Елжанды жастар – елінің намысы

483

Елбасы кітапханасында Мемлекет басшысы жариялаған Жастар жылына арналған жас көшбасшылардың «Елжанды жастар – елінің намысы» кездесу кеші өтті. ТЕD форматындағы кездесуге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» салтанатты жиынының қатысушылары мен жалынды да жігерлі жастар қатысты. Бұл туралы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ Баспасөз қызметі хабарлайды.

Спикерлердің барлығы да өмірі өнегелі өрелі жастар. Олар «KazSeed» компаниясы бас директоры Алмас Татишев, «Kusto Group» агродивизионның басқарушы директоры Ернұр Айдаркин, «Астана жастары» ресурстық орталығы еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова, «Business School Q4» мектебінің негізін қалаушы Каумен Досан, «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев, Назарбаев Университетіне қарасты Инженерия мектебінің ғылыми қызметкері Жазира Беркінова. Іс-шараның тыңдаушылары – елордалық университеттер мен колледждер студенттері.

Іс-шара басында Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Мұратбекұлы жиналғандарды Мемлекет басшысы жариялаған жастар жылының басталуымен құттықтады:

Жастар жылы еліміздегі жастар саясатына қатысты ауқымды іс-шараның бастауы болмақ. Осы атаулы жылда Қазақстанда жастардың түрлі бастамасын қолдауға, олардың жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік лифтілерін үстемелеуге, кәсіби әлеуетін көтеруге, волонтерлық қозғалысты, салауатты өмір салтын дамытуға арналған іс-шараның түр-түрі көзделіп отыр. Бүгінгі іс-шара да пайдалы пікірлер мен ұсынымдарды алмасуға оңтайлы алаңға айналады деп сенемін.

Жастар жылының ашылуында Елбасына өз жобасын таныстырған жас азаматтың бірі, «KazSeed» бас директоры Алмас Татишев. Кітапханадағы жастар алдында ол мемлекет басшысына таныстырған жобасы туралы айтып берді:

– Біз қазірде мал шаруашылығымен айналысып жатырмыз. Ауылшаруашылығы саласында біз екі жаңа компания құрмақшымыз. Олардың екеуі де бірлескен кәсіпорын болады. Одан бөлек, біз еліміздің бес облысында үлкен бес гипермаркет салуды көздеп отырмыз. Әр гипермаркет 1,5 шаршы метрден 2 мың шаршы метрге дейін жетпек. Бұл жәй гипермаркет емес. Ол сауда орнында малға қежеттінің бәрі болады: вакцина, дәрі-дәрмек, жемге дейін. Біздің табыс формуламыз қарапайым. Таңертең ерте тұрып, аянбай еңбек ету.

Жастар жылының ашылуында Елбасыға таныстырылған жобалар арасында «Kusto Group» агродивизионының өнімдері болды. Осы компанияның жобасы туралы және жастарды ірі жобалармен айналысуға жетелейтін қасиеттер туралы компанияның басқарушы директоры Ернұр Айдаркин айтып берді:

Қазір роботтар заманында ешкімге «көк жағалылар» керек емес. Меніңше, орта білім беру мінезді қалыптастырып, рухыңды жанып, миыңды шынықтыру керек. Сол кезде ғана біз өз жолын табатын жастарды қалыптастыра аламыз. Мінезі өте төзімді адамның ешқайсы да жоғалып кетпейді. Есептерді жаттап алып, теориялық тапсырмаларды орындаумен шектелетін жаттағыштарға қарағанда, жастарға қайсар мінез бен креативті сана керек.

Былтыр «Жас сарбаз» әскери-патриоттық республикалық қозғалыс елімізде алғаш құрылған болатын. Оны құру туралы Тұңғыш Президент күніне орай былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінің кездесуінде мәлім еткен болатын. Қазірге дейін еліміздің барша өңірінде қозғалыс филиалдары ашылды. Жастар жылының ашылуында қозғалыстың төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы баяндаған болатын. Елбасы кітапханасында ол осы ұйымның жұмысы туралы әңгімеледі:

Әскери институтты бітіріп, бірден осы жұмысқа кірісіп кеттім. «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы етіп, тағайындалдым. Біздің республикалық қозғалыс мемлекет басшысының тікелей қолдауымен құрылғаны белгілі. Қозғалыстың жұмысы туралы және оған қалай мүше болуға болатыны туралы бүгін жан-жақты айтып бердім. Әскери-патриоттық тәрбинің мақсаты — азаматтарға патриоттық парыздың терең түсінігін және Отан қорғауға әзірлігін қалыптастырады.

Мемлекет басшысы жастар жылының ашылу салтанатында елімізде еріктілер қозғалысын қолдаудың маңызы туралы айтқан болатын. Нақты айтқанда, университеттерде түрлі шарада еріктілік белсенділігімен танылған студент-жастардың еңбектері еленіп, олардың шәкіртақысына 30 пайыз үстеме қосып беруді Үкіметке тапсырма берді. «Астана жастары» ресурстық орталығы еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің басшысы Эльвира Есмұханова осы бастаманың маңызы туралы айтып берді:

Еріктілер қозғалысымен өзбасым айналысып жүргеніме бес жыл болды. Бұл менің өмірлік миссияма айналып келе жатыр. Азаматтық қоғамның басты критерийінің бірі – сол мемлекеттегі волонтерлық қозғалыстың дамуы дер едім. Өйткені, волонтерлық өз еліне, жеріне, қоғамға жанашырлық сезімін қалыптастырады. Қазіргі басты мәселе, жастар мен билік органдары арасында еріктілік тұрғысында дәнекерлік орнату маңызды мәселе болып отыр. Осындай мінберлер арқылы мәселе көтеру арқылы оны шешуге бір қадам жақындай түсеміз. Жастарды еріктілікке тартқан сайын елжанды азаматтарды тәрбиелеу міндетіміз.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Q4 Business School» негізін қалаушы Каумен Досан жастардың өмірінде кәсіпкерліктің алар орны туралы жан-жақты айтып берді:

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында жастар арасында кәсіпкерлікті ынталандыру туралы айтқаны бізді қанаттандырды. Мемлекет басшысы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының оң тәжірибесі туралы айтып, «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеуді тапсырғаны әсіресе қуантты. Өйткені, жастар арасында бүгінде бизнес культы қалыптасып келе жатыр. Бірақ жастар арасында әлі де кәсіпкерліктің түп маңызын түсінбейтіндер аз. Олар көбінесе бизнесті тек сән үшін деп қарадүрсін көреді. Жас өрен кәсіпкерліктің өміріндегі алар орнын алдымен ұғынып алу керек. Сол туралы осындай TED форматындағы форумдарда жиі айтып жүрмін. Мен басшылық ететін мектепте жастарға кәсіпкерлік негіздерін үйретеміз.

Назарбаев Университетіне қарасты Инженерия мектебінің ғылыми қызметкері Жазира Беркінова жаңартылған қуат көздерін сақтау жолында ізденіп жүр. Яғни, литий-ионды аккумулятор жасап шығармақ мақсаты асқақ. Жас маманның бұл жобасына Аустрия, Жапония елдері қызығушылығы зор, әрі олар қаржылық қолдау көрсетуге келіскен:

Елбасы кітапханасындағы TED конференциясында мен жастардың рухын көтеріп, шабытын үстегім келеді. Кеңес Одағы тұсында «химия, химия, қонбайды менің миыма деген қалжың қағытпа болатын. Бұл стереотиптен жастар арылуы керек, арылып та жатыр. Бүгінгі жиында мен осы туралы және мақсат қоюдың маңыздылығын, соның жолында аянбай жұмыс істеуге үндемекпін. Мақсатқа жету жолында қателік жасаудан қорықпау керек. Өйткені, қателік – әрдайым тәжірибе.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *