Ерлігі ерен Оспан батыр

4323

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

ҚР Ұлттық кітапханасында қазақ тарихын­дағы Ұлт азаттығы көтерілісінің белді басшы­ларының бірі – Оспан батыр Сілəмұлының (1899 – 1951) туғанына 120 жыл толуына арнал­ған баспасөз конференциясы өтті. Жиынға Қабдеш Жұмәділов, Жәркен Бөдеш, Зиябек Қабылдинов, Жәди Шәкенұлы, Жүрсін Ерман, Темірхан Тебегенов, Мұрат Шаймаран сияқты қазақтың зиялы қауым өкілдері, ақын, жазушылар мен ғалымдар қатысып, баяндама жасады.

Баспасөз жиынын Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов бастап ашты. Ал шараны ұйымдастырушы «Ер Жәнібек қорының» төрағасы Жеңіс Түркия Оспан батырдың 120 жылдығын кең көлемде атап өтуге бағытталған іс-шаралар жоспарымен ресми танысты­рып өтті. Конференциядан бастау алған шара сәуір айынан бастап жас ақындар арасында мүшәйра, БАҚ өкілдері арасындағы байқау, Қазақ күресінен республикалық турнир, ақындар айтысы, студент жастармен кездесу, Шығыс Қазақстан облысында ас беру, батырдың атында мешіт ашу сияқты игі істермен жалғасын таппақ. Сондай-ақ Түркия, Моңғолия, Ресей, Франция және Германия елдерінде де түрлі шаралар ұйымдастырылып, мерейтой халықаралық деңгейде аталып өтіледі.
«Оспан батыр туралы ұғым бірте-бірте ұлғайып, кеңейіп келе жатыр. Сонымен қатар «Оспан кімнің батыры?» деген сауал да кең тарады. Оспанды басқалардан қызғанып, бір ауылдың, бір рудың батыры ретінде шығарғысы келгендер де болды. Оның өзі үлкен қателік екенін олар кейінірек түсінген болуы керек. Оспанды бір ауылдың батыры ету, оны үлкейту емес, кішірейту болып шығады. Оспан – иісі қазақтың батыры. Оспан – түркі дүниесіндегі ең ұлы қайраткерлердің бірі. Жалпы, Қазақстанда ұлт-азаттық күресі, идеясы — 1932 жылғы аштықтан кейін, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін, ату мен асудан кейін тоқырады. Содан кейін, бас көтеретін бірде-бір партия, не ұйым болған жоқ. Ал сол кезде ұлт-азаттық күресінің және ұлттық идеяның эпицентрі Қазақстаннан Шыңжаңға ауды. Идея өлген жоқ, Шыңжаңға қоныс аударды деуге болады. Оның әртүрлі себебі бар. Бірінші, 1930 жылдары қуғын-сүргін көрген алаш қайраткерлері Шыңжаңға барып, паналады. Алтай, Тарбағатай, Құлжа сынды үш аймаққа барды. Сабақ берді. Қолдарына бір-бір шам ұстап барған алаш қайраткерлері, сол жақтың санасының оянуына түрткі болды. Екінші, ол жақтың тез қозғалып кетуіне рақымсыздық, батырларды, бас көтеретін адамдарды түрмеге қамап, тұншықтырып өлтіруі, халыққа сенбей, қаруды жинап алуы секілді іс-әрекеттер себеп болды. Алдыңғы толқын шейіт болып кетті, алдауға түсті. Алдауды, қырғынды көріп отырған халықта екінші толқын көтірілді. Оспан сол екінші толқынның басшысы болды. Алтайдағы ұлт-азаттық көтерілістің көсеміне айналды» деді конференцияда сөз алған Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов.
Ал Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, с.ғ.д., профессор Сайын Борбасовтың айтуынша, батырдың 120 жылдығына орай «Ер-Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының тапсырамасымен Ш.Уалиханов атындағы тарих және этнология институты батыр туралы бір монография дайындап жатыр. «Біздің мақсат – батыр туралы архив деректерін Мәскеуден, Тайландтан және еліміздегі қауіпсіздік органдарынан алып, ғылыми айналымға енгізу. Оспан батыр барлық ұлт-азаттық көтерілістер тоқтаған соң, 1940 жылдары ұлт-азаттық қозғалысты жаңа деңгейге көтерді. Сондықтан біз Ұлы даланың ұлы есімдерінің қатарына Оспан батырдың есімін енгізуді ұсындық» деді ол.
Айтулы шараға батырдың неме­ресі Өркен Нәбиұлы да қатысып, ұйым­дас­ты­рушыларға алғысын білдірді.
Айта кетейік, Оспан батыр Сіләмұлының 120 жылдық мерейтойына орай өткізілетін шараларға «Ер Жәнібек» қорымен бірге «Отандастар» қоры, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Көкшетау және ШҚО әкімдігі, өзге де БАҚ өкілдері мен қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетпек.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *