Жаңа кино түсірген Төреғали көрермендерінің өзін қатты сынамауын өтінді

986

14 қазан күні «Sulpak Cinema» компаниясы мен  Chaplin кинотеатрлар желісі «Ұлы дала комедиясы» фильмінің БАҚ өкілдері мен арнайы қонақтарға арналған жабық көрсетілімін ұйымдастырды. Эстрада әншісі Төреғали Төрәлі  бұл жолы өзін жаңа қырынан танытып, кинода басты рөлді сомдау арқылы актерлік шеберлігін көпшілікке паш етті.

Иә, қазақ киносы тағы бір комедиялық туындымен толықты. Өнер табалдырығын жаңа аттағанда әдемі әндерімен бірден тыңдарманын жинап үлгерген Төреғали кейін түрлі даулы оқиғаларға ілігу арқылы халық назарына жылдам ие болды. Осылайша, Қазақстанда кеңінен танымал болған әнші кино түсіріп, актер болу деген оның ертеден келе жатқан армандарының бірі екенін жеткізді. Фильмнің басы көпірден секіргелі тұрған арудан басталады. Егер Төреғалимен кездеспесе, ол өзін осындай құрбандыққа қиюға дайын. Комедияның сюжеті динамикалық тұрғыда даму арқылы көрерменін соңына дейін ұстап тұра алады. Бас кейіпкердің басынан өтіп жатқан түрлі шытырман оқиғалар фильмді бір деммен көріп шығуға негіз болады. Жеңіл әзілдерге құрылған сценарийде жаттанды диалогтар кездесіп жатқанымен, көрерменіне ой тастайтын тұстары аз емес. Мәселен, кенеттен қарапайым жігітке айналған Талғаттың  денсаулығына алаңдаған жақындары көмекке таныс психиатрды шақырады. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, құры қолға ем жүрмейтінін меңзеген психиатр Талғаттың досынан ақы тілейді. Жемқорлық қанына сіңген қоғамның бір көрінісі. Әзіл болса да, өмірдің шындығы. Айсұлудың әкесінің жас тоқалы, қалтаңда ақша болса, студияға барып ән жазу арқылы екінің бірі әншіге айналып кетіп жатқан бүгінгі қазақ шоу-бизнесі. Пәтер жалдап, айлығы шайлығына жетпей жүрген жас отбасы. Киноны түсірушілердің әу бастан көздеген мақсаты  бұл әлеуметтік мәселелерді көрсету емес екені айқын, әрине. Дегенмен, күлдіре отырып, көкейіңе ой салар дүниелер жоқ емес. Голливудтық фильмдерде жиі кездесетін бас кейіпкерлерді сыртынан бақылап, тағдырын өзгертіп жүретін сиқырлы персонаждар болады. Дәл осы образды бұнда Дәулет Бижанов ойнайды. Кейбір кейіпкерлердің образдары мен әрекеттері тым айқын болғанымен, кинода шиеленіс бар да, шешім бар. Кейінгі түсіріліп жүрген комедиялардағы той бизнес пен ауыл мен қаланы салыстыру, үйлену тақырыптарына қарағанда жаңашылдық бар. «Ұлы дала комедиясының» ең ұтымды тұсы, Төреғали кинодағы образы арқылы өмірдегі өзінің шынайы бейнесін көрсете білген. Өзінің кемшіліктерін экран арқылы суреттеп, көпшілікке көрсету арқылы мойындау да  ерлік дер едім. Мәселен, Шымкентте журналистке сұхбат беру кезінде туындаған жанжал жайлы уақытында  көптеген БАҚ өкілдері сөз еткен еді. Төреғали осы сәтті кинода ұтымды пайдаланған. Фильмнің соңында бас кейіпкер өз қателігін түсініп, өмір мектебінен сабақ алған ақылды жанға айналады.  Сол арқылы әнші өз қателіктері үшін өнерін бағалайтын халқынан кешірім сұрағандай әсер қалдырады.

ВИДЕО:

«Ұлы дала комедиясы» 18 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларынан көрсетіледі.

Гауһар Түстікбаева,

«Қазақ газеттері» ЖШС

 




One thought on “Жаңа кино түсірген Төреғали көрермендерінің өзін қатты сынамауын өтінді

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *