МАҚТААРАЛДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ КӨЛЕМІ 42 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

288

Мақтаарал ауданының негізгі экономикасын ауыл шаруашылығы құрайтыны белгілі. 2018 жылдың 11 айында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 42 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 32,2 млрд теңге, мал шаруашылығы 9,6 млрд теңге, ауыл шаруашылық қызметі 278 млн теңгені құрапты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.

Биыл ауыл шаруашылығына қолайлы жыл болды. Өйткені, мақтааралдық шаруалар кез келген өнім түрінен жоғары нәтижелерге қол жеткізген.

            Мақтаарал — ақ алтынның отаны. Мақтааралдық диқандар 60 926,3 гектар жерге егістік ексе, оның 38 593,2 гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша 96 511,6 тонна ақ алтын жиналып, орташа өнімділік 25 центнерді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 центнерге артық.

            Әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтаарал ауданынан шығады деседі. Бұл — Ресейлік және Еуропалық кәсіпкерлердің сөзі. Бұған дәлел маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады. Биыл мақталы өлкеде 316 366,5 тонна бақша өнімдері өндірілді. Сондай-ақ, мақтааралдықтар күріш өсіруді де шебер меңгерген. Биыл 9 104,4 тонна күріш қамбаға жиналды.

            Ауданда ұзындығы 1140,2 км-ді құрайтын 532 канал, ұзындығы 840,7 км-ді құрайтын 288 су қашыртқысы жұмыс істейді. Сондай-ақ, жалпы саны 339 тік дренажды ұңғымалар бар.

            Мақтаарал ауданында егістік жерлердің құнарлығын арттыру үшін 40 мың гектар жер ПУИИД-2 бағдарламасына енген. Жобаның бірінші кезеңі бойынша Еңбекші және Жаңажол ауылдық округіне қарасты 8 мың гектар жерде тік дренажды ұңғымаларды салу, коллекторлық жүйелер мен каналдарды тазалау жұмыстары басталғалы тұр. Ол үшін мердігер анықталып, құрылыстың басталуы үшін дайындық жұмыстары жасалуда. Сондай-ақ, жобаның екінші кезеңі Иіржар мен Жамбыл ауылдық округтерінің 16 мың гектарын қамтыса, үшінші кезең бойынша Атакент кенті, Мақтаарал және А.Қалыбеков ауылдық округтерінің 15 мың гектардан астам егістік алқабы жер асты суларынан арылып, тұзданудан сақталатын болады.

            Жалпы ПУИИД-2 бағдарламасы бойынша жоғарыда аталған 40 мың гектар жерге РБ (70%) және Дүниежүзілік даму банкі (30%) арқылы I кезеңге 10 млрд теңге, ІІ кезеңге 22 млрд теңге қаржы қарастырылып, мердігерлер анықталды. Ал, ІІІ кезең бойынша конкурс жарияланып, жеңімпаздар анықталу үстінде. Жоба бойынша 220 канал, 208 су қашыртқылары, 149 тік дренажды ұңғымалар жөнделетін болады.

            Мақтаарал ауданында жайылым жер тапшы. Сондықтан, мұнда малды көбейткеннен көрі бордақылаған өте тиімді. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру үшін бірнеше мамандар мен фермерлерді Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылына тәжірибе алмасуға 2 рет және Қазығұрт ауданына 1 рет жіберілді. Сондай-ақ, тұрғындарды осы кәсіпке баулу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізілген. Соның арқасында биыл Мақтаарал ауданында 129 мал бордақылау алаңдары құрылған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *