Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы гуманитарлық ғылымдарға зор миссия жүктейді

946

Елбасының  «Ұлы даланың жеті қыры» атты кезекті бағдарламалық сипаттағы мақаласы қазақ қоғамының дамуына жаңа серпіліс беріп, тарихымыздың жаңа қырларын ашуға мол мүмкіндіктер берері сөзсіз. Бұл мақаланың негізгі идеясы халқымыздың ерте замандардан бастау алатын этногенез мәселесімен ұштасып жатыр.

Ауқымды Еуразия кеңістігінде есте жоқ ерте замандарда тарихтың «тайқазанында» талай халықтар мен ұлыстар араласқан. Кейбіреуі тарих ағымында жұтылып, ұмыт болса, кейбіреулері өміршеңдігі арқасында қазіргі көптеген халықтардың құрамдас бөлігі болып қалыптасқан. Сол қиын да сұрапыл замандарды қазақ тайпаларының арғы бабалары да бастан кешіп, тарих қойнауында «жұтылмай» өз жері, өз атамекені болып, халық боп қалыптасты.

Халқымыздың тарихи жады, ұлттық коды мықты дейміз.  Байқасақ, сан ғасырлардан бастау алған ру-тайпалық жады қазақтарда ғана жойылмаған. Бұл мәдени феномендік құбылыс қазақ халқының этногенетикалық, жеті аталық жадының күштілігі, туыстық, жерге деген институционалды қатынастар арқылы айқындалады. Қазақтың ұлттық коды «атажұрт», «атамекен», «ата-балар сүйегі жатқан жер, кіндік қаны тамған жер»  деген киелі құндылықтар арқылы түсіндіріледі. Оның айғағы ата-бабамыздан қалған мұра әлемдегі тоғызыншы орында тұрған Қазақстан деген мемлекет алып жатқан ұланғайыр жер-суы, территориясы.

Президент мақаласында «…ежел­гі Рим деген қа­зіргі Ита­лия емес, бірақ италиялықтар өз­де­рінің та­рихи тамырымен мақтана ала­ды. Бұл – орын­ды мақтаныш. Сол сияқ­ты, ежелгі гот­тар мен бүгінгі неміс­тер де бір ха­лық емес, бірақ олар да Гер­манияның мол тарихи мұрасының бір бөл­шегі..» деген сөздер бар. Яғни қазақ жеріндегі ежелгі мәдениет антикалық замандардағы Эллада, Рим, Египет сынды өркениеттермен шендесе алады дегіміз келеді. Өйткені түркілердің алтын бесігі ежелгі Алтай десек, Қазақстандағы ұлы өзендер сағасы да ежелгі қазақ өркениетінің алтын бесіктері, олар Сырдария, Ертіс, көне Түркістан, Отырар, ескі Сауран, Ұлытау сынды киелі  жерлерін атай беруге болады.
Мақаладағы мына сөздер «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақ­та­рымен емес, тұтастай қалпында қа­зіргі за­манауи ғылым тұрғысынан қа­рағанда тү­сінікті болуға тиіс. Оған қа­жетті дәйек­те­ріміз де жеткілікті» қазақ этногенезіне тереңірек үңілуді, шығу тегін зерделеу қажеттігін көрсетеді.

 Осы орайда «қазақ» этнонимін, көптеген қазақ ру-тайпалық атауларды лингвистикалық тұрғыдан кешенді түрде зерттеу қажеттілігі туындар отыр. Мұндай іргелі де аса ауқымды, күрделі де жауапты іс күні бүгінге дейін тарихи-тілдік зерттеу нысаны ретінде қазақ тіл білімінде қолға алынған емес.

Қазақ халқының есте жоқ ежелгі тарихы, қазақ жерін әр дәуірде мекендеген жұрт, олардың салт-дәстүрі, тілі, жер-су атаулары жөніндегі  бай деректер біздің дәуірімізге дейінгі қытай жылнамаларында, парсы, Ресей, Еуропа архивтерінен, Ташкеннен табуға болады.

Қазақстан тарихын зерттеу арғықазақ, арғытүркі немесе дейтүркі дәуірлерден бастау алып, сол замандағы тілдік фактілер арқылы салыстырмалы, тарихи-типологиялық жолдармен дәйектелуі тиіс.

Мәселен, Қазығұрт атауының шығу тарихы, қазақ жерінде Нұх пайғамбардың кемесі қалған жер деген миф адамзат тарихында 30 мың жыл бұрын орын алған әлемдік мифологиядағы «топалаң су тасқыны» сарындарымен байланысты келеді.  Мақаланың Қазақстанның зиялы қауымы, зерттеуші ғалымдардың алдына қойған міндеттері аса ауқымды, сан-салалы, мазмұны терең гуманитарлық мақсаттар.

 Қ.Рысберген, ф.ғ.д.,  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты Ономастика бөлімінің меңгерушісі

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *