Астанада «Шабыт» халықаралық фестивалі өтуде

153

21-ші рет өткізіліп отырған «Шабыт» шығармашыл жастардың фестиваліне биыл 345 үміткер қатысуда.

«Шабыт» өнер саласындағы айтулы оқиға және талантты жастарға өз өнерін баршаға паш етіп, үлкен сахнаға жол ашатын бірегей алаң. 5-9 қараша аралығында өтетін өнер бәсекесінде дарынды жастар «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика» номинациялары бойынша бақ сынайды. Байқауға тек қана Астананың өзінен 163 үміткер қатысуда, одан бөлек шетелден Әзербайжан, Беларусь, Башқұртстан, Грузия, Израиль, Қырғызстан, Ресей, Украина және Өзбекстан елдерінің өкілдері бақ сынауда. Әр жылдары фестиваль гран-приі танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа, ақын Қалқаман Саринге, балет әртісі Әйгерім Бекетаеваға, опера әншісі Айгүл Ниязоваға, «Меломен» тобына, Аша Матайға, белгілі әнші әрі композитор Қайрат Баекеновке және басқа да өнер жұлдыздарына табысталған болатын. Халықаралық өнер байқауының гран-при иегерлері мен жүлделі орын алғандар ақшалай сыйлықтармен және «Шабыт» фестивалінің дипломдарымен марапатталады. Оның ішінде, гран-при  — 350 мың теңге, бірінші орын- 300 мың теңге, екінші орын — 250 мың теңге және үшінші орынға — 200 мың теңге беріледі. «Журналистика» номинациясында қазақ жазушысы, журналист Шерхан Мұртазаның құрметіне арнайы сыйлық табысталады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *