ЖАУЛЫҒЫМНЫҢ ҰШЫНА ЖҰПАР ТҮЙДІМ

653

 Қазақстанның Халық ақыны Қалыбекова Әселхан Әлішерқызының  Шымкент қаласындағы «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жаулығымның ұшына жұпар түйдім» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті.
Поэзиялық кешке Отырар ауданының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы қатысып, айтыс сүйер қауымның ыстық ықыласына бөлене жүріп қаншама жыр сүлейлерін шыңдап, айтыс додасына қанат қақтырған халық ақынының халық алдындағы поэзиялық есеп беру кешімен құттықтады.
-«Өзі де — өлең, өмірі де — өлең ерге бергісіз қайсарлық пен даналықтың иесі, қазақтың Әселханы айтыстың діңгегі берік ақберені атанса, құлындай баптаған шәкірттері пырақтай топ жарып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне де айрықша үлес қосып келеді. Қара сөзде — кие бар. Қара сөзде — жүйе бар. Ұйқаспен өрілген әрбір өлең жолында ақын ананың арқасына арқалағаны ұрпақтың ұлағаты, ұлдың ұлықты абыройы, қыздың өмірлік тәрбиесі екені бірден аңғарылады. Әлі де дарын дарабоздарын баптап, даңқын асқақтата береріңізге сенеміз. Ғұмыр жасыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын»,-деген Ерлан Қуанышұлы ақын анаға арнаған сыйлығын табыстады.
Арқалы ақынның шығармашылық кешіне
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы-драматург, тарихшы Еркінбек Тұрысов және Бекет Тұрғараев, Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалыұлы, Баян Тіленшина, Сәрсен-Бек Сахабат сынды зиялы қауым өкілдері  ақынның шабытты шығармашылығы жолындағы ел үлгі алар, келешекке танымды, тәлімді із салар істері жөнінде ой бөлісті.
Оңтүстіктен жұлдыздай жарқырай шығып, дүйім ел алдында қара сөздің қадірі мен қасиетін орамды ой, өткір де шырайлы тілмен тыңдарман жүрегіне жеткізіп, қоғамға қозғау салар сардар сөзді терген ақынның шәкірттері Маржан Есжанова,  Анар Жаппарқұлова, Дәурен Ақсақаловтар ұстаздарына жырдан шашу шашып, қазіргі таңда ұстаздан үлгі алған шәкірттер ұстазға айналып, жаңа буынның өнер жауқазындарын жайқалтуға күш салып жатқандықтарын да жеткізді.
Рухани мәнге толы мәдени  шараны қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова жүргізді.
Кеш аясында ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалып, өлеңдері оқылды.

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Суретті түсірген: Асхат Әссанди




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *