«Аманат» концерт-спектаклінің тұсауы кесілді

545

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында ұжымның Құрманғазы оркестрімен бірлескен жобасы – «Аманат» концерт-спектаклінің тұсауы кесілді. Жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған.

 

«Аманат» – біздің бірлеске жобамыз. Себебі театр мен оркестрдің жолы бөлек болғанымен, бәріміздің илегеніміз – бір терінің пұшпағы. Өнер ортақ. Бірақ біздің жасап отырған жобамыз – бұрын-соңды елімізде болмаған қойылым. Басты мақсатымыз – актерлердің жан-жақты екенін, кез келген жанрда өнер көрсете алатынын көрсету. Ал оркестр танымал шығармаларды тыңдатып қана қоймай, музыка арқылы қазақ халқының тағдырына үңілуге мүмкіндік бермек» деді Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды. А.Сатыбалдының айтуынша, аталған жоба – екі ұжым ынтымақтастығының бастауы. Болашақта басқа қалаларда да қою ойда бар. «Ал әзірге көрерменнің құлақ құрышын қандырып, көз қуанышына айналады деп ойлаймын» деді ол.

Ал Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов концерт-спектакльде Қорқыттан – Құрманғазыға, Махамбеттен – Абайға, Шәмшіден қазіргі компазиторларға дейінгі шығармалар қамтылғанын айтты. «Жобаның ауқымы кең. Болашақта әртүрлі тақырыптарды қозғауды жоспарлап отырмыз» дей келе Н.Дәуешов театр ұжымына алғысын білдірді.

Айта кетейік, ерекше бағдарламалы концерт-спектакльдің дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы оркестрінің бас дирижері – Абылай Тлепберген. Қоюшы режиссер, актер – Данияр Базарқұлов. Сценарий авторы – ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жастар сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы – Ақзия Көлбаева.

Өз кезегінде Д.Базарқұлов тың жобаға түрен салып, режиссерлік ету күрделі болғанын айтады. Ал дирижер  А.Тлепберген болса, бұрын Құрманғазы, Нұрғисалардың күйін тыңдап жүрген көрермен енді осы қойылым-спектакльдің арқасында күйшілердің образын көзімен көріп, тұлғаларды жаңа қырынан танитынын айтты.

Әсел САРҚЫТ

Суреттерді түсірген: Құсайын АЗАМАТ 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *