдарын ұсынды.

Жиынға қатысушылар шара соңында Қазақ ұлттық аграрлық университеті базасындағы Агротехнологиялық Хаб құрамына кіретін «Қазақстан-Жапон», «Қазақстан-Беларусь агроинженерлік», «Қазақстан-Корея», «Су», «Тұрақты егін шаруашылығы» инновациялық орталықтарымен, агроөнеркәсіптік кешенге сандық технологияларды енгізумен айналысатын «Ситуациялық орталық», «Инновациялық жылыжай», «Коллекциялық бақ», Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларымен және «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесімен, университеттің жалпы оқу-ғылыми инфрақұрылымымен танысып, университетте атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Ғылыми орталықтар жұмысымен танысу барысында шетелдік сарапшы-мамандар ҚазҰАУ ұстаз-ғалымдарымен, білім алушы жастарымен кездесті. Университет ғалымдары өз білімдерімен, жинақтаған тәжірибелерімен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының өндіріске енгізілгеннен кейінгі нәтижелерімен бөлісті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *